Балмашева Гүлназ

Рейтинг:

«ӨНЕР ӨЛКЕСІНІҢ АСПАНЫНДА ЖҰЛДЫЗ БОЛЫП ЖАРҚЫРАҒЫМ КЕЛЕДІ»
 
       Жібек мінез, дархан жүректі, ақкөңіл, ақжарқын, руханият әлеміне жақын, ойы ұшқыр, қиялы жүйрік Гүлназ Ахметқызы таулары аспанмен таласқан, ақындардың өлеңдеріне арқау болған сұлу Ерейментау қаласында 2006 жылдың 5 қыркүйегінде өмірге келді. Өнегелі отбасының үкілеген үміті ата-анасының ыстық ықыласы мен қамқорлығының арқасында өнерге біртабан жақын болып өсіп келеді. Жоғары ұстанымды парасатты әкесі Балмашев Ахмет Петрович – Ақмола облысының прокуратура қызметкері, облыс прокурорының аға көмекшісі, подполковник шеніндегі абыройлы азамат. Шарапаты мол мейірбан анасы Оспанова Алмагуль Муталлапқызы – Көкшетау  қаласындағы С.Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің жаңашыл ұстазы. Білікті маман «Жас  өрен» театрының жетекшісі, «Балалар үшін» Республикалық медалінің иегері. Арқа сүйер ағасы Ернұр Ахметұлы – «Жас дарын» Республикалық медалінің иегері, Халықаралық фестивалдардың Лауреаты, Нұр-Сұлтан қаласындағы КазНУИ университетінің «Театр, кино және ТВ» факультетінің І курс студенті. Өз ортасында өнерімен дараланатын көркем балдырған туған қаласындағы «Аққу» балабақшасына барып, оң мен солын танып, әдептілікті меңгерді. «Үйренсе білім менен сан өмірің, Білер еді-ау өнердің не берерін» деген ұстанымдағы зерделі Гүлназ Көкшетау қаласындағы №17 орта мектебінде оқып, білім әліппесінің бетін ашты. Мектепте өтетін іс-шараларға үзбей қатысып жүрген «Жас өрен» театрының мүшесі Гүлназ Ахметқызы шығармашылық өнерімен жарқырап көрініп, бүгінде №18 мектеп-лицейінің 7 «Ә» сыныбында білім көкжиегін бағындыруда.
       Жетістігі: «Бейбіт күн жасасын әлемде» атты тақырыптағы қалалық онкүндікте «Ұлы Жеңіске – 70 жыл» тақырыбында өткізілген суретшілер сайысының І орын жүлдегері. Жалпы білім беретін пәндер бойынша мектепішілік математика пәні олимпиадасының ІІІ орын жүлдегері. «Менің Қазақстаным» атты Республикалық конкурста Қолөнер сайысында І орын алып, Грамота иемденді. «Мельпомена – 2018: На пути к культуре мира» Республикалық фестивалінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Жас өрен» Көкшетау қаласы, №18 мектеп-лицейінің театр ұжымы І дәрежелі Дипломмен мадақталып, Балмашева Гүлназ Сертификат иегері атанды. Балалар қозғалысын дамытуда ерекше жетістіктері үшін «Лидер» белгісі берілгендігі туралы куәлік иегері. «Шын жүректен алғыс айтамын» атты мерекелік кешке қатысып, руханият ордасы – ҚР Ұлттық музейінің қоғамдық өміріне қосқан үлесі үшін 2018 жылы Алғыс хат табыс етілді. 2018-2019 оқу жылында қалалық және мектепішілік тәрбиелік іс-шараларда көрсеткен жоғары орындаушылық шеберлігі мен үздік өнері үшін Мадақтамамен марапатталған. 2019 жылы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай мектепішілік мәнерлеп оқу сайысында (орыс тілінде) І орынмен Мадақтама иегері атанды. «Ертегілер әлеміне саяхат» атты қалалық ертегілер сайысында басты рөлді сомдаған өнерпаз Мадақтама иемденді. Орыс тілі мен әдебиеті апталығы аясында ребустар мен кроссворд шешу конкурсында І орын иегері атанып, марапат қоржынын толықтыра түсті. «Германия-Қазақстан» жобасы аясында Алматы қаласында өткізілген Халықаралық өнер фестивалінде жоғары орындаушылық шеберлігі мен үздік өнері үшін І дәрежелі лауреат атанып, медаль мен Диплом иегері болды.
       Сүйікті ісі: Сахналық көріністерге қатысу, жыр жаттау, музыка тыңдау, ән салу, түрлі бұйымдар жасау.
       Арманы: Жоғары білім алып, дизайнер мамандығын меңгеру. Өнерден қол үзбей, атақты  актриса және әнші атану.

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости