«ЕЛ СЫЙЛАЙТЫН АЗАМАТ БОЛУ – ПАРЫЗЫМ»
«Білім – жанып тұрған шырақ», – дейді халық даналығы. Осы білімнің биігін бағындыруды мақсат еткен Сұлтанмахмұт та, Мағжан да, Шоқан да қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып, күн болуды аңсады. Бүгінгі көзі ашық, көкірегі ояу жандар – сол ұлт зиялыларының өлшеусіз еңбегінің ізбасарлары.
«Атаның емес, адамның баласы бол» деген кемеңгер ұлттың болашағы Отаныны
ң гүлденуіне тамшыдай болса да үлесін қосуды көздейді. Бұл ретте, «Бекзат» деп есімін қойған ата-ана алтын асықтай ұлдың мақсатшыл, биіктерге көз тігер алғыр ұлан боларына сенім артқан болар?! Бекзат Саттарханов секілді ұлт мақтанышы болуға лайық болсын деген ізгі ниеттен туындаған болар деген ойдамыз.
Данышпан, ойшыл Әл-Фарабидің «Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту» деген ұстанымын басшылыққа алатын баланың жүрегі әрдайым «елім» деп соғады.
«Менің мақсатым, – дейді жас ұлан алысқа көз тастай қарап, – Байтақ еліме бір пайдасы тиер лайықты азамат болу. Нағыз адам болу. Иә, ол үшін бойымдағы барлық қабілетті шыңдап, елімнің өркендеуі жолында еңбек етуім керек».
Ер жүрек бабалардың ұрпағы Мейрхатов Бекзат тарихы терең киелі мекен Көкжал Барақ батыр жерінде, Күршім өзені бойында орналасқан Сарыөлең ауылында 2007 жылы 9 желтоқсанда жылуы мол отбасында өмір есігін ашты. Ол «тәй-тәйлап» басып, айналасын қуантқан балдырған шағында-ақ зеректігімен ерекшеленді. Тілі ерте шығып, екі жасында қазақ және орыс тілі алфавитін үйреніп алды.
«Жігітке жеті өнер де аз» дейді дана халқымыз. Өскемендік өрен Бекзат Мейрхатов бойына сан өнерді жинаған талапты шәкірт мектептегі қоғамдық жұмыстардың барлығына белсене қатысып, спортқа да біртабан жақын болды. Салауатты өмір салтын ұстанатын өрелі өрен жастайынан волейбол спортымен айналысып, басқа да спорт түрлеріне қызығушылық танытты.
«Білімдіден шыққан сөз, талаптыға болсын кез», – дейді ұлы ақын Абай. Ал атақты Македонский: «Мен ұстазым Аристотельді әкемнен кем құрметтемеймін. Өйткені, ата-анам маған өмір сыйласа, ұстазым сол өмірді қалай сүру керек екенін үйретті», – деген екен. Бойындағы талабын шыңдап, ұстазын ұлықтап жүрген ұлағатты ұрпақтың бірі – Мейрхатұлы Бекзат – текті әулеттің саналы ұрпағы, өнегелі отбасының перзенті. «Жақсыдан жақсы туады» дегендей, талапты ұлдың асқар тау әкесі Касаинов Мейрхат Кадылханұлы – парасат-пайымы жоғары, көкірегі ояу, көзі ашық жан, қамқор әке, отбасының тірегі. Ұлына ақыл-кеңесін беруден жалықпайтын әкесі – Бекзаттың тұсбағдары. Ажарына ақылы сай, өмірі өнегемен өрілген нұр сипатты, көркем мінезді, мейірбан анасы Касаинова Асем Алтайбекқызы – перзенті үшін бәріне дайын абзал жан. Жарасымды жұп бала тәрбиесін бірінші орынға қойып, бала тәрбиелеуде жалынды ақын Мағжан Жұмабаевтың «Бала тәрбиесі – бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер» деген қанатты сөзін басшылыққа алған ата-аналар қатарында.
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасының мәуелі бәйтерегі, қазыналы қарты, Бекзаттың сүйікті әжесі Гүлжамал – бақытты ана, ұлағатты әже. Әжесі немересінің жарқын болашағына сенімді. Сүйкімді Бекзаттың алдына үлгі тұтар, жанашыр әпкесі Алтынай мен ізінен ерген қырмызы гүлдей қарындастары Назлы мен Айжұлдыз бар.
Озық ойлы, дала сайыпқыранындай биіктікті аңсайтын Бекзаттың ойынша, жетістікке жетудің үш ережесі бар. Олар: өзгелерден артық білу, өзгелерден көп еңбектену, өзгелер күткеннен азға үміт ету. Дәл осы ұстанымдарды мақсатқа жетуде басты қару санайтын текті ұрпақ – талай білім бәсекелерінің жеңімпазы.
«Жігіт қадірі - өнерімен өлешенер болар», – деп Мұхтар Әуезов айтып кеткендей, кішкентайынан өнерімен танылып жүрген дара болмысты, ақылы қатарынан асқан, ғылым мен өнердің түрлі салаларынан хабары мол, техника тілін меңгерген Бекзат – бойындағы түрлі қасиеттерімен көпті таң қалдырған ұлағатты ұлан.
Зерек, алғыр балақай 2010 жылы үш жасқа толып, «Қарлығаш» балабақшасына барып, оң мен солын танып, әдеп әліппесін үйренді.
Кекілін жел тарап, маңдайын күн сүйген Бекзат Күршім ауданындағы Сарыөлең ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы қазақ орта мектебінің табалдырығын аттап, шәкірт атанды. Сабақты бар ынтасымен оқып, озат оқушылардың санатына енді.
Отбасының Риддер қаласына қоныс аударуына байланысты талапшыл ұл қаладағы «Шаңырақ» мектеп-гимназиясына ауысып, білім алуын жалғастырды.
Алғашқы күндерден-ақ өзін жақсы жағынан көрсетіп, сынып белсендісіне айналды. Мектепте өтетін барлық іс-шараларға үзбей атсалысып, білім мен өнер сайыстарына қатыса бастады. Мектептің маңдайалды, үздік оқушыларының қатарына еніп, жетістік қақпасына кірді.
Руханият әлеміне жақын өнерлі өрен Бекзат Мейрхатұлы 2017 жылы Майра Ілиясованың «Жұлдыз болғың келсе» атты Республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдерге арналған өнер байқауына қатысып, «Эстрада-вокал» номинациясы бойынша І орын алып, Дипломмен марапатталды.
Талабы таудай, арманы биік ұлан 2019 жылы «Қос қыран» білім мен шығармашылықты дамыту орталығы мен Республикалық ғылыми-әдістемелік, спорттық-патриоттық «Спорт жұлдыздары» журналының «Білім нұры» қосымшасымен бірлесіп өткізген «Нұрталап – 2019» Республикалық өнер байқауында вокал жанры бойынша І орын алып, мерейі үстем болды. «www.red.kz Қазақстан ұстаздары» редакциясы мен «Talent Academy» ұжымының қолдауымен 2018 жылы 15 қыркүйек пен 15 қазан аралығында өткізілген Республикалық «Сырлы бояу – жүрек сазы» атты дарынды оқушылар байқауына қатысып, жүлделі ІІІ орынға лайық деп табылды.
Бекзат – білім мен өнерді қатар алып жүрген жас талант. Бекзаттың «Жас сарбаз» қатарында болсам деген арманы да орындалып, білімпаз шәкірт 2019 жылдан бастап «Глубокий» елдімекеніндегі Оралхан Бөкей атындағы қазақ орта мектебінің «Жас сарбаз» арнайы сыныбында білім алуда.
Әр қадамы алымды, жарыста бәсі биік, оқуда өресі асқақ Қазақстан болашағы Бекзат Мейрхатұлы кемел келешегінде Әміредей атағы алысқа жайылған әнші, танымал тұлға, абыройлы азамат болуды қалайды.
Қыран құстай биіктікті жақсы көретін жаңашыл жас бос уақытында таза ауада серуендеп, достарымен бірге болашаққа жоспар құрады. Сонымен қатар ақыл-ойды шыңдайтын, ойлау ұшқырлығын дамытатын кубик-рубик құрастырғанды ұнатады.
Білімге ынтық өрен ғаламтор беттерін шарлап, түрлі бағдарламаларды қарап, ғылым мен техника жайлы соңғы ақпараттарды саралайды. Келешекте ол заман талабына сай программист мамандығын меңгеріп, осы саланың майталман маманы болуды қалайды.
Тәрбиелеп өсірген ұрпағың биіктен көрініп, білімі мен талантының арқасында талайды таңдай қақтырып жатса, қандай керемет!
Ұлы ақын Абайдың «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап» деген даналық ойын өзінің бағдаршамына балаған кемел келешек тұтқасы Бекзат Мейрхатұлы жасампаз елдің жарқын болашағына сенеді.