Құрғақ арналармен тілімделген жонды-белесті өңір. Жайық өзеніне еркелей орналасқан осынау шаһар – ат жалын тартып мінген боз даланың сайыпқыраны атанып жүрген дарабоздарымен ерекшеленеді. «Білгенім – бір тоғыз, білмегенім – тоқсан тоғыз» деген ұстанымды серік еткен Ирменов Сұлтан – парасатты ата-анасының үмітін ақтар перзенті.
Ирменов Сұлтан 2005 жылы 15 маусымда өмір атты белестің дара жолына қадам басты. Тіршілігінің тамыры тарихтан сыр шертетін осынау аймақтың өрені Жайықтың ерке толқынымен жарысып ержетуде. Дарабоз Сұлтан дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған №11 С.Сейфуллин атындағы мектеп-лицей-интернат кешенінде білім алды. Қазіргі таңда іргелі білім ордасы «Білім-инновация» лицей-интернатында тағылым мен тәрбиені, білімді қатар игеруде.
Ер жігітке жеті өнердің де аз екендігін ескерсек, Сұлтанның бойынан түрлі өнердің жиынтығы жинақталған. Ол 2012-2017 жылдары аралығында Д. Нұрпейісова атындағы №1 балалар музыка мектебінде музыкадан дәріс алды. Музыкалық сауатын арттыра отырып, музыка әлеміндегі танымын кеңейтті. Аталмыш мектептің домбыра сыныбын бітіргендігі туралы куәлігі бар.
Талантты өрен 2012 жылы дарынды балаларға арналған интернатта оқи жүріп, «Әнші балапан» шығармашылық байқауына қатысып, І дәрежелі дипломды жеңіп алды.
«Қазақтелеком» АҚ ұйымдастырған «Страна детства» атты балалар сурет конкурсында ІІІ орын, «Жас ұлан таланттарды шақырады» байқауына белсене атсалысып, жүлделі І орынға ие болды. «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына» байланысты Батыс Қазақстан облысы бойынша ЭСЖҚД қызметкерлері ұйымдастырған «Менің тәуелсіз Қазақстаным!» атты сурет сайысына белсенділік танытқаны үшін, грамотамен марапатталды.
7-сыныпта облыстық дарынды балаларға арналған мамандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының сертификатын иеленсе, 2017-2018 оқу жылында облыстық олимпиада резерві мектебінің 1 жылын үздік аяқтағаны үшін марапатқа лайық деп танылды. «Жас эрудит – 2018» атауындағы жарыста бейінді жазғы ауысымдық кезеңде белсенділігімен көзге түсіп, «Үздік көшбасшысы» аталымына ие болды. Әрине, бұл жетістіктер – Сұлтанның тынымсыз еңбегі мен сапалы білімінің көрінісі. «Отбасы – мемлекет дамуының алғышарты. Әкем Ирменов Бейбіт Мұтиголлаұлы – ер жүректі, қайсар мінез иесі. «Ер жігіт намысты, жүректі, білекті болуы керек», – деп, жиі ақылын айтып, менің намысымды қайрап, жігерлендіріп отырады. Анам Бақтығұлқызы Гүлжамал – жанұямыздың шамшырағы. Апам Сәуле Бейбітқызы – менің жанашыр, қамқор бауырым. Ол менің жақсылығымды асырып, жамандығымды жасырудан әсте жалыққан емес. Қазыналы қарттарымыз – ата-әжемізбен бірге тұрамыз. Киелі ақ батасымен жанымызға шуақ сыйлайтын атам Зулхарнайұлы Мұтиғолла – ел ішіне сыйлы, зиялы кісі. Атамның әрбір айтқан парасатты, даналық ақылы біз үшін – ортаймас қазына. Асыл әжем Шолпан Бадашқызы – мейірімді, жылы жүзді жан. Осындай берекелі отбасында ырзығы мен несібесі тасыған, берекелі отбасында дүниеге келген, ұлы елдің байтақ даласында сапалы білім алып жүрген Мен – бақытты ұланмын», – дейді өрелі ой иесі Сұлтан.
Ұлы даланың сырбаз ұланы Бейбітұлы Сұлтанның болашағы жарқын, мақсаты айқын боларына сенеміз. Өйткені, болашақ иесі – жастарға сенім арту – олардың нық сеніммен алға қарай қарыштауының алғышарты, ертеңіне бағыттар дара жолының бастау бұлағы болмақ!