Алихан Маркс

Рейтинг:

ЖЫР ӘЛЕМІНЕ ЖОЛ ТАРТҚАН ЖАС ТАЛАП – КЕЛЕШЕК ӨНЕРДІҢ НҰРЫ

      Өмір деген алғаш аттаған жанға бастапқыда романтика болып көрінер. Алдыңда тосып тұрған қандай қиындықтар болса да олардың саған шектірер зияны жоқтай көрінер. Сен оның барлығынан сүрінбей өтерсің, сенің сыртыңнан әмісе ата-анаң, дос жарандарың қызыға бақылап, сенің жетістіктеріңе қуанып, тамашалайтындай ғана көрінер. Әрине жауапкершіліктің боларын іштей сезесің, бірақ сен бәрінен мүдірмей өтетін ғажап қанат иесі сияқты сезінерсің өзіңді.
      Өмір үлкен сенімнен тұрады, тек кейде көзсіз сенім ғана ешқайда жалтақтатпай алға жетелейді. Өмірді сүйген адамды өмір де ұнатады, қолдайды. Осындай өмірді сүйетін, өнерді сүйетін, талғамы бөлек, талабы жоғары, рухани дүниесі бай жастардың бірі, біздің мақаламыздың басты кейіпкері – Алихан Маркс.  Әрбір адамның бойында бір ерекше қасиет бар десек те, киелі өнер кез келгеннің басына қона бермейтін бақыт.
      «Өнер – ол да бір дария сынды, ағысына ілесе алсаң, алысқа апарады» дегендей, алдына биік мақсаттар қойып, сол мақсатқа жетуге асығады жас дарын.
      Иә, үздігін үкілеуді үйреншікті әдетіне айналдырған елдің перзенттері, әдебиетші қауымның ықыласына бөленіп үлгерген жас шайырлары да жетерлік. Олардың жыры шынымен де жақсы-ақ. Оқырманға ой саларлықтай шымыр шумақ, тапқыр теңеу, әдемі ұйқасты өлеңдері ел жүрегіне жетіп те үлгерген. Бұған қарап қуанамыз. Негізінде, Маркс Алихан тақырып таңдау, оны өзіндік иірімімен шегіне жеткізе толғауға жетік. 
      Дарынды жанның  әдебиет деген текті өнерге ықыласы ауды. Оның сиқыры мен сырын терем деп, қайтсем оның қасиеті мен қадірін көмескі көлеңкеде қалдырмай, шақырайған күнгейге жеткізуге барын салды. Жасаған еңбек, теккен төр ақталып,  шырқау биікке көтерілген кезі де аз болған жоқ.       Алиханның  кішіпейіл мінезі мен артық-ауыз сөйлемейтіндігін, бірсөзділігін, өзгелерді дос-жаранындай тең көретіндігін, мақтан сүймейтіндігін, сыпайы текті қалпын, жақсылық жасауға бейім тұратын ерекше қасиетін жан-жағындағылар  жақсы біледі. Талайлар осы бір риясыз көңіл мен дархан жүректі баланың жан шуағына бөленетіні рас.
      Руханият әлемі мен әдебиетке жақын Алихан 2007 жылы 17 қаңтарда жасыл желекті көркем қала Алматы шаһарында өмір есігін айқара ашты. Дүниеге келгеннен бастап, мейірімі ыстық, құшағы жылы, пейілі дархан, жүрегі кең, мейірбан ата-әжесінің құшағына еніп, тәлімді тәрбие алып, еркелеп ержетті. 
      Алып тұлғалы, биік болмысты ұлағаты мол атасы Садықов Маркс Манапұлы – ұзақ жылдар бойы ағарту саласында жұмыс жасап, мектеп басшысы, аудандық, облыстық əкімшілікте абыройлы қызмет атқарған жан, тəуелсіз Қазақстанның рухани жəне əлеуметтік дамуы жолында қол жеткен табыстары жəне оның гүлденуіне үлес қосқаны үшін ҚР Білім жəне ғылым министрлігінен Құрмет грамотасын иеленген зейнеткер. Асыл əжесі Еңсебаева Мағрипа Ахметқызы – 44 жыл білім беру саласында қызмет атқарған білікті маман, 1986 жылы Республикаға іс-тәжірибесі таралған  ұлағатты ұстаз, бірнеше жыл үлкен ұжымды басқарған абыройлы азамат.  Бүгінде қадірлі қариялар – еңбегінің зейнетін көріп отырған еңбек ардагерлері.
      Кекілін күн сүйіп, шашын жел тараған әдепті бала Алихан 2014 жылы Алматы облысы, Талғар қаласындағы С.Сейфуллин атындағы  №2 мектептің 1-сыныбына қабылданып, шәкірт атанды. «Білген адам білімді өмір бойы іздейді» дегенді бетке ұстаған ұғымтал шәкірт бірден-ақ оқуға ден қойып, зейін аударып, 1-5 сынып сыныптарды «бестік» бағалармен оқып, оқу озаттарының қатарына еніп, өзінің ерекше қабілетін аңғартты.
      Білімпаз шәкірт 6-сыныптан бастап Алматы қаласындағы С.Қожықов атындағы мамандандырылған (математика) лицейге емтихан арқылы оқуға қабылданды. Қазіргі таңда «Білгенге – маржан, білімеске – арзан» деген ұстанымдағы ізденімпаз шәкірт аталған білім ордасының 7-сыныбында білім баспалдақтарымен біртіндеп жоғарылауда.
      Жүгі нардың қомында, қазаны артқан көштің теңінде болып, көшпелі ғұмыр кешкен қазақ халқы ежелден-ақ үш нәрсені бой тұмардай қасиет тұтып, қадірлеп келді. Олар: елі мен жері, ана тілі. Қандай ұлт болмасын бұл құдіретті дүниесіз тарихтың төрінен орын алған өзінің жеке дара ұлт екенін дәлелдей алмас еді. Осы ұлылық жолында дана қазақ халқы, ұлы ата- бабаларымыз өзінің елдігін, теңдігін дәлелдеуде тарихтың талай-талай тар соқпағынан өтті. ХІ ғасыр ғұламасы М.Қашқари да  осы құндылықтардың бағасын бағамдай келе, «Тәрбие басы – тіл» дейді.
      Алихан – оқу озаты, сынып белсендісі, сыныптастарының, ұстаздарының мақтанышы. Ол кішкентайынан алғырлығымен көзге түсті. Ана тілінің қадір-қасиетін бойына дарытып, көзінің қарашығындай қызғыштай қорғап, оның қоғамдық рөлінің артуына балапан жүрегімен жанашырлық танытып жүрген жас буынның бірі – Алихан. Өмірге құштарлығы оны шаршы топтың ішінен ерекшелеп тұратын. Өсе келе әр нәрсені үйренуге құмарлығымен талайды тәнті етті. «Өнер, білім бар жұрттар, тастан сарай салғызған» деп еді атақты ақындарымыздың бірі. Бойыңда өнерің тасып, білім кенін игерген мықты болсаңыз, сіз ала алмайтын асу, шыға алмайтын белес қалмайды. Осы ұстаным оның көңіл түкпірінде сайрап тұрады.
      Өрелі өрен мектептен тыс музыка мектебінде «Дәстүрлі ән» бөлімінде дәріс алып жүр. Қазақтың киелі қара домбырасын қолына алып, нақышына келтіре күй орындап, әуелете ән шырқайтын өнеріне таң қаларыңыз анық. Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік, сезімтал бала ақынжанды болып өсіп келеді. Жыр жауһарларын мәнерлеп оқып, өзі де жыр әлемінің есігін жиі қағады. 
      Дарынды Алихан – «Ғұмырдария» орталығы ұйымдастырған телефестивалдің жүргізушісі. Актерлік шеберлік бойынша авторлық курсты табысты бітіріп, 22.03.2020, 23.03.2020, 26.03.2020 жылы «НТК» телеарнасы бойынша роликтерін теледидар арқылы қалың көпшілікке ұсынылды. Таланты талайды тамсандырған Маркс Алихан Халықаралық «Ғұмырдария» балалар мен жасөспірімдер арасындағы ән-жыр байқауының «Үздігі» медалымен марапатталады.
      «БЕЙБІТШІЛІК ӘЛЕМІ» Халықаралық Бірлестігін ұйымдастырған «100 ЕСІМ, 100 ОҚУШЫ»  кітабына Алиханның да есімі енгізіліп, таяуда жарық көретіндігі көңілге қуаныш ұялатады.
      Өнерлі ұлан – 3-сыныптан бастап көркемсөз оқудың шебері. Мектепішілік, аудандық, қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық конкурстарға үзбей қатысып, 18-інде Бас Жүлде иемденіп, мерейі үстем, мәртебесі биік болды. Астана, Алматы, Шымкент, Жамбыл, Дубай, Анталья, Бішкекте өткен конкурстарға қатысып, жеңіс тұғырына көтерілді. 
      М.Шаханов, А.Байтұрсынов, Абай оқуларына қатысып, жүлдегер атанды. «Дара бала» Халықаралық байқауы, Республикалық «Біз бақытты баламыз», «Бірлігіміз жарасқан», «Жастар жаққан жұлдыз», «Әз-Наурыз» т.б. көптеген байқауларда бақ сынып, Бас Жүлдені марапат қоржынына салған ұлағатты ұланның әлі талай биіктерді бағындыратыны хақ.
      Қоғамда өнер, мәдениет, білім, ғылым – ажырамас біртұтас, бір-бірімен тығыз байланысты сала екені даусыз. Өнер – сан-салалы, мазмұны терең, арнасы кең, қасиетті де киелі ұғым.  Ол Тәңірден берілетін ерекше қасиет және екінің біріне бұйыра бермейді. «Талант – табиғаттан, талап – өзіңнен» деп ақын Мұзафар Әлімбаев айтқандай, Алла берген дарындылығын өзінің талмас талабымен ұштастыра білген адам ғана халық сүйіспеншілігіне бөленіп, топтан ерекшеленуі мүмкін. 
      «Таланттылар раушан гүлі сияқты жан-жағына жұпар шашып, көңіл ашады»  деген жазушы, қоғам қайраткері Шерхан Мұртаза ағамыздың сөзі өнерімен өрге жүзген Маркс Алиханға арналып айтылғандай емес пе?! Парасат-пайымымен, ұшқыр қиялымен пікірлескен адамдарына аз уақыттың ішінде рухани ләззат сыйлайтын, ғажайып әсер қалдыратын жанды өнердің гүлі, өмірдің нұры мен жыры десек, артық айтқандығымыз емес.
      Талмас еңбекқорлық, биік парасаттылық, асыл адамгершілік, кеңпейіл кісілік өн бойынан табылатын, айтатыны мен байқайтыны көп, адамға да, қоғамға да керек Алихан Маркстың халыққа бергенінен әлі берері  көп екені шүбәсіз шындық.


Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Қазақтың баласы- 4 апреля 2020 00:56
Бәрекелді!!! Тіл-көзден аман болсын! Өркенің өсе берсін, балапан!

Гульнара- 4 апреля 2020 05:23
Умница алихан
Удачи
Пусть в жизни твоеи будут только светлые 
Только  тёплые 

Гульнара- 4 апреля 2020 05:27
Алихан 

Много  светлых и тёплых дней 
В твоём творчестве 

Zhanat- 4 апреля 2020 14:03
Алла тіл-көзден сақтасын!
Қанатыңды кең жайып, биікке қарай самғай бер, боташым! 

Последние новости