Кумарова Тамирис

Рейтинг:


      Жас ұрпақты бiлiм нәрiмен сусындатып қоймай, өмірдің сан тарау жолында бағыт-бағдар беру – ата-ананың бұлжымас парызы.  «Адамнан адам тәлім, үлгі алады». Тамирис те осы ұстанымды өмірлік қағидасына айналдырып, текті ата-анадан  тағылымды тәрбие алып бой түзеп келеді. «Тәрбиелі адам тағаланған атпен тең» дейді дана халық. Бұл сөздің астарына үңілетін болсақ, перзент мықты тәрбиеге қанығып өссе, келешекте түзу жолдан таймасы анық.
     «Әр адамның өмір жолы, тағдыр соқпағы, жас ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі. Оны дара ету – жұмыр басты пенденің өз қолында. Мен де  келешекте   тұлғалық даралығымды қалыптастырып, еліме пайдам тисе деген жолда ізденіп жүрмін. 
     Сондықтан да қазіргі кезде білімімнің   көрсеткіштеріне қарқынды түрде күш салып, беделді білім ордаларының біріне оқуға түсуге ұмтылудамын. Ата-анамның алдындағы перзенттік парызымды орындасам – үлкен арманымның орындалғаны емес пе?!» – деп, ішкі арман-тілектерімен бөлісті қазақтың қаракөз қызы Кумарова Тамирис.
       Алғы күнге жақсы ниетімен қадам басқан зерек Тамирис ынтымағы мен бірлігі жарасқан, жылуы мол  отбасында 2010 жылы 21 қазанда дүниеге келді. Дарынды қыздың отбасы бүгінде оның жетістігімен мақтанады. Қасиеті мол, ақылы дара, өнегесі үлгі ардақты ата-анасы Кумаров Бауыпжан мен анасы Кумарова Шолпан – ұлағаты мол, шарапатты жандар. Мейірім шуағына бөлеп жүрген Тамиристің  отбасында бес тармақты жұлдыздай жарқыраған 5 жан тату-тәтті күн кешуде. «Бауырмен өмір мәнді» дейтін бауырмал, көпшіл Тамиристің алдында үлгі тұтар қамқор ағасы Мирас пен  ізінен ерген сүйкімді сіңілісі Саида бар. Бауырлар өзара өте тату, бір-біріне қамқор, тілекші.
      Білмейтінін білуге ұмтылатын, жақсылыққа талпынатын зерделі балдырған «Айналайын» балабақшасына барып, таным көкжиегін кеңейтеді. Өзі секілді балалармен араласып, оң мен солын танып, әдептілік әліппесін меңгереді.
       Шашын жел тарап, маңдайын күн сүйген ақ бантикті, ақ көңілді, ақжарқын Тамирис №27 мектеп-лицейіне шәкірт боп қабылданған күннен бастап өз ортасымен тез тіл табысып, білім ордасынан көптеген достар тапты. Мектепте өткізілетін барлық іс-шаралардың бел ортасында жүретін белсенді шәкірт талай жарыстарға қатысып,  жетістіктерге қол жеткізіп, аталмыш мектепте 2-сыныпты үздіктер қатарында бітіріп, «Өте жақсы оқығаны үшін» Мақтау қағазымен марапатталып, мектептің маңдайалды озат оқушыларының көшін бастады. Білімпаз шәкірт Тамирис қазіргі кезде аталмыш білім ордасының 3 «Г» орыс сыныбында білім әліппесін меңгеруде.
      ІІ Халықаралық көпжанрлы «BEST STARS» фестиваль-конкурсына қатысып, ІІ дәрежелі Диплом иемденді. «Көктем гүлі әз Наурыз» атты Республикалық көркемсөз, ән-би, өнер байқауына «Хореография» номинациясы бойынша қатысып, І дәрежелі Диплом, «Аққу – 2019» Халықаралық би күніне арналған байқауда І орынға ие болды. «Тоника» IV Халықаралық фестиваль-конкурсында «Шолпы» биін билеп, Дипломмен марапатталды. «Розы Казахстана» Халықаралық фестиваль-конкурсына қатысқандығын растайтын Сертификат, «Весенние напевы» І Халықаралық фестиваль-конкурсында Гран-при жеңіп алды. «Звездный танец» Халықаралық хореография конкурс-фестиваліне белсене қатысқаны үшін Грамотаға ие болды.
