«ОЛИМП ШЫҢЫ – БАҒЫНДЫРАР БЕЛЕСІМ»
Атақты данышпан Омар Хайям: «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді», – дейді. Мақсаты айқын, келешегі кемел бүгінгі жас буын – ертеңгі ел тірегі. Мәңгілік ел болуды мұрат тұтқан еліміздің ертеңіне сеніммен қарайды. Сондықтан да, өр ақын Қасым Аманжолов: «Сен қандай бақытты едің, келер ұрпақ!..» деп, артына сөзден сарай салып, жас ұрпақтың жарқын өмірін жырына арқау етті емес пе?! Сондай бақытты ұрпақтың қатарында астаналық дарынды спортшы, әуесқой боксшы Нағашыбай Нұралы да бар. Спорттық додаларда сан алуан марапатқа ие болып, табыс мінберінен көрініп жүрген талапты өреннің алар асуы алда. «Мықтымын» деп тасымайтын жас ұланның спорттық белдеуде асығы алшысынан түсіп жүр. Шымыр денелі, бұлан күш иесі Батыржанұлы Нұралы жұ
лдызды жетістіктерін мақтан тұтпайды. Әлі алар асуы, шығар биігі алда екенін ұғынады. Сол жолда табандылық пен еңбексүйгіштік болмысын жетілдіріп, қазақ спортының көгінде қырандай еркін самғауды мақсатына межелеп отыр. Олимп шыңын бағындыру – басты арманы. Нағашыбай Нұралы 2006 жылы 17 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында дүниеге келді. 2010-2013 жылдар аралығында «Еркетай» балабақшасында тәрбиеленді. 2013-2014 оқу жылында №59 мектеп-гимназиясының табалдырығын аттаған бала-шәкірт – бұл күнде №86 мектеп-гимназиясының 7»Б» сыныбының белсенді оқушысы. Мектеп мақтанышы. Бокстан өткен додалы жарыстардың жеңімпазы. Қазыналы қариялары атасы Әбділдәұлы Нағашыбай мен ардақты әжесі Қанапияқызы Сәуленің өнегелі тәрбиесі мен даналық ойын басшылыққа алған ата-анасы, әкесі Әбділдин Батыржан мен аяулы анасы Әбділдина Нүрзия – отбасының берекесі мен ынтымағын жарастырып отырған жарасымды жұп. Отбасының көзқуанышы Нұралының қос әпкесі: Мөлдір мен Ақбота інілерінің спорт белесіндегі жетістіктеріне масайрап, оны мақтан тұтады. Жастайынан спортқа баулып, болашақта жұлдызы жанатынына сенімі мол ұстаздары Қалқаман Жанайдар Сағынғалиұлы мен Тұямашев Азамат Болатұлы. Нағашыбай Нұралы – бокстан Нұр-Сұлтан қаласы Жасөспірімдер құрамасының мүшесі. ҚР спорт шеберіне үміткер.
Жетістігі: ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, кик-бокстан 2 дүркін Әлем чемпионы Нұрбол Рысмағанбетовтың жүлдесіне арналған бокстан өткен Халықаралық турнирдің жеңімпазы; Түркістан қаласы және Отырар ауданының құрметті азаматы, бокстан қазақ жастары арасынан шыққан тұңғыш олимпиада жеңімпазы Б.Саттархановты еске алуға арналған турнирдің І дәрежелі Диплом жеңімпазы; ІХ ашық кубок турнирінде, Ауған әскерлеріне арналған ашық біріншілікте І орын Марапаты; Балаларды қорғау күніне арналған Республикалық турнирдің І дәрежелі Диплом жеңімпазы; «Солтүстік-Шығыс аймақтық» біріншілігіне арналған іріктеу турнирінде жүлделі марапаттарға ие болды.
Сүйікті ісі: Спортпен шұғылдану. Бокспен айналысу.
Арманы: Спорттың биік шыңы – олимпиада чемпионы атану.