Адам баласы қиял арқылы осы күнгі қолданыстағы дүниелерді шығарды. Ұшы-қиыры жоқ алып дала төсінде көсіле шапқан қазақтың азаматтық ұстанымы да белгілі. Бала – бұлақ тәрізді. Көзін ашсаң, сарқырап ағып жатыр, ағып жатыр. Арнасына түсіп кетуге бағыт берсең, талапшыл бала биіктерге самғауға бет алады. Қазақ баласы қай жерде дүниеге келсе де, бойында қаны тулаған қазақтың атамекені оның мақтанышы болып өмірлік қалады екен. Тарихы терең, қойнауы құтқа толы қасиетті мекен Ақтөбе облысы, Келес ауданы, «Ұшқын» ауылында бір отбасын зор қуанышқа бөлеп, жадыраған жаздың шуақты шағында, яғни 2005 жылы 1 маусымда өмірге келген Нұрлыбек Бекжан – алғы күнге жетістіктерімен қадам басуда.
Бойындағы тектілік пен қарапайымдылық болмысымен ерекшеленетін әкесі мен жүзінен нұр, мейірінен шуақ шашып жүретін анасының қамқорлығына бөленіп, үлкендерден үлгі-өнеге алып, зерделі, қабілетті болып ержетіп келеді.
Балалықтың бал дәмін татып, 3 жасында туған қаласындағы «Нұрай» балабақшасына қабылданып, таным көкжиегін кеңейтіп, әдеп әліппесін меңгерді. Балабақша қабырғасында жүріп, ән айтып, тақпақ жаттап, руханият әлеміне жақын болды.
Кекілін күн сүйіп, шашын жел тараған текті Ақтау қаласының №21 жалпы орта мектебінің табалдырығын тарыдай болып аттап, білім әлеміне жол тартты. «Білгенге маржан» дегендей, Нұрлыбек Бекжан бастауыш сыныптарын үздік бағамен бітіріп, жетістікке жетіп, жақындарына қуаныш сыйлауда. Талапты ұл ұстаздарының айтқанын екі етпей, берілген тапсырмаларын ыждаһаттылықпен орындайды. Білімге құштар шәкірт екенін байқатып, сынып оқушыларының арасынан бірден суырылып алға шығып, білім баспалдақтарымен жоғары өрлей бастады.
Білімпаз шәкірт 2014 жылы «Бөбек» сауықтыру кешенінің базасында демалыс кезінде «Дос болайық» атты мерекелік іс-шараларға белсене қатысқаны үшін марапатталды. Бастауыш сыныптың 3-4 сыныптарын Алматы қаласының Бөлтірік Атыханұлы атындағы №36 мектеп-гимназиясында оқып, үздік бағалармен бітірді.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дейді қазақ даналығы. Зейінді, талапты Бекжан Алматы қаласының Б.Атыханұлы атындағы №36 мектеп-гимназиясы жанында «Mathematics Without Borders» турниріне 2 рет қатысып, жақсы нәтижеге қол жеткізді. Руханият әлеміне жақын өнерлі өрен Бекжан Бердібекұлы мектепішілік «Жігіт Сұлтаны – 2016» байқауына белсене қатысқаны және ерекше өнер көрсеткені үшін «Сегіз қырлы, бір сырлы» номинациясын жеңіп алып, мерейі үстем болды.
Ұлағатты ұлан «Қазақ радиосына – 95 жыл, Шалқар ұлттық арнасына – 50 жыл толуына» орай ұйымдастырылған IV Республикалық «Тайжарыс» радиобайқауында І орын иемденіп, марапат биігіне көтерілді. Білімпаз шәкірт 2016 жылы «International Online Olympiad Nalanda – 2016» қатысып, ІV орынға тұрақтады.
Түркі ғалымы Махмұд Қашқари: «Ұлым саған айтайын өсиетін дананың, Білімдіні таны да, соңынан ер, қарағым», – деген еді. 2016 жылы Нұрлыбек Бекжан Алматы қаласының С.Ходжиков атындағы №39 мамандандырылған лицейіне конкурстық негізде 5-сыныпқа оқуға қабылданды. Жемісті жылы ізденімпаз шәкірт Алмалы ауданы оқушыларының ХХ спартакиадасының желісінде футбол ойынан өткен біріншілікте жүлделі І орынды жеңіп алып, жақсы нәтижеге қол жеткізді.
2017 жылы 5-сынып оқушысы Бекжан Пифагор мектебінің «Логика» секциясына қатысып ІІ, ІІІ дәрежелі Дипломмен марапатталып, 5-сыныпты үздік бағамен тәмамдады.
2018 жылы отбасылық жағдайға байланысты Ақтау қаласына қоныс аударып, қаладағы №21 жалпы білім беретін орта мектебіне қабылданып, осы мектепте 6-сыныпты үздік бітіріп, Мақтау қағазымен марапатталды. 2019 жылы қабілетті шәкірт Нұрлыбек Бекжан Бердібекұлы Ақтау қаласындағы беделді білім ордасы «Білім-Инновация» лицейінің 7-сыныбына қабылданды.
Өрелі өрен әдеби кітаптарды, баспасөз материалдарын көп оқиды. Өнерге, ғылымға, әдебиетке деген қызығушылығы өте жоғары. Спорт десе, ішкен асын жерге қояды. Лицейішілік спорттық, мәдени шараларға белсене қатысып, барлығының бел ортасында жүруді әдетке айналдырған.
Салауатты өмір салтын ұстанатын, спортқа біртабан жақын Бекжан 2019 жылы лицейде өткізілген «Үстел теннисі» іс-шарасына белсене қатысып, І орын жеңімпазы атанды. Сондай-ақ 2019 жылдың 22 ақпанында лицей қабырғасында өткен «English Week» апталығы бойынша Мақтау қағазымен марапатталды.
Бекжан бос уақытында достарымен ала доп қуалап, жасыл алаңда денесін шынықтыруды ұнатады. Сонымен қатар білім көкжиегін кеңейтіп, қосымша білім алуға да көп көңіл бөледі. Көңілге түрлі ой салар әсем ән мен тәтті күйді ұнататын жігерлі жеткіншек домбырада күй шертіп, сезім иірімдерін дәл басады.
Болашақ бедерінде заманауи жас жоғары білім алып, өмірге бір кірпіш болып қаланып, Ұлы Қазақ Елінің гүлденуі мен дамуына өз үлесін қосатын білікті маман, парасатты перзент, абыройлы азамат болуды армандайды.
«Сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт болуды қалайтын, өзін еліміздің патриоты санайтын, жақындарының көңіліне қарайтын жігерлі жас Нұрлыбек Бекжан Бердібекұлының жүзі жарқын, жүрер жолы айқын, келешегі кемел болатыны анық!