«ӘДІЛДІК – ІЗГІЛІКТІҢ ІРГЕТАСЫ»
«Адалдықтың ақ туын жықпау – қазақстандық әрбір жастың міндеті болуы керек. Әділдіктің ақ жолынан таймай, заң саласында құқықтық сауатын жетілдіріп, күрделі қиын мәселелерді шешуде атсалыссам деймін. Келешек күні еншісіне халықтың заңды құқығын қорғап, әділдік үшін күресетін маман болуды алдыма нақты мақсат етіп қойып отырмын.
Кез келген тұлғаның өмірдегі басты мақсаты – «толық адам» болу, білікті маман иесі атану. Мен де азаматтық тұлғамды қалыптастырып, ұлтымның жанашыры болып, құқық қорғау органында жемісті еңбек еткім келеді. Сол арқылы халқыма адал қызмет етуді көздеймін» – дейді киелі әулиелер мекені, маңғаз Маңғыстау аймағының асқақ рухты аруы Нұрай Қайратқызы. Ақиқаттың әділ жолында, әділдіктің басты өлшемі – адам құқықтары теңдігінің жүзеге асуы. Адалдық пен әділдік – адам мінезіндегі бағалы қасиет. Таза пейілі, аппақ жүрегімен ұштасып жатқан болашақтың әділ жаршысы, ақиқат пен әділдікті таразылайтын құқық маманы болуды мақсат тұтатын зерек ойлы ару Шамшедин Нурай Қайратқызы – 2005 жылы 12 мамырда дүние есігін ашқан маңғыстаулық жалынды жас. Игілікті істердің ұйытқысы болып жүрген, пайым-парасатына жан сүйсінер шаңырақтың қос қариясы, атасы Худайбергенов Шамшедин мен өнегелі әжесі Худайбергенова Ақбибі – текті әулеттің қадірменді зейнеткерлері. «Үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсетуде» азаматтық болмысы ерекше жандар: әкесі Худайбергенов Қайрат пен аяулы анасы Коблашева Жанар – перзенттеріне үлгі-өнеге көрсетуде тәлімді тәрбие беріп отырған жарасымды жұп. Жаңаөзен қаласы, Теңге ауылындағы «Балбөбек» балабақшасының өнерлі түлегі Қайратқызы Нұрай – Теңге ауылындағы №14 орта мектебінің бастауыш сыныбын «өте жақсы» деген бағамен бітіріп, отбасын зор қуанышқа бөлеген дарынды шәкірт. 6-сыныптан бастап Жаңаөзен қаласындағы №10 мектептің оқушысы атанды. Бұл білім ордасында да жан-жақты ерекше қабілетімен танылған дарабоз 8-сыныптан бастап №19 мектептің белсенді шәкірттері қатарында білім алуда. Мінезі жайдары, достарына адал Нурай қосымша қабілетін жетілдіру үшін, қалалық музыка мектебінің домбыра сыныбына барып, ұлттық өнердің құндылығын дәріптеп жүр. Сонымен қатар, Таэквондо спорт клубының талантты спортшысы.
Жетістігі. Сыныпаралық әр жыл сайын «Өте жақсы оқығаны үшін» Мақтау қағаздары; Мектепішілік «Сиқырлы да ғажайып әлем» байқауының Бас Жүлде иегері; Бастауыш сыныптар бойынша мектепішілік «Әнші болғым келеді» сайысында өз өнерімен танылып І орын Мадақтамасы иесі; Өзін-өзі тану пәні бойынша 1-4-сыныптар аралығында «Шуағын шашқан мейірімді ана» атты мәнерлеп оқу сайысының І орын жеңімпазы; «Балалар интеллектуалды клубы» монопәндік турнирінің орыс тілі пәні бойынша ІІІ орын Диплом иегері; Мектепішілік пәндік олимпиадада құқық пәні бойынша І орын Мадақтамасы; ЖББ пәндер бойынша мектеп оқушыларының қалалық олимпиадасында құқық пәні бойынша ІІ дәрежелі Диплом иегері атанды. Облыстық пәндік олимпиадада құқық пән бойынша ІІ дәрежелі Дипломмен марапатталды.
Сүйікті ісі: Таэквондомен айналысу. Кітап оқығанды ұнатады. Домбыра тартады.
Арманы: Құқық саласының білікті, кәсіби маманы атану.