Жайық өзені ағыстарының орта оң жақ бойында орналасқан Орал қаласының қарасаң көз тоймайтын өзен бойы, көк орай шалғынды, ағаш, бұталы табиғатында Абдулов Эльнұр Серікұлы 2006 жылы 7 мамырда дүниеге келді. Үш жасынан бастап, балабақшада тәрбиеленіп, өнер мен білімнің қазығын мықтап қаққан бүлдіршін өмірге алғаш қадам жасаған сәттен бастап ән мен биге құштарлығы артып, аса белсенділігімен көзге түсе бастады. 2012 жылы мектеп табалдырығын аттап, қазір №26 жалпы білім беретін орта мектептің озат оқушылар сапында көш бастап келеді.
Әнге деген қызығушылығы артып, таланты тыншымаған өнерлі өрен әжесінің мұрындық болуымен №3 Саз мектебінде фортепиано аспабы бойынша дәріс алуда. Мектепішілік қоғамдық жұмыстар мен іс-шараларға белсене араласады. Бақытты елдің ұрпағы қорының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Дала сазы» байқауында «Вокал» номинациясы бойынша I орын иеленіп, дипломмен марапатталды. Республикалық «Қазақстан таланттары» байқауында «Эстрада вокал» номинациясы бойынша I дәрежелі лауреат атағына ие болды. Республикалық «Ұлы дала ұрпағымыз» атты байқауында «Вокал» номинациясы бойынша жүлдегер атанды. Мектепшілік «Оқырман отбасы – 2017» отбасы сайысында өнерлі отбасы атағын жеңіп алды. «Отбасы. Экология. Мәдениет» шарасы аясында «Sport’s time» атты квест ойынында «Көрермен көзайымы» номинациясына ие болды. «Отбасы. Экология. Мәдениет» шарасы аясында «Sport’s time» атты квест ойынында жүлделі I орынға ие болғаны үшін дипломмен марапатталды. Оны осы жетістіктері үшін, білім алып жатқан оқу ошағы Көкшетаудың «Бурабай курортына» демалуға жіберді. Онда да талантымен таныла білген дарынды өрен қоржынын марапатпен толтырып қайтты. РОСО «Балдәурен» спорттық мерекелік шара «Олимпия» ойынында I орынға ие болды.
Жанұясында асқар таудай әкесі Абдулов Серік – 1981 жылы дүниеге келген, жоғары білімді мемлекеттік қызметкер. Отбасының түтінін түзу ұшырып отырған анасы Бакеева Альмира – 1980 жылы дүниеге келді. «ТОО Мед.Центр» мекемесінде кадрлар инспекторы болып қызмет атқарады. Ізінен ерген інісі Абдулов Эльдар – 2012 жылы дүние есігін ашып, енді ғана мектеп табалдырығын аттаған балдырған.
– Менің осындай жетістікке жетуіме – нағашы әжемнің сіңірген енбегі зор.Алдағы уақытта үлкен сахнада өнер көрсетіп, кәсіби түрде өнер иесі атанып, ақ жаулығын кір шалмаған аяулы әжемнің еңбегін ақтаймын дем ойлаймын. Өнер жолында қиыншылықтарға мойымай, қыран құстай қанатым талмай биікке самғай бергім келеді, – дейді жас жеткіншек.
Иә, көненің көзі саналатын, жастық шақтары бізге бұрынғы тарих секілді көрінетін ата мен әженің тәрбиесін алған жастың осал болуы әсте мүмкін емес. Жас та болса, бойындағы талантымен талай сында тайсалмай жарысып, қаймықпай өнер көрсетіп, жеңіс жолын жалғап келе жатқан Эльнұр Серікұлы – еліміздің болашақ эстрада жұлдызы атанары хақ.