«БАРЛЫҚ САЛАДА АЛДА БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ»
«Мен елімнің ертеңімін. Менің бүгінгі алып жатқан білімім – ертең ел игілігіне айналатын күш болуы керек. Келешек келбетінде «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін?..» деп еңбек ету – барша замандастарымның борышы деп білемін. Мемлекетіміздің әлемдік алып державаларымен тең дәрежеде дамуы үшін, бүгіннен бастап жақсы білім алу, игеру – Отан алдындағы перзенттік парызым. Ұстаздарымның тілін алып, олар үйреткен әрбір дүниені санама сіңіре берсем артық болмасы анық. Себебі, мен болашақта Қазақстанның экономикалық мәдени, тарихи өсу жолында аянбай қызмет ететін азаматтардың бірімін», – дейді зерделі жас Жолдас Дінмұхаммед.
Әлем елдеріне саяхат жасау – бүгінде әрбір заманауи адамның арманына
айналды десек, артық айтқандығымыз емес. Саяхат барысында жаңа дүниелерді көріп, танымыңды кеңейтуге, жаңа көзқарастарға ие болуға мүмкіндік бар. Сондай бір арман иесі – Алматы қаласының тумасы Жолдас Дінмұхаммед Азаматұлы. Қазақстанның мәдениет орталығы болып саналатын Алматы шаһарында 2006 жылы 12 тамызда ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасында жарық дүние есігін ашты. Отбасының кенжесі – әулеттің алып бәйтерегі атасы Жолдастың 15-немересі. Бақ қонған берекелі, татулық пен сыйластықтан құралған отбасының негізін қалаушы әкесі – Жолдасұлы Азамат және сыйлы отбасының ұйтқысы, мейірімі шексіз анасы – Бекемкулова Гүлдархан. Жарасымды жұп бала бақытын басты орынға қойғандардың қатарында. Биік болмысты әкесі Жолдасұлы Азамат – өмірін әскери қызметке арнаған абыройлы азамат, отбасының қорғаны, балаларының ақылшысы. Бала тәрбиесінде қамқор әке – халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қанатты сөзді басшылыққа алған жан. Перзенттерінің адамгершілігі мол, жауапкершілігі зор, білімді тұлға болып қалыптасуын қалайды. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылданатын әке балаларының да спортпен айналысқанын қадағалап отырады.
Жаны жайсаң, мінезі дархан, күндей күлген нұр сипатты анасы Бекемкулова Гүлдархан бүгінде ІІМ қарасты «Алматы – 1» станциясының желілік Полиция басқармасының баспасөз қызметкері. Анасы ұл-қыздарының әдептен озбайтын, білімге құштар, ізденімпаз болып өсуіне көп көңіл бөледі.
Бауырына қамқор болып жүретін, кенжелігін, еркелігін көтерер жанашыр әпкесі Фариза Жолдас – ажарына ақылы сай ару, отбасының қырмызы гүлдей құлпырған қызғалдағы. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба сонда жүреді» демекші, Дінмұхаммед әрқашан өзінің әпкесін үлгі тұтып, мақтан тұтады. Білімді, белсенді, жігерлі әпкесі алтын ұя мектебін «Алтын белгіге» бітіріп, мерейі үстем болған заманауи жас. Қазіргі кезде білімсүйгіш шәкірт Фариза Азаматқызы – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің І курс студенті.
Білім кілті – мектепте демекші, екінші үйіміз – мектеп. Мектеп – балаларды бүлдіршін кезінен бастап, есейіп ержеткенге дейін білім нəрімен сусындатар алтын ордамыз. Білімнің алтын нәрін сусындауға бағыт алған жас талап – Алматы қаласының №59 мектеп-гимназиясының 7 «А» сыныбында білім алып жүрген зерделі жас. Жастардың төзімді, батыл болып өсуі үшін тек футбол матчтарына барып, белгілі рекордсмендердің есімін жаттап қана қоймай спортпен күнделікті айналысқанды жөн санайтын және өзі секілді күреске жастарды баулитын Дінмұхаммедтің бүгінде бұл бағытта қол жеткізген нәтижелері ауыз толтырып айтарлықтай.
«Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа!», – деген Тұңғыш Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың нақыл сөздерін өмірлік ұстанымы етіп, сол жолда өз қызметін бастап кетті десек те болады.
Сынып белсендісі сабақтан тыс кезде жүзу, футбол, дзюдо спортына тұрақты түрде қатысып қана қоймай, өнерге біртабан жақын өнерлі өрен домбыра үйренуде де шеберлігін шыңдап жүр.
Бір пайыз талант, қалған тоқсан тоғыз пайызы еңбекпен берілетінін түсінген жас өреннің жоспар кестесі де күрделі. Білім мен өнер саласында жетістіктерге жету жолында аянбай еңбек етіп, таудай тер төгіледі. Солардың жемісінің, еңбегінің ақталғандығының бірі: аудандық, қалалық және республикалық сайыстарға мектеп атынан қатысып, жүлделі орындарды иемденіп, мектеп абыройын асқақтатуға өз үлесін қосуда.
Дінмұхаммед – сабырлы, мейірімі мол, сыныптастарының арасында беделі бар оқушы. Мектеп шараларына белсенді қатысып қана қоймай, мектеп өміріне жауапкершілікпен қарайды. Ол әрбір спорттық шараларға қатысып қана қоймай сурет салғанды ұнатады. Толық отбасында тәрбиеленеді, ол ата-анасына үй шаруасына көмектеседі. Жалпы, сырлы мінез, сыныптастары мен мұғалімдердің құрметіне бөленіп жүрген оқушы. Оқу барысында, жалпы білім деңгейі жоғары, себебі көп кітап оқығанды ұнатады, өз білімін жан-жақты жетілдіреді. Оған дәлел: мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысқаны үшін дарынды шәкірт Алғыс хатпен марапатталған.
«Сенім» вокалдық-хор студиясына қатысып, «Бозторғай» Республикалық хор құрамында мемлекеттік, халықаралық маңызы бар концерттерде ән салып жүрген өнерпаз Дінмұхаммед – әр сайыс сайын шеберлігін шыңдап, бір саты жоғары көтерілуде.
Шет елдерде көптеген халықаралық дарынды балалар вокалдық конкурстарына қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетіп, тек жүлделі орындарды иемденді.
2017 жыл шілде айында Италия мемлекетінің Болонья қаласында өткен Халықаралық
фестиваль-конкурсында І орын алған жеңімпаз.
2018 жылғы маусым айында өткен «Бала шабыты»
Халықаралық конкурс бойынша Гран-При иегері атанды.
2018 жылғы қазан айында өткен «KIDS KARAOKE CUP KAZAKHSTAN» Қазақстан Чемпионатының жеңімпазы.
2018 жылғы қараша айында өткен Грузияның Батуми қаласындағы «Тетри Талиа» Халықаралық конкурсы Гран-При иегері.
2019 жылғы қазан айында Жолдас Дінмұхаммед Азаматұлы
«Ару Айналайын» Халықаралық
жас таланттар фестивалінің Супер Гран-При иегері атанып, жетістік шыңына шығып, жақындарына шексіз шаттық сыйлады.
Армансыз адам – қанатсыз құспен тең. Әр әдамның жандүниесінде тамыр жайған арманы бар. Ол арман – адаммен бірге өседі, өркендейді. Дәл солай, Дінмұхаммедтің да балалық шағының үлкен бір арманы бар, ол – Димаш ағасындай жезтаңдай әнші болу және асқақ арманы ертеңгі болашағы болуы үшін еңбек ету.
Адамболу – қасиет,
азаматболу – міндет,
патриот болу – парыз деп түсінетін дарынды да талантты ұланның мақсаты – Ұлы Қазақ Елінің мақтанышына айналу.
Арманы асқақ, мақсаты айқын дарынды жас мазмұнды білім алып, мақсатына жетуге талпынуда. Ата-анасының үмітін ақтап, оларды бақытқа бөлеу – перзенттік парызы. Әр адам өз мақсат жолында аянбай тер төгеді. Межелі мақсатына жету жолында өзін жан-жақты жетілдіреді. Жолдас Дінмұхаммед Азаматұлы да осы жоспары жолында бар күш-жігерін жұмсап, аянбай еңбек етіп, өзінің көздеген мұратының жұлдызы болатындығына сенімді. Тек ғана алға, жас дос!