«АТА-АНАМА ТОСЫН СЫЙ ЖАСАСАМ ДЕЙМІН»
«Отбасым – бар бақытымның бастауы. Өзіме жақын жандардың ылғи күліп жүргенін, бақытты болғанын қалаймын. Алға қойған мақсатым – жанына шипа іздеген жандардың дертіне демеу болып, халықтың ыстық ықыласы мен пейіліне бөленіп жүрген өз ісінің жетік маманы, ақ халатты абзал жан дәрігер болу. Менің ойымша, жер бетіндегі барлық адамдар, мейлі үлкен, мейлі кіші болсын, дені сау әрі бақытты болып, ұзақ өмір сүруге лайық. Балалық пәк көңіліммен, шын ниетіммен осыны қалаймын. Жақсы оқып, сапалы білім алып, ұстаздарым мен ата-анамның ақ үмітін ақтап, қазір білім алып жатырған М. Әуезов атындағы мектеп-гимназияны сапалы аяқтап, жоғары оқу орнының студенті атансам деймін. Достарым көп болып, қуанышыма ортақтасып жүрсе, жақындарымды қуанышқа бөлеп, ата-анама күтпеген тосын сый жасасам», – дейді өз армандарымен, келешек жоспарымен бөліскен сезімтал, нәзік, инабатты Ғалымғазықызы Дильназ. Даниял Дильназ – ата-анасының бұл өмірдегі ең үлкен бақыты. Арқа сүйер ағасынан кейін қос бәйтерегін қуанышқа бөлеп, 2006 жылы 27 шілдеде дүниеге келген Дильназ – отбасының шамшырағы, қырмызы
қызғалдағы.
Білмекке құмар, жасынан зейінді қыздың ата-анасы – көкірегі ояу, көзі ашық, адамгершілігі мол жандар. Жаны жомарт, пейілі кең асқар тау әкесі Абдралин Ғалымғазы – отбасының алып қорғаны мен тірегі, бағыт-бағдар берер жолбасшысы мен қамқоры. Бүгінгі таңда жеке кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіп иесі. Ақ сүтін беріп әлпештеп, сүйіспеншілігіне бөлеген, мейірбан жүзді анасы Жаппарқызы Раушан – барлық бастамаларының қолдаушысы, отбасының ұйытқысы. Талпынған құстай білімге ұмтылған дарынды жас Дильназдың асқар тау ағасы Нұрғазы – студент болса, сүйкімді сіңлілері Айару, Айзере – балабақша тәрбиеленушілері.
«Ақыл тек білімде ғана емес, білімді іс жүзінде қолдана білуде» деген ұлы данышпан Аристотельдің ұлағатты пікірін қағидасына айналдырған ұғымтал жас – мектепте өтетін білім бәйгелері мен танымдық сайыстарға қатысып, алғырлығымен, тапқырлығымен ерекшеленіп, жетістіктерге жетіп жүрген білімді шәкірт.
Жетістігі: Әр жыл сайын «Үздік оқығаны және үлгілі тәртібі үшін» Мақтау грамоталарының иесі; 2018 жылы қолөнерден Жаңатас қаласында өткен байқауда І дәрежелі Диплом иегері; Спортта да белсенділік танытып, баскетбол жарысында ІІІ орын иеленіп, арнайы медаль тағынады,
Сүйікті ісі: Сурет салу, би билеу. Қолы бос уақытында кітап оқығанды жақсы көреді. Шешендік өнер, тіл үйірмелеріне қатысып, тіл байлығын дамытуда.
Арманы: Ақ халатты абзал жан, адам жанының шипагері дәрігер болуды қалайды.