АТА-АНАМНЫҢ МАҚТАНЫШЫНА АЙНАЛУ – БАСТЫ МАҚСАТЫМ
«Талаптан да білім мен өнер үйрен, Білімсіз, өнерсіз болады ақыл тұл» деп ақын әрі ойшыл Шәкәрім Құдайбердіұлы айтқандай, жастардың ізгі іске бала кезінен ниеттенуі – өсер елдің гүлденуіне кепілдік болмақ.
Қазақтың бас қаласы елордамыз – Қазақстанның болашағын жалғап, игі істердің ұйтқысы болар мектеп жасындағы оқушыларға, талантты жастарға бай өңір. Олардың әр қадамы табысқа бастаған жеңіс пен марапатқа толы. Сондай өреннің бірі, ата-анасының қырмызы гүлдей құлпырған қызғалдағы – Сабина Сәбитқызы 2010 жылы 15 ақпанда Астана (қазіргі Нұр-Сұлтан) қаласында өнегелі отбасында дүниеге келді.
Ер азаматқа тән болмыс иесі, сөзіне ісі сай, еңбекқор, қамқор әкесі Асқаров Сәбит Балғабайұлы – жанұяның тірегі мен ұйтқысы. Мейірімі шексіз, шапағаты мол анасы Какежанова Камшат Максатқызы – №50 мектеп-лицейдің математика пәнінің мұғалімі, білікті маман, ұлағатты ұстаз.
«Отбасым – бар бақытымның бастауы. Отбасымды қадірлеп, әрдайым бірінші орынға қоямын. Ардақты әкем – асқар таудай тірегім. Аяулы анам – әрі ақылшым, әрі сырласым. Алдымда үлгі тұтар ағам Ернияз бар, ол – 8-сынып оқушысы. Мен өзіме жарық дүние сыйлап, кішкентайымнан бағып-қағып өсіріп, бар жақсыны бойыма сіңіріп, үздіксіз колдауы мен тынымсыз еңбектері арқылы білім айдынында жетістіктерге жетуіме жол ашқан ата-анамның ақ үмітін ақтап, мақтанышы болғым келеді.
Ақ қанат армандарымның бірі – жоғары білімді маман атану. Өзімді болашақта ақ халатты абзал жандардың қатарынан көргім келеді. Сапалы білім мен біліктілік қана жарқын іске қол жеткізеді. Сондықтан да, алтын ұя мектебімде барлық сабақты үздік нәтижемен жақсы оқып, білуге деген құштарлығымды арттырып келемін», – деп алға қойған мақсат-мұраттары жайлы ой бөліскен өресі биік өрен Сабина.
Бала кезінен салмақты, ұқыпты, байқампаз Сабина өте зерек, есте сақтау қабілеті жоғары, бүлдіршін кезінде туған өлкесіндегі №24 «Айналайын» балабақшасына барып, ойының ұшқырлығын байқатып, ертеңгіліктерде өз ортасынан өнерімен дараланды. «Балдаурен» жазғы демалыс лагеріне белсене қатысып, шығармашылық іс-шараларда көзге түскен С.Балғабаева Мадақтамамен марапатталды.
«Оқу – білім азығы, Білім ырыс қазығы» деген ұстанымдағы білімқұмар өрен елордадағы №78 мектеп-гимназиясының табалдырығын аттап, шәкірт атанды. Шәкіртінің алғырлығын байқаған ұстазы оны түрлі байқауларға қатыстырып, шығармашылығы мен танымдық қабілетін жетілдіре түсті. Білімдар ағасының ізін басып, оқуда үздік атанды. Алғашқы терең білімнің негізі бастауыш сыныптан бастау алары сөзсіз. Бастауыш сыныптан бастап баланың жан-жақты ашылуы, оның білімге деген қызығушылығы оянады. Сондықтан да әр шәкірттің жүрегінен орын алар «Бастауышым – бастамам, бал бұлағым» деген өлең жолдарының маңызы ерекше. Білім берудің бастауыш сатысында үздік білімімен ерекшеленген озат шәкірт Сабина Сәбитқызы – Мақтау қағаздарымен марапатталған талабы таудай, өнері айдын көлдей мөлдір, талантты өрен.
Ал сынып жетекшісі болса өз шәкірті туралы: «Ақылына көркі сай ибалы Сабинаның бойынан білімқұмарлық, табандылық, төзімділік сияқты жақсы қасиеттерді көруге болады. Лицейіміздің мақтанышы, өз-өзіне сенімді, оқуда озат, еңбекте алда жүретін мақсатшыл шәкіртімізден мол үміт күтеміз», – деп ағынан жарылды.
«Мәртебең биік болса, алыстан көреді. Жақының да, жатың да иіліп сәлем береді», – дейді халық даналығы. Ізденімпаз Сабина «Человек и природа – 2016» Халықаралық зияткерлік ойын-сайысының жаратылыстану бөлімі бойынша ІІ орын иемденіп, Дипломмен марапатталды. Абыройы асқақ, өнерлі ару Балғабаева Сабина 2017 жылы ІІ Халықаралық жасөспірімдер және ересектерге арналған «Жас дарын» өнер байқауына қатысып, 7-11 жас аралығында «Халық биі» номинациясы бойынша өнер көрсетіп, жүлделі ІІ орын иегері атанды. 2018 жылы балдық және заманауи билер бойынша Клубтық турнирде І орын алып, жеңіс тұғырына көтерілді. «Мектеп жұлдызы – 2018» шеруінде Сабина Сәбитқызы «Өнер саңлағы» номинациясын иемденген мәртебесі биік өнерлі өрен. Өнерпаз ару Сабина Балғабаева 2019 жылы ІІ Республикалық хореографиядан Ашық конкурс-фестиваль аясында «Халық биі» номинациясы бойынша өнер көрсетіп, ІІ дәрежелі Диплом иегері атанып, мерейі үстем болды.
Балғабаева Сабина ата-анасы мен ұстаздарынан алған тәлімі мен білімділігінің, еңбекқорлық пен табандылық қасиеттерінің арқасында лицей өмірінде біршама жетістіктерге қол жеткізе білді. Руханият әлеміне жақын сезімтал Сабина 2019 жылдың 24-27 наурыз аралығында өткен ІІ Халықаралық «ЕВРОПА-АЗИЯ» шығармашылық конкурс-фестивалға 7-9 жас аралығындағы категория бойынша қатысып, Халық биі номинациясы бойынша «Gold Step» би академиясының құрамында І орын алған жеңімпаз.
Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік Сабина 2020 жылы 10 ақпанда ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай бастауыш сынып оқушылары арасында өткен «Асыл сөзді іздесең, Абайды оқы ерінбе!» атты байқауда «Абайдың қара сөздері» аталымы бойынша ІІІ дәрежелі Дипломмен марапатталып, марапаттарын еселей түсті.
«Әрқашан әдептілікті сақтап, әдемі болып жүрейік» деген ұстанымда жанына серік еткен зейінді жас Балтабаева Сабина Сәбитқызы келешектің кемел келбетінде – медициналық оқу орнында терең білім алып, білікті дәрігер болуды мақсатына балайды. Ұлы Дала халқының әл-ауқатын арттырып, денсаулығын жақсарту жолында аянбай еңбек етуді перзенттік парызы санайды.
Сапалы білімімен, өзіндік көзқарасымен алдағы мақсаттарын айқындап алған Сабина Сәбитқызының армандары жүзеге асып, алда талай асуларды бағындырып, жақсы істерімен көзге түсетіні анық.
Кемел келешегінде Сабинаның білікті маман, танымал тұлға болып, Ұлы Қазақ Елінің көркеюі мен гүлденуіне сүбелі үлес қосып, қазақтың мақтан тұтар қыздарының бірі болсын деген жүрекжарды тілегімізді жеткіземіз!