Толеген Аяулым

Рейтинг:

     Уақыт керуені толассыз алға жылжуда. Тағы бір таң атып, тағы да бір күн шықты. Кейінгіге өнегесін қалдырып, әдебиеті мен мәдениетін ұрпақ еншісіне қалдырып, тарих дөңгелегі зырылдап барады. Уақыт керуені сапарынан жаңылған жоқ. Тоқтайтын емес. Өйткені, ол – мәңгілік, шексіз. Мәңгілік не десеңіз, өшпес білім мен шығармашылық өнер, туынды дер едік?!.. Себебі, ілімді іштегі нұрға теңесек, өнерді таусылмас азық, сарқылмас байлық деп жатамыз.
     Тақырыбымыздың түйініне себепші талантты ару Төлеген Аяулым – өнер жолын өмірінің бір бөлшегіне арнаған жан. Дастанқызы Аяулым 2013 жылы Қостанай қаласының таңын нұрландыра шуақ шашып, Ұлыстың ұлы күнінде дүниеге келеді.
     «Ұл – әкеден, қыз – анадан үйренбей өнеге алмас» дегендей, өнерпаз балауса Аяулым үшін әкесі Байдрахманов Дастан Төлегенұлы мен ардақты анасы Байдрахманова Нұргүл Аянбайқызынан артық тәлімді тәлімгер жоқ. Асқар тау әкесі «Агропродукты» ЖШС-де қызмет атқарады, екі міндеті бар. Аяулы анасы Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының тәжірибелі ұстазы, білікті маман. Қос бәйтерегінің бойындағы тағылымды қасиеттерден үлгі алған балауса Аяулым бірінші «Ақбұлақ» балабақшасына барса, қазіргі таңда бастауыш 24 «А» даярлық сыныбын бітірді.
     Ата-ананың басты мақсаты мен арманы – жас ұрпақтың өсіп қатаюы, жас шыбықтың тасты жарып шыққан шынардай бой түзеуі, балапанын өз елінің аспанында қанаттандырып, заңғар көкке самғаған қырандай қанаттандыру емес пе?!
     Дастанқызы Аяулым да ата-анасының қанатының астында өнерге деген қызығушылығын арттырып, өнер айдынында жүзіп келеді. Бүлдіршін шағынан ән мен биге құмар болды. Ата-анасы да перзенті бойындағы қабілеттің көзін тауып, оның шығармашылық ізденісіне жол ашып, қолдау көрсетті. Тек үйде ғана емес, осы өнер саласында да ұстазы музыкант болып жұмыс жасайтын анасы Нұргүл Аяулымның жетекшісі. Нәтижесінде үкілі үміттері ақталып, дарынды Аяулымның шығар шыңдары биіктей бастайды. Өнер әлеміне басқан қадамы жетістік пен табыстың қиясына бастады.
     Уақыт таразымен өлшенбейді. Әр жылдың өз тармағы мен салмағы бар. Уақыттың құндылығын білгің келсе, бір секундқа кешігіп, артта қалған жаннан сұра» деген халық арасына тарап кеткен мысал бар. Талантты жұлдыз Төлеген Аяулым бір жылдың ішінде қаншама додалы байқауларда бағын сынап, тек ғана биік асулардан көрінді. Расында да, «Өнерлі өрге жүзер» деп тегін айтылмаса керек-ті.
     2018 жыл – Дастанқызы Аяулым үшін «жұлдызы оңынан туған» сәтті жыл болды десек, қателеспейміз. Оның дәлелі – сол жылы бағындырған белесі, асулы асқар шыңы.
     2018 жылы қаңтар айында бастауын алған жеңіс эстафетасы үздіксіз жалғасын тауып, алға шарықтап барады. «Таңғы шұғыла» халықаралық көпжанрлы фестиваль-конкурсында I дәрежелі лауреат атанды. Майра Ильясова продюсерлік еткен «Жұлдыз болғың келсе» атты республикалық дарынды балалар мен жасөспірімдер байқауында «Эстрада-вокал» номинациясы бойынша «Домбыра» әнімен І орын иесі деп танылып, арнаулы дипломмен марапатталды. «Таңғы шұғыла» атты халықаралық байқауда «Алтын өмір-ай» әнімен «Эстрада-вокал» жанры бағытында І орынды иеленді. Жұлдызды жылдың жалғасы наурыз айында өткен облыстық «Алтын Микрофон-2018» ән байқауы финалист-дипломатымен әрленсе, жалғасын тапқан сәуір айында «Мелодия моей души» атты I республикалық фестивальде «Эстрада-вокал» жанры бойынша І орын жеңімпазы деп танылып, шын талант иесі екендігін тағы да бір айшықтай түседі. 26-28 қазан айында «Ақжелең» атты V республикалық додада «Эстрада-вокал» жанры бойынша кезекті І орынмен танылса, қараша айында республикалық жас дарындардың шығармашылығын шыңдаудағы ғаламтор сайысында «Вокал» бағытында шеберлік танытқан «Дарынды балалар» атты сайыста «Эстрада-вокал» жанры бойынша Бас жүлде шыңын бағындырды. «Эстрада-вокал» номинациясы, «Сапқа тұр Майдангер» әнімен «GOLDEN DAY» атты Республикалық көп жанрлы байқауда I орын тұғырынан көрінді. Қарап тұрсаңыз, шын талантқа уақыттың таразысы үстемдік ете алмайтынын көрсеткендей...
     Қолы боста қылқаламына ерік беріп, сиқырлы суреттің ғажайып әлеміне саяхат жасайды. Десе де ән айту мен ырғақты әуенде би билеуді әсте естен шығарған емес.
     Жас болса да өнер сахнасында жарқыраған жұлдыздай жанып келе жатқан Аяулымның арманы – құдіретті әуенімен әлем сахнасын мойындатқан қазақ әншісі, эстрада жұлдызы Димаш Құдайбергеновпен киелі өнер сахнасында ән салу болса, өзінің кемел білімін толықтыра отырып, кәсіби дәрігер, білікті маман атану – айқын мақсаттарының бірі.
    Өнер – киелі ұғым, ұлылық. Осы ұлылыққа тағзым етіп, осы ұлылықтан тағылым алатынына сенеміз! Өнер аспанында Шолпан жұлдызындай нұрыңды шашып, жарқырай түс, жас дос!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости