Жайдары Жайық жазда мамыражай табиғатымен ерекшеленсе, қыста да ақ мамыққа оранған күйі үнсіз жатады. Жазда жағалауда тыныққан тұрғындар, қыста үкі ойып, мұздан балық алған жұртшылық қарасы қалың. Қайсар қазақтың байтақ даласы мен аюлы Ресей алқабын байланыстырған ұзын өзендердің бірі. Аяулым Максотқызы осы өңірдің тумасы. Болмысы Жайықтай жарқын, мінезі алмастай өткір жан өзінің туған жеріне тартқан. Табылды айтқан аспанға қол созатын қыр баласының нақ өзі. Көркем гимнастикадан көкке қанат қаққан қарлығаш. Суйесинова Аяулым Максотқызы 2011 жылдың 23 ақпанында мұнайлы өлке – Атырау қаласында жарық дүние есігін ашқан.
Саялы бәйтеректей әкесі Суйесинов Максот Маратұлы мен Аманғалиева Динара Жароллақызының тұла бойы тұңғышы. Соңынан ерген Айзере, Айханым есімді сіңлілері мен Болат есімді інісі бар.
Қазақта үлкеннің тәрбиесін алып, әже әлдиін тыңдап, атаның мейіріміне шомылған жанды ұлт мақтанышына айналады деп күтеді. Елдің үмітін ақтап жүрген қаракөз қазақ қызы атасы Суйесинов Марат пен әжесі Баямирова Айгүлдің тәлімін бойға жинаған. «Жұрттың асылы – нағашы» деген бар. Аяулым нағашы ата-әжесі Аманғалиев Жаролла Сағынұлы мен Темірова Роза Бисенқызын жанындай жақсы көреді. Бар тәттісін немере деген асылына жинайтын үкендердің де үмітіне айналған.
Алғаш балабақша табалдырығын ол №18 «Балдырған» балабақшасында 2013 жылы аттаса, араға бір жыл салып «Қайнар» балғынжайына ауысты. 2017 жылы үздіктердің сапында тәмамдап, мектеп қабырғасында білім алды.
Балдырған бірінші сыныптан бастап, үздік оқушылардың көшін бастады. Ал көркем гимнастикаға төрт жасынан қатысады. Әсел Егеубаева мен Алина Альмуханованың үйретуімен үздік өнер көрсетіп жүр.
Ол небәрі төрт жасында Атырау облыстық ашық чемпионатында топ жарды. І орынға қол жеткізген ол «Жеңіске құштарлығы үшін» номинациясын қоса алды. Ал 2014, 2015, 2016 жылдары «Каспий жұлдыздары» ашық чемпионатында үш жыл қатарынан І орынды иемденді. Ал 2017 жылы Алматы қаласында өткен «Грация» турнирінде де ол жарыстың бас жүлдесін қанжығасына байлап, олжалы оралды.
Жас дарын 2018 жылы Атырау облыстық «Каспий жұлдыздары» байқауында «топтық жаттығудан» І орынға табан тіреді. Ал 2017-2018 жылдары халықаралық «Шағала» турнирінде екі мәрте ІІІ орынға қол жеткізді.
Ол облыс, республика көлемінде ғана емес, сұлулықтың отаны – Францияда да көркем өнердің биік шыңын бағындырды. Бұл 2018 жыл еді... Францияның Шамбери қаласындағы 200 спортшы бақ сынасқан байрақты бәсекеде 13 қыздың ішінен ІІ орынды еншісіне алды.
Болашақта Олимпиада чемпионы атануды арман етеді.
Талантты жас биіктерге көз тастады. Биіктікті қыранның қанатымен өлшейтін қазақтай қайсар елдің ұланы әрдайым елдің атын шығарумен келеді. Чемпион атануыңа тілектеспіз!