Шіліңгір шілденің күні көкжиектен шақырайып, еңбекқор адамдардың желке тұсынан шыжғырып, жан-жануарлардың аптаптан, ыстықтан паналайтын көлеңке іздеп жүрген кезі. Жаздың шырайлана түсіп, табиғат ананың жылдың осы бір мезгілінде ғана шартарапқа шапағатын мол шашатын тұсы. Табиғаттың осындай жылы шырайы жан жадыратады. Осындай табиғат құбылысымен таласа Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласында Мырзакаевтардың ырысты шаңырағында ананың көзін көріп, тон пішер балдай тәтті нәресте дүниеге келді. Жаратқанның сансыз шеберлігімен жақындарының жүзіне қуаныш ұялата жарық дүниенің есігін ашқан Аружан есімді сәби болатын.
2010 жылы 2 шілдеде құтты шаңырақтың бақытын еселей келген, қырмызы гүлдей құлпырған қызғалдақ қыз – бүгінде бағындырар асуы биік талапкер. Оқудың бал бұлағынан сусындап, шыңырау түбіне жетіп, бір жерге тұнып қалған інжу-маржандарын теруге ынталанған шәкірт. Ерке назды, оқушылық келбетімен ұстаздарының мақтан тұтарлық шәкіртіне айналып үлгерген Аружан – саф алтындай таза көңілді, асылзат әжесі мен мейірімді анасының тәрбиелі перзенті. Мінезі сабырлы, әр істі байыппен бағдарлап, отбасына келгенде, үлкен жауапкершілікті сезінетін отбасының мәуелі бәйтерегі, ақ жаулығы желбіреген, жүрегі елжіреген әжесі Нұрсұлу – Аружанның ақ тілеулі қамқоршысы. «Қарты бар үйдің қазынасы бар» дегендей, асыл әжесі немересіне мақал-мәтелдер мен жұмбақ-жаңылтпаштарды үйретіп, халықтық педагогика негізінде тәлімді тәрбие беріп келеді. Жаны жайсаң, жүрегі дархан, жылуы мен шапағаты мол аяулы анасы Бақтагүл – перзентінің бақыты үшін бәріне дайын жан. Анасы қызының бойына кішкентай кезінен бастап рухани құндылықтарды сіңіріп келеді.
Отбасындағы тәрбиені «Балдаурен» балабақшасында жалғастырған зерек, алғыр балақай балабақша қабырғасында жүріп, мерекелік іс-шараларда ән салып, би билеп, өзгелерден өнерімен ерекшеленді. 8 Наурыз аналар мерекесіне арналған «Балдырған» тобының қыздары арасындағы «Қыз еркем, анасымен көркем» атты мерекелік сайысқа қатысып, Бас Жүлде иемденіп, мерейі үстем болды.
«Әдеп пен адамгершілік ана тіліңнен нәр алады» деген ұстанымдағы өрелі өрен 2015 жылы Орал қаласындағы №43 орта мектептің табалдырығын аттап, 2015-2016 оқу жылында мектепке дейінгі даярлық тобында тәрбиеленді. 2016 жылы 1-сыныптың шәкірті атанып, білім әлемінің есігін ашты.
Көрінген тауға тілімен емес, білімімен жүгіретін Қазақстанның болашағы қазіргі кезде беделді білім ордасының 4 «А» сыныбында білім баспалдақтарымен біртіндеп көтерілуде. Оқу-білімге ерекше ықыласты қыз 1-3 сыныптарды өте жақсы оқығаны үшін Мақтау қағаздарымен бітіріп, үздік оқушылардың қатарына енді.
Аружанның сынып жетекшісі Жалғасова Армангүл Жалғасқызы білімсүйгіш шәкірті туралы жылы лебізін білдірді: «Аружан көпшіліктің алдында өзін сенімді ұстайды. Мінезі ашық, көпшіл, өзгелермен тез тіл табысады. 1-сыныптан бері сыныптың көшбасшылық қызметін атқарып келеді.Мектепте ұйымдастырылатын сыныптан тыс іс-шараларға өте белсенді қатысады. Қатысқан шараларынан үнемі жүлделі орындарға ие болып келеді. Үздік оқушы Аружан үлгілі отбасында тәрбиеленуде. Сыныптастарының алды, мектеп мақтанышы. Қатар құрбыларымен үнемі жақсы қарым-қатынаста. Пән мұғалімдері үнемі Аружанның үлгеріміне жоғары баға беріп отырады. Дарынды шәкірт Аружан мектепішілік, қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық сайыстар мен байқаулардың,олимпиадалардың жүлдегері болып жүргені қуантады. Келешекте үлкен жетістіктерге жетіп, бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізетіні анық».
2016-2017 оқу жылы Халықаралық «Қолдан жасалған ойыншықтар» конкурсынан III орын иемденіп, шеберлік танытты. 2017 жылы білімпаз шәкірт менталды арифметиканың І деңгейінен өткендігі туралы Сертификат иегері. Осы жылы менталды арифметика бойынша ІІ облыстық олимпиададан Сертификат иемденді. 2-сыныпта Бүкілқазақстандық орыс тілі пәні олимпиадасына қатысқан Аружан І дәрежелі Диплом иемденіп, жетістіктің даңғыл жолына шықты.
