«ХАЛҚЫ СҮЙЕР, МАҚТАН ТҰТАР АЗАМАТ БОЛУ – БАСТЫ МАҚСАТЫ»
Білімсіз адам, білтесіз шаммен тең» деген ұстанымдағы елжанды, еңбекқор, білімпаз жеткіншек. Көзінде оты, бойында жалын бар, білім мен тәрбиенің асыл қазыналарымен жетілген Даниял Нұрмаханұлы Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында өнегелі отбасында 2006 жылы 28 наурызда дүниеге келді. Отбасының бақытын екі еселеп дүниеге келген Даниялдың биік болмысты, кемел ойлы, жоғары ұстанымды әкесі Сұлтан Нұрмахан – Ауған соғысының ардагері, айтулы азамат еді. Атам қазақ «Асылдан асыл туады» деген емес пе?!
Даниялдың бойындағы адами асыл қасиеттерінің бәрі әкесінен дарығаны шын. Бүгінде адамгершілігі мол аяулы анасы Султанова Айгуль Аскерқызының тәлімді тәрбиесімен ер жетіп келеді. Ақылына ажары сай анасы Айгуль – жеке кәсібін дөңгелетіп отырғандар қатарында. Бауырмал Данияр – отбасының екінші перзенті, алдында арқа сүйер ағасы Нұрмаханұлы Али бар. Қамқор ағасы Али қазіргі таңда КазГаса-ның архитектура факультетінің І курсында оқып, жоғары білім алуда. Айдыны шалқар Ақтауда туған Даниялдың отбасы 2019 жылы жасыл желекті әсем қала Алматыға қоныс аударады. Білуге, білімге құмар ізденімпаз шәкірт Даниял Нұрмаханұлы Алматы қаласындағы №63 жалпы білім беретін орта мектебіне қабылданып, бүгінде 8 «А» сыныбында білім баспалдақтарымен жоғары өрлеуде. Сабақтан қолы қалт етсе, кітаптан бас алмайды. Ақылды, зерек, өрелі өрен Даниял – жайсаң мінезді, көпшіл, көп сөзі жоқ алғыр бала. Сүйікті пәндері – ағылшын тілі және математика. Руханият әлеміне, өнерге жақын ұлағатты ұлан кезінде «Шадвал» би ансамблінің құрамында өнер көрсеткен. Өнерпаз жеткіншек лезгинка биін нақышына келтіре орындайтындығымен дараланады. Салауатты өмір салтын ұстанып, бокс үйірмесіне тұрақты түрде қатысады. Тіл үйренуге деген ынтасы зор. Заман талабына сай ағылшын тілін жетік меңгеруді мақсат еткен Сұлтан Даниялдың жеткен жетістіктері аз емес, алда талай жетістіктерге қол жеткізері анық.
Сүйікті ісі: Сурет салу, би билеу, шет тілдерін үйрену, достарымен бас қосу, спортпен шұғылдану, білімін жетілдіру, табиғат аясында демалу.
Арманы: Болашақта оқуын ойдағыдай аяқтап, шет елде жоғары білім алу. Анасының ақ үміті мен сенімін ақтау. Халқы сүйер, мақтан тұтар абыройлы азамат атану.