      Халқымыздың заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов: «Оқу-білімсіз өнер де жоқ, ақын болу үшін де, болмаса басқа түрлі өнерпаз болу үшін де, ең алдымен білім керек», – деген екен. Білімнің пайдасын ерте түсінген білімпаз шәкірт мектепішілік, қалалық, республикалық, халықаралық білім сайыстары мен пән олимпиадаларына қатысып, жүлделі орындарды иемденуде. Жаны нәзік, көңілі көркем Тамирис тапқырлығымен, ізеттілігімен ерекшеленіп, шығармашылыққа жақын өнерпаз екенін көрсетіп, жыл сайын  білімін жетілдіріп, қарыштап алға басып келеді.
      Халық даналығы: «Көп көрген үйренеді, көп білген сый көреді», – дейді. Расында да,  білімдінің аты озып, бәйгенің алдын бермейтіні  хақ. Озық ақылы, тағылымды тәрбиесі арқылы жастайынан   ортасының алды болып есейіп келе жатқан Тамирис – ұлы істердің бастамашысы болатын қазақтай дана халықтың абыройлы жастарының бірі. Өсер бала жастайынан белгілі.
      Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік Тамирис – арманшыл, сезімтал өрен. Зерделі, қабілетті қыз жастайынан руханият әлеміне, би өнеріне өте жақын. «Би өнері адам өмірінің эмоциялық табиғаты мен оны қоршаған табиғи ортаны бейнелеген көркемдік шығармашылық салаларында елеулі орын алды. «Өнер – өнегелі, ақылды адамдарды тәрбиелейтін құрал», – деп Кеңес педагогы В.А.Сухомлинский айтып кеткендей, тәрбие үрдісінде өнерге аса көңіл аудару қажеттілігін атап көрсеткен болатын. Сол өнердің бірі – би өнері.  Өнерлі өрен Кумарова Тамирис – «Zhuldуz» би ансамбілінің тұрақты мүшесі. Осы ансамблдің құрамында дөңгелете би билеп, көрермен көзайымына айналып, талай марапатқа ие болып, мерейі үстем болды.
      Салауатты өмір салтын ұстанатын жаңашыл жас спортқа да біртабан жақын. Табиғат аясында демалып, музыка тыңдап, би билеуді де ұнатады. Сонымен қатар қолы қалт еткенде анасына көмек беріп, іс тігумен де айналысады.
     «Ақылды қыз білімге жүгіреді» дегенді санасына тоқып, тек биіктерге қарай талаптанып келе жатқан Тамирис оқуын ойдағыдай бітіріп, жоғары білім алып, дәрігер және мұғалім мамандықтарын қатар меңгергісі келеді.
      Әрине, бір қарағанда оңай көрінгенмен, бұл қызметтердің өзіне тән қиындығы мен қызығы да көп. Алдына мақсат қойып, оған жеткенше тынбайтын мақсатшыл жас басқа жаққа бұрылмайтыны шындық. Ендеше, ойы терең, жоспары мығым, мақсаты биік Тамиристің  халқының мақтан тұтар тұлғасына айналарына сеніміміз мол.
      Адамның ой-зердесі қаншалықты биік болса, оның тұғыры да биік болмақ. «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». Ұлы ақын Абай айтқан дәл осы қасиеттер болашағын Қазақстанның жарқын келбетімен байланыстырған Кумарова Тамиристің бойынан табылады. Алдына қойған мақсаты мағыналы, мұраты асыл Тамиристің армандары аласармақ емес. Келешек қадамына тек сәттілік серік  болсын дегіміз келеді!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости