IV ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАЛАЛАР КЕҢЕСІНІҢ ҚАТЫСУШЫСЫ
Жас болса да үлкен азаматқа лайықты іс атқарып, Түркия қаласында әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған балалармен пікір алмасып, әлем ұландарының ұранын қабылдап, белгілеуге атсалысқан өте талантты, білімсүйгіш өрен Адилова Ақниет Ерболатқызы 2005 жылы 17 шілдесінде Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Көктал ауылында дүниеге келді. Кішкентайынан өзімен қатар өскен балалардың арасында тілі ерте шығып, тәтті қылығымен үйдің ғана емес бүкіл балабақшаның сүйкімді бүлдіршіні бола білген өнерлі жас бүгінде Көктал орта мектебінің 9 «В» сыныбында білім алып келеді. Мектеп табалдырығын аттаған күннен бастап өзінің зеректігімен көзге түскен оқушының әкесі Адилов Ерболат алынбас қамал болып қамқорлық көрсетіп келеді, ал алтыннан ардақты анасы Қаржаубаева Зарина – Көктал орта мектебінде ағылшын тілінің мұғалімі.
Атақты биші Шұғыла Сапарғалиқызының ізін басқан, сахна төріне шыққанда ерекше нұрландырып жіберетін сұлу да өнерлі жас Ақниеттің Аяжан, Ахмен, Есболат есімді бауырлары бар. Алты жасынан бастап хореография сабағына қатысып, біліктілігін шыңдап, ағылшын тілімен қатар корей тілдерін меңгеріп жүрген шәкірттің алдына қойған мақсаттарының бірі – аудармашы болу. Кішкентайынан тындырымды, тілалғыш қыз атқарған әр ісін тиянақты аяқтағанды жөн санайды. Бауырмал, көпшіл Ақниеттің достары көп, сыныптастары алдында сыйлы. Сыныпта немесе мектепте өтетін кез-келген іс-шараға өзі бастап қатысып, жанындағыларды да қоғамдық жұмыстарға тартып жүреді. Үлкендерге қамқорлық көрсетіп, биязы қылығымен қуантатын қыздың хоббиі – би. Әуен ырғағымен саусақтары майысып қозғалғанда бұрымы да билейтін өнерлі қыз сахна төріне шыққанда көрермендеріне еріксіз қол соқтырмай қоймайды. «Алтын қанжар, қын түбінде жатпайды» демекші, жүрек түкпіріндегі би өнеріне деген талабына дем беріп, болашаққа дұрыс бағдар беріп, қолдап, қолпаштап келе жатқан апайларына айтар алғысы шексіз. Үлкенге деген құрметі бөлек, жүрегіне иман нұрын ұялатқан Ақниет Ерболатқызының өнер әлемінде жарық жұлдыз атанарына сеніміміз мол.
Жетістігі: Түркия елінде әлемнің дарынды балаларының қатысуымен өткізілген Сарыйер Муниципалитетінің IV Халықаралық балалар кеңесінде бас қосып, дауысқа салу негізінде «Бәріміз әр түрліміз, бәріміз теңбіз...» деп ұран қабылдауға атсалысты. Өнерпаз өрен
«Күз аруы – 2014» байқауына қатысып, өзінің біліктілігі мен білімділігін дәлелдеп, әдептілік пен ізгіліктің үлгісін көрсете біліп, жүлделі II орынды жеңіп алды.
«Өнерлі өрге жүзер» дегендей,
2018 жылы II Республикалық ән-би және өнер байқауына қатысып, би билеу өнері бойынша өзінің бойындағы қабілетін аша білгені үшін Алғыс хат иемденіп, мерейі үстем болды.
Сүйікті ісі: Кітап оқу, би билеу, таза ауада серуендеу.
Арманы: Мектепті ойдағыдай бітіру, жоғары білім алу, аудармашы болу.