Азамат Алинұр

Рейтинг:

«АРМАНЫМ – ЕЛІМЕ ПАЙДАМ ТИЕР АЗАМАТ БОЛУ» 

Жетістік те еңбекті қажет етеді. «Еңбек етпей-ақ, биіктерді бағындырамын!» деген алып арманды ойға да алмаған абзал. Маңдайы терлемеген жанның  жетістіктің желкенін кере алмайтыны да анық. Талдықорғандық өрен  АЗАМАТ АЛИНҰР асқар шыңдарға жету жолында, маңдай терін сылып алып еңбек етуде. Көз майын тауыса, білім іздеген жалынды жас  бұл күнде ата-ананың үкілі үміттерін ақтап, мақтанына айналған. Ұстаздары да өзгелерге үлгі ететін үлгілі шәкірттердің бірі.
Оның бойына ұлы даланың ерекше қасиеті қонып, қыдыр дарығандай. Ұлттың ұлы ақыны данышпан Абайдың: «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек,   сонда  толық боласың елден ерек» деген жолдарын өмірлік ұстаным етіп, самғап келеді. Әрбір жетістігін туған халқына, үміт артқан ата-анасына арнап келеді. Бойындағы алапат күш пен жігер әрбір арманға, мүдделі мақсатқа қарай бағыттайды. Міне, арманға жетер жан – осындай өмірлік позициясы айқын болуы шарт. 
Азамат Алинұр 2009 жылы 14 желтоқсанда әсем қала Талдықорғанда өнегелі отбасында жарық дүниеге келді. 
«Тәртіпке бас иген құл болмас» деген батыр Баукеңнің сөзін жадында ұстаған жалынды жас кішкентайынан түзу жүріп, асулардан асатын, жамандықтан қашатын қағылез боп өсті. Тазалыққа құмар талапшыл жан алғыр, сөзі өткір, қайсар шәкірт ретінде көпшіліктің көңілінен орын алады. Елгезектігімен де айналаға етене таныс. 
«Қазыналы қарттар – отбасының байлығы» дейді дана халқымыз. Алинұрдың бәйтеректей биік, ұстанымы жоғары ардақты атасы Сарсембаев Азамат Сламжанұлы Алматы облысы, Сарқан ауданында 40 жылдан астам мемлекеттік салада қызмет атқарған болатын. Басшылық қызметтерді атқарған беделді тұлға әкімдік аппаратында қызмет жасап, кейінірек совхоз директоры болып тағайындалды. Сарқан ауданының әкімі, әкімнің орынбасары қызметтерін мүлтіксіз атқарып, еңбегімен елге танылды.
Ақ көңілі ақ жаулығындай аппақ, жайсаң мінезді мейірбан әжесі Аксамбаева Гульсум Курманбекқызы – Алматы  облысы, Сарқан қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы мектепте 40 жылдан астам тарих пәнінен сабақ берген ұлағатты ұстаз. Бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырғандар қатарында. Ата-әжесінің өнегелі өмір жолы Алинұр үшін үлгі екені сөзсіз.
Отбасының тірегі мен қорғаны болып жүрген биік болмыс, ер мінезді, жоғары ұстанымды ақпейіл әкесі Сарсембаев Ерлан Азаматұлы – Алматы облысы бойынша Полиция департаментінде басқарма басшысы қызметіндегі абыройлы азамат, білікті маман.
Ақылына ажары сай, жақсылықтың жаршысындай асылзат анасы Жанайдарова Гульмира Жанайдарқызы –  Алматы облысы бойынша Қазынашылық департаментінің бас маманы. Жарасымды жұп перзенттерінің өмірде өз орындарын тауып, оң мен солын ажыратып, саналы азамат болып қалыптасуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауда.
Алинұр – ата-әжесінің сүйікті немересі, ата-анасының ақ үміті мен көзқуанышы. Алдында жанашыр әпкесі, отбасының тұңғышы Азамат Нурай бар. Ол Талдықорған қаласындағы №28 IT лицей-мектебінде 9 сыныпта оқиды. Ізінен ерген сүйікті інісі Азамат Арсен – №11 балабақша тәрбиеленушісі.
 Маңдайын күн сүйіп, шашын жел тараған кекілді ұл Азамат Алинұр мектеп жасына жеткен кезде  Талдықорған қаласындағы М.Жұмабаев атындағы №19 мектеп-гимназиянысының табалдырығын қуана аттады. Мектептегі алғашқы күннен бастап, оқу-білімге үлкен ықылас танытып, ыстық ықылас, шын жүрегімен білім көкжиегін бағындыруға құлшына кірісті. Қазіргі кезде ол 4 «Д» сыныбында білім алуда. Зерек Алинұр ұстазы Туменбаева Айнұр Кенжебекқызына шəкірттік алғысы мол.
«Білген адам білімді өмір бойы іздейді» деген ұстанымды бетке алып, ұстаздарының айтқанын екі етпей, сабаққа тыңғылықты дайындалып, табандылығының арқасында мектептегі маңдайалды озат оқушылардың қатарына еніп, 1-3 сынып аралығында «Өте жақсы оқығаны үшін» Мақтау қағазын иемденіп, білімпаз шәкірт ата-анасы мен ұстаздарының мақтанышына айналды.
