ҚАЗАҚ СПОРТЫНЫҢ ҚОС ЖҰЛДЫЗЫ
Ала допты аяғына салып алып, жасыл алаңда жүйткіп келіп, қарсыластың қақпасына топ еткізіп жіберетін шабуылшы, өте жақсы футболшы
Амантаев Мақсат Сәбитұлы 2005 жылдың 22 наурызында Көкшетау қаласында дүниеге келді. Кішкентай кезінен футболға ынтық жас – бүгінде Көкшетау қаласындағы С.Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің 8 «А» сынып оқушысы. Сабақтан тыс уақытын жаттығу залында өткізетін Мақсат – алып бәйтерегі әкесі Айтмағамбе
тов Сәбит пен күн келбетті анасы Мейрамова Ақмаралдың үміт жібін жалғап келе жатқан алтын асықтай ұл. Мақсаттың ізінен ерген Айзере есімді қарындасы бар. Спорт дейтін сиқырлы әлемнің тұңғиығына құлаш ұрып, сабақтан тыс уақытын футболға арнайтын Мақсаттың алдына қойған мақсаттары да биік. Өзіндік дайындық тәсілі, айласы, ойнау техникасы бар спорт түрін таңдаған, төзімділік, еңбекқорлық, адалдық пен адамдық секілді асыл қасиеттерді бойына сыйдырған Мақсат – қазақ футболының болашақ жарық жұлдызы.
Жетістігі: 2017 жылы Астана қаласында өткен «KAZАKHSTAN OPEN – 2017» кубок жинау бойынша Халықаралық чемпионатының Сертификат иегері. Дарынды шәкірт 2018 жылы Астана қаласындағы Назарбаев университетінде «CUBING KAZАKHSTAN NATIONALS – 2018» сайысынан Сертификат, Көкшетау қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебінде өткен сайыстан II орын алған жүлдегер.
Сүйікті ісі: Футбол, кубик-рубик ойыны, қосымша білім алу.
Арманы: Үлкен футболда өнер көрсету. Жоғары білімді программист болу.
Тотами төрінде қарсыласқа шақ келтірмей бас жүлдені жеңіп алатын
Марат Дәулет Қайратұлы 2006 жылдың 15 наурызында Көкшетау қаласында дүниеге келді. Жас болса да қарсыластарын шаң қаптырып, спорт әлемінің шыңына шығуды көздеген талантты спортшы, болашағынан көп үміт күттіретін жас дарын иесі – Көкшетау қаласындағы Сәкен Жүнісов атындағы №18 мектеп-лицейінің 8 «А» сынып оқушысы. Парасаты мол атасы Ташыбаев Марат пен асыл әжесі Ташыбаева Нұржамалдан өнегелі тәлім алып өсті. Асқар тау әкесі Ташыбаев Қайрат пен мейірбан анасы Ташыбаева Сара – ағайын арасында беделді жандар. Шаңырақтың ішін шат күлкімен көмкеріп келе жатқан Мерей есімді сүйкімді де сұлу қарындасы бар. Олимпиада шыңын бағындыруды көздеген Дәулет Қазақ Елінің көк туын көкте желбіретіп, ел мәртебесін асқақтатып, қазақ ұлтын паш етер әлем мойындаған спортшы болатынына ата-анасы мен ұстаздары сеніммен қарайды.
Жетістігі: 2016 жылы кекушинкай каратэ спорт түрінен өткізілген қалалық Ашық турнирінен II орын жүлдегері.
2016 жылы кекушинкай каратэ спорт түрінен жасөспірімдер арасында өткізілген қалалық Ашық турнирінен III орын, 2017 жылы кекушинкай каратэ спорт түрінен өткізілген қалалық Ашық турнирінен I және II орын алған жүлдегер спортшы. 2018 жылы Кекушинкай каратэ спорт түрінен өткізілген қалалық Ашық турнирінен III және облыстық чемпионаттан III орын алып, марапаттарын еселеді. «Кубок Шахтерской столицы» Республикалық Ашық турнирде кекушинкай каратэден ІІІ орынды иемденді.
Сүйікті ісі: Кітап оқу, спортпен айналысу, музыка тыңдау.
Арманы: Мектепті ойдағыдай бітіріп, жоғары білім алып, экономист болу.