Рухы биік жас ел ертеңінде Отанына адал қызмет етіп, кәсібі мен алдына қойған мақсаттарына қол жеткізеді. Жүрегінде елдік пен патриоттық сезім ойнаған рухты, қайсарлығы көзінен көрінетін Утегулова Сая Саматқызы 2006 жылы 12 шілдеде Ақтөбе қаласында дүниеге келді.
«Шұғыла» балабақшасын бітіргеннен кейін, №9 мектеп-гимназиясына оқуға қабылданды. Сол жылы А.Жұбанов атындағы колледжге скрипка (сольфеджио, хор) мамандығына оқуға түсіп, 2-сыныпты үздік бағаға бітірді. Қатарластарының алды болған Саяға кенеттен денсаулығына байланысты оқуын тоқтата тұруына тура келді. Бронхы демікпесімен екі рет реанимацияға түсіп, ұзақ уақытқа созылған емінің әсерінен оған сабағын біршама кезге дейін тоқтата тұруына тура келді. «Материнства и детства» орталығында ем алған соң, жағдайы бақылау мен күтімді қажет етті. Десе де, осы жағдайына қарамастан, ән айтуға құштарлығы тыным таптырмады.
2016 жылы мектеп жанынан «Шаңырақ» аула клубы ашылды. Бұл айтулы шара жайлы Сая біліп, анасынан клуб үйірмесіне жазылуға рұқсат сұрап, ақыры көндірді. Анасының келісімі арқылы өнерлі жеткіншек вокал, заманауи би, актерлік шеберлік курстарына баруды қолға алды.
Үш айдан соң, «MediaPro» продюсерлік орталығына актерлік шеберлік, вокал, хореография біліктілігі бойынша кәсіби топта оқытуға іріктеу жарияланды. Бұл іріктеуден Сая ару тыс қалмады. Нәтижесінде 2017 жылы «MediaPro» продюсерлік орталықтың жазғы маусымында экран сынағына қатысты.
Мұнда сценарийлік жұмыс, режиссура, PR-management, актерлік шеберлік, сахна тілі тағы басқа шығармашылық процестерге, түсірілім алаңының тәртібіне қанықты, бейімделді. Сол кезеңде «Үздік актриса», «Үздік образ» номинацияларының жеңімпазы атанды.
2018 жылы наурыз айында «Rainbow» халықаралық өнер бірлестігі І халықаралық «Весенние напевы» балалар мен жасөспірімдер және ересектер шығармашылығына арналған фестиваль-конкурсын ұйымдастырды. Профессор, Өзбекстанның халық әртісі Садыков Фарух төраға болған байқауда Сая І дәрежелі дипломмен марапатталып, ел абыройын асқақтата түсті.
Осы жылы көктем мезгілінде Астана қаласында өткен халықаралық «Алтын дауыс» байқауында «Эстрадалық вокал» номинациясында І орын және кубок жеңіп алған әнші Саматқызы Саяның өнердегі талпынысы жоғары.
Сабақтан тыс уақытында ән айтады және фортепианода ойнайды. Мектепішілік мерекелік шараларға белсенді араласады. Хордан дәріс алады. «Калейдоскоп» үйірмесіне барады. Лирикалық, поп, джаз басқа да ән жанрларында ән айтуға қабілеті бар және заманауи билерді билейді. Қазіргі таңда Сая тыңдалымнан өтіп, музыкалық мектепке қайта қабылданды.
Сая Саматқызы – таңданарлық, ерекше дауысты жас әнші. Сахнада өзін сенімді, көркем және харизматикалық тұрғыда өте жақсы ұстайды. Сахна ханшайымы – танымал әнші Анна Германның тұрақты тыңдарманы, адал жанкүйері.
Тегінде бар тектілік жарыққа шықпай қоймайтыны секілді, таланты жеткіншектің бойындағы өнерге жақындық әкесінің қанымен келген. Әкесі Утегулов Самат Сағынтайұлы 1984 жылы 11 қарашада Ақтөбе қаласында дүниеге келеді. 2006 жылы мамыр айында автокөлік апатынан қаза табады.Сая әкесінің қазасынан екі ай өткенде, дүниеге келді. Әкесі өте мейірімді, еңбекқор, таланты, жаны жайсаң азамат болатын. Өз бетінше синтезатор мен гитарада керемет ойнауды меңгерген тума талант иесі болған.
Анасы Әлия Хабитқызы 1986 жылы 22 желтоқсанда жарық дүние есігін ашады. Жоғары білімді. Қазіргі таңда «Энергосистема» ЖШС-де бас есепшінің орынбасары. Міне, есепке жүйрік және жүрегі «шығармашылық», «өнер» деп соғатын асыл жандардың жанынан жаралған Сая Саматқызы бүгінде жетістік құлпын ашып, қазынаға толы өмір арнасында бойжетіп келеді.
Басына түскен қиындыққа мойымаған, кездескен кедергіге қасқая қарсы тұратын, өмір ағынымен жүзіп келе жатқан қайсар қыз арманына жетер жолда тек өзіне сенеді. Абай атамыздың:«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» – деген даналық сөзі тура Сая Саматқызына айтылғандай. Сенім түбі – жетістік. Жетістікке жетудің кілті – еңбекте, қозғалыста. Осы жолда біз де өз тарапымыздан жігерлі арудың қанаты талмайтынына сенім білдіреміз!