Мақтадай жұмсақ, сүттей ақ, кіршіксіз ниетті Аружан 2018 жылы «Дарынды бала» Халықаралық жас таланттылар байқауына қатысып, аналардың елеулі еңбегін шығармашылықпен ұштастырып, ерекше даралығымен «Ең үздік ашық хат» номинациясын иемденіп, ІІ орын мен Диплом иегері атанды. 2018 жылы «Таланты Казахстана» атты конкурстың І дәрежелі Дипломымен марапатталды.
«Мен – елімнің ертеңіне сенетін қыранымын!» дейтін ізденімпаз өрен жоғары зияткерлік дағдысы мен шығармашылық табыстары үшін Мадақтамамен марапатталып, мәртебесі үстем болды. Сонымен қатар қосымша білім алып, үнемі ізденіс үстінде жүретін мақсатшыл шәкірт Аружан «ПОНИ» Халықаралық балалар конкурсына қатысып, «Art Dance» студиясында классикалық биден «Хореография» бойынша бағдарламаны игеріп, Сертификат иегері атанды. 2018-2019 оқу жылы мектепішілік қазақ тілі олимпиадасында І орын алды. Мектепішілік олимпиададан озып шығып, қалалық қазақ тілі олимпиадасына жолдама алды. Мектепішілік жыл сайын ұйымдастырылатын «Ана тілін құрметтейік» атты тіл мерекесіне арналған шаралардың үздіксіз, тұрақты қатысушысы.
«Өнерлі өрге жүзеді» дегендей, Хореография өнерінің «Наурыз Думан» облыстық Ашық фестиваліне қатысып, 6-8 жас аралығында балалар биі номинациясы бойынша жүлделі ІІІ орын алып, жүлдегерлер қатарынан табылды. Білімнің пайдасын жақсы білетін Мырзакаева Аружан «Пән негіздерін меңгерудегі жетістігі мен ғылыми ізденіс бағытындағы ерекше табысы үшін Мадақтамамен марапатталды. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын жас талант Аружан 2019-2020 оқу жылында Хореография бойынша үздік жетістіктері үшін Құрмет грамотасына лайық деп табылды.
«SAMURYQ» өнер-білім орталығының ұйымдастыруымен өткен Республикалық пәндік олимпиадаға қазақ тілі пәні бойынша қатысып, І дәрежелі Дипломмен, математика пәні бойынша ІІ дәрежелі Дипломмен марапатталды.
Бос уақытында музыка тыңдап, би билегенді, ән салуды, табиғат аясында демалуды ұнататын Аружан круизбен Европаның Италия, Испания, Франция мемлекеттерін аралап шықты. Әлемде танылу үшін, ҚАЗАҚСТАН деген елден екенімізді таныту үшін көп тіл білсек те артық етпейтіні анық. Қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде қастерлейміз, біле жүреміз. Орыс тілін қатынас тілі ретінде қолданамыз, есте сақтаймыз. Ағылшын тілін әлемдік аренаға ену үшін енгіземіз, үйренеміз. Көп тіл білу – заман талабы. Тіл үйренуге бейімді Аружанның ағылшын тілін жетік білуі круиздік сапарда пайдаға асқаны туралы айта кетсек дейміз. Анасының айтуынша круиздік саяхатқа шығар кезде Оралдан шыққан бір топ серіктестері Аружанды ертуге қарсылық білдірген екен. Жолсапарда тіл білудің маңыздылығы арта түседі емес пе?! Жүрген жерлерінің барлығында Аружан ағылшын тілінде еркін сөйлеп, қасындағы жолсеріктерінің аудармашысы қызметін атқарады. Зерек қыздың арқасында жолда өзге тілді түсінуден қиыншылық туындаған жоқ. Сапар аяқталғанда, бірге барғандардың барлығы Аружанға алғысын жаудырып, ізгі ниеттерімен баталарын беріп тарасты. Аружанның анасының да мерейі үстем болып, бойын қызына деген мақтаныш сезімі кернеп, жолдан шаршап келгендігін де ұмытып кеткені рас. Бұл – сапар Аружанның да есінде ұзақ сақталатыны анық.
Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік Аружан оқуын ойдағыдай бітіріп, Ұлыбритания мемлекетіндегі Оксфорд университетін тәмамдап, Парламентте отырып, халыққа қызмет етуді мақсат еткен.
Әлемдегі небір шедеврлер, ғажайып дүниелер адам санасының қиялынан, бір үзік тәтті ой-өрісінен туған. Армандау адамға алға адымдауға шабыт берсе, нақты мақсат жетістікке жетер жолда серік һәм тұсбағары болмақ.
Балалық кезеңнен әрбір дүниеге қызығушылығы зор Мырзакаева Аружан – қатарының алды ғана емес, елінің ертеңі.