Ертай Темирлан

Рейтинг:

      Жастар – қай  кезде  болмасын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы. Кемел білім мен тәлімді тәрбиемен қаруланған  жастардың   ойлау қабілетіне еркіндік беріп, шектемей, жетелеп, адастырмай бақылап, керек кезінде жолын көрсетіп отыру дұрыс. Саналы тәрбие мен  қайсар рухта қалыптасқан жас буынның адалдық жолынан таймай, парасат биігінде қалары анық.
      Осындай адалдық пен жасампаздықтың сара жолында өз қадамын басып келе жатқан бүгінгі дарынды жастардың бірегейі  Ертай Темирлан Қуанышұлы. 
      Киелілік пен құдіреттің қанат жайған ордасы Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласында 2007 жылы 20 қазанда  дүниеге келеді. Ертай Темирлан  – перзенттерінің күлкісі мен шаттығына шомылған, ұлдарын ұлықтап отырған  көпбалалы отбасының мүшесі. Отбасының тірегі, қамқоршы жаны, дастарқанынан  адал асы арылмаған, қонақжай анасы Избасова Рысхан Жүзбайқызы   – шаңырақтың бақытты бесігін  аналық сүйіспеншілігімен тербетіп отырған ізетті ана, отбасының тамыры мықты  бәйтерегі. Отбасының ортаншы  ұлы   Темирланның арқа сүйер қос ағасы Ерлан мен Нұрлан және інісі Қабілет әрдайым бауырларының  әр бастамаларына қолдау танытып,азаматтық тұлғасын сомдауда жетекшілік етіп келеді. Нағашы әжесі Алимжанова Шолпан да жас қырандардың биікке самғап, қанаттарының темірдей қатаюы жолында тағылымды тәрбиесі мен өнегелі ақылын айтып отыр.         Әр қоғамның өз мектебі бар, бірақ бәрі де бір мәселемен  айналысады. Ол – жас ұрпаққа  бойына тәлімді тәрбиемен қатар сапалы  білім беру.
      Білмекке құмарлық – ұлылыққа ұмтылудың бірден-бір жолы. Ал ұлылықтың өзі кішкентай жетістіктен бастау алары кім-кімді де ойландырары анық. Біздің  жас досымыз Темирлан Қуанышұлы   Жаңаөзен қаласындағы Көктем шағын ауданында орналасқан №7 мектептің алғашқы табалдырығын аттап, бастауыш партасына отырды. Бастауыштың сатысында осы білім ошағында білім алып, дүниетанымдық қабілетін қалыптастырды. Терең білімнің тұнығына құлаш сермей отырып,   білімін одан әрі жалғастырып, бұл күнде Ақтау қаласындағы 29 шағын ауданында орын тепкен №28 мектебінің жас шәкірті, үлгілі оқушысы атанып жүр.  Дарынды шәкірт Ертай Темирлан ұлы дана, ойшыл  Демокриттің «...Өнер де, даналық та, егер оны оқып-үйренбесе, қолға түспейді» деген мағыналы ойын санасында жаңғырып, білімнің алмас шыңы болмайтынын түйсініп келеді. Жеткен жетістіктері мен табыс шыңы да мақтанарлық. Сол жетістіктердің жемісті жылдары былайша өріледі:
      Әр жыл сайын  «Өте жақсы оқығаны үшін»  мадақтамамен марапатталса, 2017-2018 оқу жылдарында «Интернат Сұлтаны-2018» байқауында Бас Жүлде иеленіп, өзіндік тың болмысымен дараланды. 2019 жылы «Әр адамға өнер – тән, өнерлінің ісі – сән» атты эстетикалық-көркемдік апталығында белсенділік танытып, мәдениеті мен талғамы жоғары жас ұлан екендігін көрсете отырып, мадақтама иеленді. 1 наурыз  – Алғыс айту  күніне орай «Өмірге риза болып, алғыс айт»  тақырыбында шығармашылық қабілетін даралап, «Эссе жазу» байқауында ІІІ орынмен марапатталады. 2019 жылы 18-19 мамыр күндері Ақтау қаласында өткен республикалық «Ұлы дала Ұрпағы» байқауыныан «Көркем сөз» жанры бойынша ерекше шығармашылық, шешендік қабілетімен дараланып, ІІІ дәрежелі дипломмен мадақталған талантты ұлан. «Спорт – оптимистік көзқарас, саналы қимыл әрекеті» деп түсінетін алғыр өрен бос уақытында спортпен айналысады. Білімпаз ұлан Темирлан қатарлас достарымен футбол ойнағанды жақсы көреді. Жасыл алаңда доп теуіп, дене қимылын жасап, күш-қайратын арттырады. 
      «Өнерге әркімнің де бар таласы» демей ме ұлы ойшыл Абай Құнанбаев. Бойындағы таланты мен дарынын жетілдіріп, сахнада ойнау да – дарабоздың тағы бір өнерлі қыры.  
      Мәңгілік Елдің жас дарыны болашақ бедерінде жасампаз халқына адал қызмет етіп, өр қазақтың зеңгір аспанында жарық жұлдыз болып жануды көздейді. Тарих сахнасында жеке тұлға болып қалуды мақсатына балайды. Тек ғана алға, жас дос!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости