Махамбетқұл Ақжан

Рейтинг:

«АЛТЫН УАҚЫТЫМДЫ БОС ӨТКІЗБЕЙМІН»
 
      «Маған ата-анам ылғи уақыт – алтыннан да қымбат екенін айтып отырады. Көп нәрсе жасап үлгеру үшін уақытты дұрыс пайдалана білу керек. Өзім күн тәртібін пайдаланамын. Білім алуға, қосымша үйірмелерге баруға, спортпен шұғылдануға, кітап оқуға, отбасыма көмек беруге, достарыммен серуендеуге – бәріне үлгеруге тырысамын. Табиғат аясында серуендеп, алтын күздің керемет көріністерін тамашалап, бір сәт қиялыма ерік беремін. Ғаламтор беттеріндегі дарынды, ерекше жандарды көргенде, менің де соларға ұқсағым келеді. Жанымдағы жақын жандарым ауырмай-сырқамай, мақсаттарына жетіп, ұзақ та мәнді өмір сүргенін қалаймын. Оқуымды ойдағыдай бітіріп, алтын ұям мектебімдегі өзіме сапалы білім, саналы тәрбие беріп жүрген ұстаздарымның үмітін ақтап, жоғары оқу орнына грант негізінде оқуға түссем деп талаптанып жүргендердің бірімін. Ата-анамды, бауырларымды өте жақсы көремін. Мен олардың сенімін ақтап, жақындарымның мақтанышына айналғым келеді».
      Көненің көзі болған көрікті, жасыл желекті қала, арман қала Алматыда үлгілі отбасында 2004 жылы шілденің 2 жұлдызында дүниеге келген Махамбетқұл Ақжан Қуанышқызы – отбасының көзқуанышы мен шамшырағы. «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» деп ұлы ақын Абай айтқан дәл осы қасиеттер болашағын Қазақстанның жарқын келбетімен байланыстырған Ақжанның бойынан табылады. 

Алғыр, ақылды, ару – жарасымды жанұяның перзенті:
      «Сөзі майда, ісі ірі, мінезі жайсаң әкем мен көркем мінез иесі, ақниетті анам – әрдайым бастамаларымды қолдап, арқамнан қағудан жалыққан емес. Алдымда үлгі тұтар әпкем мен қамқор ағам бар. Жарасымды жанұяма және өзім оқып жатырған білім ордасының педагогикалық ұжымына шәкірттік ыстық ықыласым мен шексіз алғысымды білдіремін», – дейді ұлағатты ұлан Ақжан өз сөзінде.

«Талаптан да білім үйрен» дейтін ұлы халықтың ізбасары Махамбетқұл АқжанҚуанышқызы – 
өз ортасының жарық жұлдызы:
      Ақылын даналыққа, білімін алғырлыққа алмастырған Ақжан –  Алматы қаласындағы  Ж.Жабаев атындағы №161 мектеп-лицейдің табалдырығын білімге деген құштарлықпен аттады. «Білімсіз – өмір тұл». Адамзат баласы бір-бірінен ақылының кеңдігі, білімінің тереңдігі арқылы ғана озбақ. Білімнің пайдасын дер кезінде түсінген өрелі өрен көптеген олимпиадаларға, жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Махамбетқұл Ақжан 2016 жылы «Морозко» деп аталатын көрініске қатысып, актерлік шеберлігі үшін Мадақтамамен марапатталған. 2018 жылы химия пәні бойынша мектепішілік және аудандық олимпиаданың І орын, химия және физика пәндері бойынша мектепішілік топтық жарыста І орын алған жүлдегер. 2019 жылы ағылшын тілі бойынша мектепішілік олимпиададан І орын, аудандық олимпиада бойынша ІІІ орынды иемденіп, мерейі үстем болды. Арманшыл, мақсатшыл Ақжанның кішкентайынан сурет салуға, қолөнер бұйымдарын жасауға қызығушылығы зор. Алғыр, жігерлі шәкірт мектепте өтетін түрлі іс-шараларға би өнерімен атсалысып, безендіруге белсене  қатысады. Өнерге біртабан жақын Ақжан 5-сыныптан бері редколлегия мүшесі. Видео және аудио монтажбен айналысып, әдеби шығармалар жазумен айналысады. Бос уақытында корей және ағылшын тілдерін меңгеруге ден қойған. Махамбетқұл Ақжан болашақта Оңтүстік Кореяның ең үздік жоғарғы оқу орындарының бірі – Корё университетінің «Visual Arts» факультетіне оқуға түсуді армандайды. Оқуын үздік бітіріп, атақты суретші, танымал тұлға, халқының мақтан тұтар перзенті болуды қалайды.
      Жетер белесің көп болып, асқақ арманың аласармасын, жас талап!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости