«БІЛІМНІҢ АЛТЫН САНДЫҒЫНЫҢ КІЛТІН ТАБАМЫН!»
Елжанды, еңбекқор, білімпаз, көзінде оты, бойында жалын бар, білім мен тәрбиенің асыл қазыналарымен жетілген Ахмет Жүсіпұлы 2012 жылы 20 наурызда толық отбасында дүниеге келеді. Кемел ақылды атасы Муғараж бен жаны жайсаң, көңілі дархан әжесі Каухар –Моңғолия елінің тұғындары. Ахмет жаз мезгілінде жақсы көретін ата-әжесіне барғанда, олар сүйікті немерелерін көріп, төбесі көкке жеткендей қуанып қалады. Асқар тау әкесі Жүсіп – «СЕМБОЛ» ЖШС-нің қызметкері, абыройлы азамат. Мейірімі шексіз анасы Күнсәуле – бала тәрбиесін басты орынға қойғандар қатарында. Ахмет – ізінен ерген сүйкімді інісі Әбубәкірге жақсы үлгі көрсетіп жүрген қамқор аға. Таным бастамасына алғашқы қадам жасағанда, Аршалы ауданы, Арнасай аулындағы балабақшада 1 жыл тәрбиеленіп, 2017-2019 жылдары Нұр-Сұлтан қаласындағы «Мадина» балабақшасында мектепке дейінгі даярлықтан өтеді. Отбасының көзқуанышы, үміті Ахмет 2019 жылы №86 мектеп-гимназиясының 1 «Ж» сыныбына қабылданады. Ахметтің сынып жетекшісі Молдалиева Жанар Шукуралиқызының пікірінше, Муғараж Ахмет Жүсіпұлы – оқу озаты, сынып белсендісі, жауапкершілігі мол жан-жақты шәкірт. «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша олимпиадаға қатысып жүрген ұлағатты ұлан барлық істе белсенділік танытып, достарының алды болып жүреді. Ауызша есептерді шығаруда алдына жан салмайтын Ахмет бақылау жұмыстарын орындауда жақсы нәтижеге қол жеткізуде. Сыныптың маңдайалды оқушысы, сынып басшысы Ахмет түрлі білім бәйгелері мен зияткерлік сайыстарға қатысып, түрлі марапаттарды иемденіп келеді. Барлық жұмысты бар ынтасымен атқаратын өрелі өренге өтірік айту – мүлде жат қылық, ол тек шындықты жақтайды. Адамгершілігі жоғары Ахмет сыныптастар арасында сыйлы. Сабақтан қолы қалт етсе, кітаптан бас алмайды. Шахмат ойнап, атқа мініп, жасыл алаңда доп тебуден де ұнатады. Каратэ спортымен айналысып, лего құрастырады. «Құран Кәрімді» жаттап, домбырада шебер ойнауды меңгеру де жоспарында бар. Ең бастысы – жан-жақты жетілген заманауи тұлға, сегіз қырлы, бір сырлы білімді жігіт болып ер жету.
Мұғараж Ахмет тырнақалды өлеңін де ұлағатты ұстазы Жанар Шукуралиқызына арнап жазып, ыстық ықыласы мен алғысын өлең жолдарымен жеткізді:
Ұстазыма
Шаршамаған оқытудан біздерді,
Сол үшін де құрметтейміз Сіздерді.
Жанар апай, еңбегіңді ақтаймын,
Әр сөзіңді жүрегімде сақтаймын.
Ақылыңды үйрете бер асықпай,
Айтқаныңды орындаймын бұлжытпай.
Жетістігі: 2019 жылы «Хош бол, Балабақша!» Марапат қағазы. «Бала шабыты» Халықаралық конкурстық жобасының «GENERATION Z» атты дарынды балалар мен жасөспірімдер байқауында 3-6 жас аралығында «Театр өнері» номинациясы мен Диплом иегері. Республикалық біріңғай балалар мен жасөспірімдер байқауы Каратэ спортынан Сертификат, І орын жүлдегері. 12 Сәуір – Ғарышкерлер күніне орай өткізілген Ағылшын тілі мен Сауат ашу пәніне жақсы атсалысқаны үшін алғыс хат иемденген. «Армысың, Алтын күз!» атты сайысының Мадақтамасын иемденген. Нұр-Сұлтан қ. - 2019 жыл – Мақтау қағазы. Н.А.Оразахынованың «Сатылай кешенді оқыту» технологиясы бойынша «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты I мектепшілік ауызша командалық олимпиадасында өз білімін көрсеткені және қалалық олимпиадаға жолдама алғаны үшін Мақтау қағазымен марапатталып, мерейі үстем болды.
Арманы: Жоғары білім алу, бірнеше мамандық иесі болу. Олимп шыңдарын бағындырып, Каратэден Чемпион атану. Ғарышкер болып, Ұлы Қазақ Еліне танылу.