Әбіш Балауса

Рейтинг:

      Ағысы қатты өзен. Толқыны тулаған Ертістің жағасы. Көк сағымы көзді арбап, жастың да, кәрінің де шығармашылық шабытын оятатын осынау қарағайлы, орманды, қоңыр салқын ауасы жанға жайлы өлкеде туған талдырмаш қазақтың қаракөзі Әбіш Балауса Мұратқызы өмірін өлеңмен өрнектеген ақын  апаларының жолын қууға ниетті. 
      «Жанам» деген жүрекке жылу беретін ұстаздарының қолдауымен жыр шумақтарын бір арнада өретін ақын қыздың жүрекжарды өлеңдері республикалық, облыстық ауқымда тарайтын басылымдарға, жыр жинақтарына шығып жүр.
      Екібастұз қаласының төл тумасы туған жерінің астында жатқан қаншама байлықты игерудегі ел әлеуетіне таңданады. Кіндік қаны тамған мекеннің от ауызды, орақ тілді шешендеріндей сөздік қорын дамытуда талаптанып жүрген Балауса балғын жанарымен талай әсемдікті сөзге тізеді. 
      Айналасындағы  көптің назарына іліге бермейтін көрікті табиғат көрінісін көре қалса болды, қолына қалам алып, қойын дәптерін ашады. Көкейде ұялаған тармақтарды тез-тез қағазға түсіргенше асығады.       Абай ақын жырына арқау еткен «Жазғытұры қалмайды қыстың сызы» деп суреттейтін көктемнің салқын желі кетіп, жаз маусымы басталар шақта, яғни, 26 мамырда 2004 жылы  дүниеге келді. 
      «Жас дарын» үйірмесіне қатысып, шығармалары мектепішілік «Жалын» газетіне шығып жүрген  жас дарынның  республикалық жас ақындар мүшәйрасынан да алған марапаттары орасан. 
      Заңғар жазушы Ғабиден Мұстафиннің туған күні қарсаңында ұлттық және шетелдік әдебиеттің көрнекті тұлғаларының шығармашылығын жас буын арасында насихаттау, оларды көркем шығарма оқуға тарту мақсатында ұйымдастырылған «Алтын ұрпақ тынысы» атты республикалық шығармашылық мәнерлеп оқу байқауында сертификат және ІІ дәрежелі диплом иегері сюжеттік желіге құрылған поэмаларды жатқа айтқанды ұнатады. 
      «Сүйікті ісім – мазмұнды поэмаларды жаттау және үлкен сахналарға шығып жүлделі орындарды алу. Ол – менің басты мақсатым. Сонымен қатар бимен де айналысамын. Би додаларында бірыңғай І орындарды еншілеп жүрмін. Поэзия әлемі мен билеу өнері – менің қос қанатым. Екеуін де тең көремін», – дейді  талантты ұшталған Балауса Мұратқызы. 
      Отбасындағы үш қыздың үлкені Балаусаның әкесі Альпиев Мұрат Әбішұлы мен анасы Масақбаева Толқын Серікқызы – перзент тәрбиесіне зор көңіл бөлетін жарасымды жұп. Әжесінің даналыққа толы тәрбиесін де қатар алып жүрген арудың асыл әжесіне деген құрметі өзгеше. Самайын ақ қырау шалған әжесін немересі айдың жарығы мен күннің нұрына балайды. 
      Сенде өмір сүру – 
      Бәрінің де арманы.
      Әне ұшып жүр бақыт құсы,
      Бәйтерекке самғады,
– дейтін өлең жолдарының авторы Балаусаның жырларынан да тазалық пен нәзіктік, көңілінің пәктігі айқын сезіліп тұрады. Өйткені, ол – арманы таңғы шықтай мөлдір балғын жеткіншек. 
      №25 қазақ қыздар гимназиясының 8 «Б» сыныбында оқитын үлгілі оқушы зияткерлік бағыттағы сайыстардан да марапат алып үлгерді. 2017 жылы география пәнінен өткен Ұлттық Интернет Олимпиадасының І дәрежелі жеңімпазы атанды. Отбасының, мектеп ұжымының абыройын асқақта түскен озат шәкіртке үлкендердің тілеуі ақша қардай тап-таза. 
      Жүрегі жырға бейім Балауса Мұратқызына мұратына жету қиын емес. Бастысы – кедергіге төтеп берер күші, қиындыққа мұқалмас рухы төмендемесін!
 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости