«АЙРЫҚША ҮЛГІДЕГІ ДИЗАЙНЕР БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ»
«Басқа балалар тәрізді мен көп армандаймын. Армандарым тым көп-ақ. Арманың орындалып, жетістікке қол жеткізудің басты шарты – сапалы білім мен тынымсыз ізденіс екенін жақсы
білемін. «Әркім өзі талпынбақ, Басына бітер бағы үшін» деген тәмсіл бар. Талаптану, іздену, ұмтылу, еңбектену арқылы бәріне қол жеткізуге болатынын жақсы түсінемін. Маған тәлімді тәрбие беріп, бар жақсыны бойыма сіңіріп жүрген аяулы жандарым мені жасымнан еңбексүйгіш, жігерлі, жауапкершілігі мол жан етіп тәрбиелеп келеді. Дизайнер сөзінің өзі ағылшын тілінен аударғанда «айрықша үлгілер мен образдарды, ой-өрнектерді ұсынушы» деген мағынаны білдіреді. Дизайнер тапсырыс берушінің талабына сай үйді, жұмыс орындарын, қоғамдық орындар мен кеңселерді әсемдеп, көркемдейді. Бұл мамандықты игеру үшін адамның өзгеге ұқсамауы, өзіндік қолтаңбасы болуы – басты шарт, оның үстіне ойлау қабілеті ерекше болуы тиіс. Адамдармен тіл табыса білуі де маңызды. Ойдан ой тудырып, үнемі соны, тың идеяларды ұсынып жүруі керек. Үнемі ізденіс үстінде жүру маған қатты ұнайды. Мен адамдардың жақсы, жайлы тұрмыс кешіп, бақытты өмір сүргенін шын жүрегіммен қалаймын. Алдымен жақын жандарымның, ұстаздарымның ақ үмітін ақтап, дұрыс бағыт ұстап, өмірге бір кірпіш болып қалансам деймін. Мектепте алған білімімді жоғары оқу орнында жалғастырып, өзім қалаған мамандықтың майталман маманы болып, елімнің гүлденуі мен көркеюіне өз үлесімді қосу – менің басты арманым».
Ерекше мамандық иесі болуды қалайтын ажарына ақылы сай Әсем:
Ынтымағы мен бірлігі жарасқан үлгілі отбасында, Алматы шаһарында 2006 жылы 23 сәуірде өмірге келді. Алтыннан ардақты әкесі Қуаныш пен жүзінен нұр төгілген асылзат анасының тәлімді тәрбиесімен балалықтың бал дәмін татып өсіп келеді. Әсемнің алдында қамқор ағасы Абылайхан – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ІІ курс студенті, әпкесі Әдемі – С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің 7-курс студенті және жанашыр әпкесі Ақжан бар. Руханият әлеміне жақын өнерлі өреннің сүйікті ісі – кітап оқу, сурет салу,
тоыма тоқу және шешімі қиын есептерді шығару. Бос уақытын тиімді пайдаланатын талапшыл қыз салауатты өмір салтын ұстанып, би және жүзу секцияларына белсене қатысады. Мектептегі алғашқы күндерінен бастап Әсемнің бойындағы дарыны мен талабы әртүрлі іс-шараларға және интеллектуалды сайыстарға қатысу барысында ұштала түсті. Алматы қаласындағы Ж.Жабаев атындағы №161 мектеп-лицейдің шәкірті Махамбетқұл Әсем кітап оқуға аса құмар, ол бір жылда 20-дан аса кітап оқиды. Бос уақытында жапон, француз және ағылшын тілдерін үйреніп жүрген талапшыл Әсем аниме көру, олимпиада есептерін шешуге бағытталған математика және менталды арифметика курстарына қатысады. Әсем Қуанышқызы болашақта «The Ivy League» университеттерінің біріне немесе Кембридж университетіне оқуға түсіп, танымал дизайнер және сәулетші болуды армандайды.
«Алтын алма, білім ал» деген ұстанымдағы Әсемнің жетістіктері:
Махамбетқұл Әсем 2014 жылы жас бишілер арасындағы мемлекеттік топтық жарыста өнерімен ерекшеленіп, ІІ орын жүлдегері атанды. «Comic Con – 2014 exclusive doll» жүлдегері. 2015 жылы қашықтықтан өткен «Monster High» жарысында үздік бейнеклип үшін марапатқа ие болды. Өнерлі өрен 5-сыныптан бері редколлегия мүшесі, сынып белсендісі. 2018 жылы НАРХОЗ университетінде өткен аниме фестиваліне косплей жасап қатысып, өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар дарын екендігін байқатты.
Дарындылық пен таланттың қазынасын еңбегіңмен өрістете бер, ару Әсем!