Кенжәлиева Ақжүніс

Рейтинг:

«АТА-АНАМА, ҰСТАЗДАРЫМА ДЕГЕН АЛҒЫСЫМ ШЕКСІЗ»

       Қазіргі кезде әрбір ата-ана баласының кез-келген деңгейде бәсекеге қабілетті, білімді азамат болып өсуіне кішкентайынан жан-жақты білім алуына және дамуына ерекше көңіл аударады. 
      Қазақ халқы: «Қыз баланың қадір-қасиеті мен қылығы – ұлттың ұлылығын танытады» деп, халықтық болмыспен астастырған. Сондықтан да, қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, сол тәрбиені қалыптастырудың жолына барлық игі жақсылықты топтастырған. 
      «Қызды тәрбиелегенің – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген ата-бабамыздың ұстанымын қолдайтын отбасында 2008 жылы 27 қарашада Қызылорда облысы, Шиелі ауданында дүниеге келген сүйкімді сәбиге «Ақжүніс» есімі беріледі.
      «Қыз өссе елдің көркі, Гүл өссе жердің көркі» деген, жас құрақтай желкілдеп өсіп келе жатқан қыздарымыз елдің көркі ғана емес, ұлт құндылығын бойына сіңірген ұлтжанды, елжанды, отансүйгіш болып бойжетіп келеді. Сондай оқушылардың бірі, сырт келбетімен ғана емес, жақсы үлгерімімен, өнерімен өзге құрбыларына үлгі болып жүрген қарақат көз қыздардың бірі – Ақжүніс Жәнібекқызы.
      «Барлық қол жеткізген жетістіктерім, марапаттарым үшін ата-анама, ұстаздарыма ризамын. Әсіресе, әрдайым жанымда жүрген анама алғысым шексіз. Асыл анам маған дұрыс бағыт-бағдар береді. Жақын жандарым үнемі мені жеңіске жетуім үшін жігерлендіреді. Сабағымды жақсы оқып, сапалы білім алып, көп білетіндердің қатарында болғым келеді. Меніңше, перзенттің ең үлкен парызы – ата-анасының ризашылығын алу. Әкем мен анам менің білім деңгейіме, тәртібіме риза. Қос бәйтерегімнің сенімінен шығып, үкілеген үмітін ақтау – басты мақсатым. Өзімді «бақытты ұрпақ» санаймын», – дейді ақылына ажары сай Ақжүніс ару.
      Түрлі деңгейдегі пән сайыстарына қатысып жеңімпаз атанып қана қоймай, қоғамдық-мәдени шаралардың да бел ортасында жүретін мектеп мақтанышының осы уақытқа дейін жеткен жетістіктері мен алған асулары жетерлік. 
      Бос уақытында шетел тіліндегі фильмдерді қарап, өзге тілді жете түсініп, ағылшын тілін үйренуге жұмыс істейді. Түрлі деңгейдегі энциклопедияларды оқиды. Болашақта білім ошағын Алтын белгімен тәмамдап, жоғары оқу орнына түсіп, өз ісінің білікті маманы болуды мақсат еткен жастың келешегінен дүйім ел зор үміт күтеді.
      Салауатты өмір салтын ұстанатын мақсатшыл өрен спортқа да жақын. Ол дене сымбатын сақтау үшін жүзумен және теннис спортымен айналысып, үзбей жаттығады.
      «Талап қыл да еңбек ет» деген ұстаным жетегінде ержетіп келеді. Бос уақытында үй шаруасымен айналысады. Ата-анасына көмектеседі. Уақытын ұтымды пайдаланады. 
      Көркем әдеби кітап оқып, ғаламтор беттерінен ұлы адамдардың өмірі туралы қызықты мәліметтер жинайды.
      «Мектепте оқу керек, ал мектептен шыққан соң, онан да көп оқу керек» деген Дмитрий Писаревтің сөзін өмірлік ұстанымына айналдырған білімқұмар Ақжүніс Жәнібекқызы Ы.Жақаев атындағы №244 орта мектебінің оқу үздігі, 5 «А» сыныбының мақтанышы, белсенді оқушы.
 
 «Үйренгенімнен үйренерім көп» дейтін қабілетті қыз Ақжүністің жетістіктері:
      «Өнерлі өрен мектепішілік «Өзін-өзі тану, махаббат пен шығармашылық педагогикасы» атты онкүндікте «Алтын жүректі анамыз» тақырыбындағы Мәнерлеп оқу сайысының Бас Жүлде иегері атанып, Мадақтамамен марапатталды.
      Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік Ақжүніс Жәнібекқызы дарынды оқушыларға арналған Республикалық эссе, шығармашылық жұмыстар сайысында «Мен атаммен мақтанам» тақырыбымен Қордабай атаның жиен шөбересі Кенжеәлиева Ақжүніс І дәрежелі Диплом иегері атанады.
      Білімпаз, ізденімпаз шәкірт 2016-2017 оқу жылында «Ана тілі – тірлігімнің айғағы» атты ана тілі апталығында «Өз тілімді сүйемін» атты шығармалар байқауында ІІ орынмен Мадақтама иемденді.
      «Кітап – қымбат қазына» деген ұстанымдағы өрелі өрен 2019 жылдың 6 мамырында аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен Ұлы Жеңіс күні мерекесіне орай өткізілген «Біз Жеңістің ұрпақтарымыз» атты тарихи-тағылымдық кешке белсене қатысқаны үшін Кенжеәлиева Ақжүніске Алғыс хат табыс етілді.
      Мектепішілік бастауыш сыныптар арасында «Абай» оқулары байқауына қатысып, «Әнді сүйсең, менше сүй!» Абай әндері бойынша І орын алғаны үшін Мадақтама иемденді. Астана қаласының 20 жылдығы, Қызылорда қаласының 200 жылдығы мен Шиеліге 90 жыл мерейтойларына орай «Рухани жаңғыру» ұлттық идеясы аясында өткен «Патриоттық әндер» байқауының ІІ орын жүлдегері.
      Дарынды Ақжүніс Жәнібекқызы QALAMGER.KZ әдеби-танымдық порталы ұйымдастырған І Республикалық «Мұғағали оқулары» онлайн байқауының Мадақтама иегері.
      Әсем ән мен тәтті күйге ынтық сезімтал қыз Қазақтың бас ақыны АБАЙ ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ 175 ЖЫЛДЫҚ мерейтойына орай QALAMGER.KZ әдеби-танымдық порталы ұйымдастырған І Республикалық «Абай оқуларына» қатысып, үздік нәтиже көрсеткені үшін Мадақтамамен марапатталды.
      Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Шиелі аудандық тарихи-өлкетану музейі мен Ы.Жақаев атындағы №244 орта мектептің ұйымдастыруымен өткізілген «Асыл сөздің алыбы – Абай» атты Абай оқулары байқауында І дәрежелі Дипломға ие болды.
      Руханият әлеміне, көркем әдебиетке жақын өнерлі өрен Ақжүніс 2020 жылы «Жаңа ғасыр таланттары» интеллектуалды-олимпиадалық, шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла...» атты балалар мен жасөспірімдер арасында өткен Республикалық байқауда «Көркем сөз» жанры бойынша жоғары дәрежеде өнер көрсеткені үшін І орын жеңімпазы атанып, мерейі үстем болды.  
 
      «Өнерлінің өрісі кең» деген ұлағатты ой шығармашыл, жан-жақты дамып келе жатқан Кенжеәлиева Ақжүніске қарата айтылғандай. Көңілі көркем, талғамы жоғары, қиялы ұшқыр нәзік ару бос уақытын түрлі жанрдағы бейнелеу өнеріне арнайды. Кітапты көп оқитын талантты қыз қолөнермен, түрлі бұйымдар жасаумен де айналысады. Музыканы жандүниесімен қабылдайтын сезімтал өрен ән айтуды, би билеуді де ұнатады.
      Өнер мен мәдениеттің ошағы – Алматы қаласында тұрып, эстрада жұлдыздарымен кездесіп, музыкалық бейнебаяндарға түсуді қалайтын жас дарын келешекте халықаралық конкурстарға қатысып, танымал өнер жұлдызы болуды армандайды. 
 
      Иә, ұстаздарының мақтанышы, ата-анасының үкілеген үміті Кенжеәлиева Ақжүніс Жәнібекқызы болашақта бүкіл Қазақстанның мақтанышы боларына сенеді.
      Таңғы шықтай мөлдір арудың әр күні жақсылықтың жаршысына айналып, сара жолы жарқын болсын!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Алия- 31 марта 2020 18:06
Керемет! Жарайсың! 

Мадина- 31 марта 2020 20:35
Акжунис жарайсын, рахмет саган, ананнан айналайын осындай акылды кылып тарбиелеген

Последние новости