Адамға мектеп ең алдымен болашағына қажет білімнің іргетасын қалауы үшін керек. Қазіргі заманауи мектептерде барлық білімді дайын күйінде бере салмайды, сонымен бірге өзіндік жұмыс жасау дағдысын қалыптастырады. Оқушылардың көп бөлігі зерттеу, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, ғылыми-практикалық конференцияларға, интеллектуалды конкурстар мен олимпиадаларға қатысуда. Мұның барлығы баланың жаңа заман көшіне ілесе алатын, озық ойлы болуына көмектеседі. Осы жағынан алып қарағанда, мектептің берері мол. Осындай мүмкіндікті құр жібермейтіндердің қатарында талабы таудай шәкірт Алинұр да бар.
 Дана халқымыз «Бала – шамшырағың, көзіңнің нұры» деп текке айтпаса керек-ті. Жастайынан зерек, тәрбиелі болып  ержетіп келе жатқан ата-анасының шамшырағы Алинұр  бақыттың кілті – білімде екенін түсінді. «Талап қыл артық білуге, Артық ғылым кітапта. Ерінбей оқып көруге» деген данышпан Абайдың сөзін басшылыққа ала отырып,  күнделікті сабаққа мұқият дайындалып, әрбір күнін  білімін толықтыруға арнайды.
Ізденіс адам баласын шыңдайды. Биікке талаптанған әрбір жан өмір мектебінің алғашқы баспалдақтарынан өтеді. Алинұр Ерланұлының  алғырлығы мен зеректігі оны басқа балалардан қашан да ерекшелеп тұрады. Жаңа ғасыр – жаңа технологиялар дәуірінде ол кішкентай кезінен компьютерді меңгере бастады. Игілікті қадамы әлемнің жаңа қырын тануға тың серпін бере бастады. Зеректігі өз алдына, талабы таудай ұлдың жарқын болашаққа қадамы сәт сайын қарыштап келеді. 2017 жылы білімпаз шәкірт Бастауыш сынып оқушылары арасында өткен математика пəні олимпиадасындағы үздік білімі үшін І дәрежелі Дипломмен марапатталды.
Салауатты өмір салтын ұстанатын өрелі өрен бос уақытында фантастика жанрындағы кітаптарды оқып, таза ауада сеуендегенді ұнатады. Алинұр спортқа да біртабан жақын. Түрлі дене жаттығуларын жасап, жүгірумен, жүзумен, басқа да спорттың түрлерімен тұрақты түрде шұғылданады. Әсіресе футбол ойнағанды жақсы көреді.
2019 жылы Алматы облысы жеке мектептері арасындағы футбол біріншілігінде жүлделі ІІІ орынды иемденіп, жетістікке қол жеткізді.
Шығармашылыққа жақын талапшыл ұлан түрлі бағыттағы музыкалық шығармаларды достарымен бірге тыңдағанды ұнатады. Өзгелермен тез тіл табысатын заманауи жастың достары да көп. «Арай» жазғы сауықтыру лагерінде барлық іс-шараларға белсенді қатысқаны үшін Мадақтама иемденген.
Заман талабына сай ағылшын тілін үйреніп жүрген ізденімпаз шәкірт «Бір тіл білсең – бір адамсың, екі тіл білсең – екі адамсың» деген ұстанымды қолдайды.
Ол жастайынан өз алдына мақсат қойып, соған жетудің жолдарын қарастырады. «Мені жетістігіме бола құрметтемеңдер, құлаған жерімнен қайта тұра алғаным үшін бағалаңдар» деген Нельсон Манделаның сөзін тұсбағдар етіп алған жігерлі жас келешекте өз кәсібін дөңгелетіп, мұқтаж жандарға көмек қолын созуды жоспарлаған. 
 «Барлық адамдар сияқты менің де армандарым көп. Өз компаниямды ашып, сол арқылы көмекке зәру адамдарға көмектескім келеді. Жақсы – ісімен жақсы дегендей, жақсы істеріммен халқыма пайдасы тиер азамат атансам деп ойлаймын. Оқуымды ойдағыдай аяқтап, Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша   жоғары білім алып, елші болғым келеді.  Егер мен елші болсам, өз елімнің беделін әлем алдында көтерер едім. Әр елмен қарым-қатынас орнатып, Қазақстанды экономикалық жағынан дамытсам деймін. Шет елдермен тек экономикалық емес, достық қарым-қатынас орнатар едім. Елші болу – кез  келген дипломат үшін өз қызметінің жоғары шыңы болып табылады. Сондай-ақ, осы қастерлі мамандыққа өзін арнаған адам үшін – айырықша  жауапкершілік. Мен өзімді табанды, жауапкершілігі мол, жігерлі азаматтардың қатарынан көргім келеді», – дейді арманы асқақ, талабы таудай Алинұр.   
Адамның адамшылығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады. Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Демек, Азамат Алинұрдың да шығар биігі ешқашан аласармайтыны хақ.
    


Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Сарсембаева Салтанат- 7 апреля 2020 18:32
Біздің мақтанышымыз😘😘😘

Последние новости