Меирман Аяжан

Рейтинг:
      Меирман Аяжан Тұрсыналиқызы 2002 жылы қазан айының 5 жұлдызында Шымкент облысы, Қазығұрт ауданы, Айнатас елді мекенінде дүниеге келді. Кішкентай кезінен бастап, Аяжан түрлі өлеңдердің әуенін ыңылдап айтуды әдетке айналдырды. Бұл әдеті өсе келе жай ермек емес, дарынды баланың іште қайнап жатқан ән айтуға деген құлшынысы екендігін ата-анасы кейінірек білді. Алайда, айналасын той-думанға айналдырып жіберуге бейім шынашақтай қызды тағдыр өз садағына қармап алды. Айтып келмейтін ауруға кішкене қыздың қарсы тұруына тура келді. Бала күнінен денсаулығына байланысты 8 рет отаға түскен қайсар Аяжан – қазіргі таңда да өмірі үшін күресуде.
     Əкесі Баблышов Тұрсынали – Қарулы күштерінің әскери бөлімінде келісім-шартпен қызмет жасап, бүгінгі таңда өрт сөндіруші қызметін атқаруда. Анасы Баблышова Раушан Шерубайқызы – 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірген аяулы ана. Бес немеренің сүйікті әжесі. Арманы асқақ Аяжанның Балнұр есімді әпкесі, арқа сүйер Ермаханбет және Жармахан атты ағалары бар.
     Қиындыққа мойымай ерекше дауысымен, өнерімен елді аузына қаратқан әнші қыздың арманы асқақ. Мектепке барғалы, ерекше дауысымен ұстаздарының көзіне түсіп, ықыласына бөленді. Ұстазы Ғалия Абишеваның жетекшілік етуімен түрлі деңгейдегі ән байқауларында бақ сынады. Ғалия апайының қолдауымен «Жұлдызай» фестивалінде ән айтып, дипломмен марапатталуы – жаны нәзік, сезімтал қыздың өмір сүруге деген құштарлығын арттыра түсті. Одан кейін шабытына шабыт қосылып, өнерге, сахнаға, ән айтуға деген құлшынысы талай сахналарда даусын көрсетуге жетеледі. «Лучик надежды» фестивалінен, 
    2017 жылы «Самға-Самұрық» республикалық конкурсынан Бас жүлде иемденуі – Аяжанның жұлдызды сәттері. Сол аралықта өнерлі балғын Астана қаласында орналасқан «Қарақат» мектеп-студиясына оқуға қабылдану үшін, емтихан тапсырды. Сынақтан өтіп, оқуға қабылдануға келісім алады. Алайда, белгілі бір себептерге байланысты мектеп-студиясында оқу арманы кейінге шегеріледі.
     2017 жылы наурыз айында «Қазақстан» ұлттық арнасының эфиріндегі «Айтуға оңай» бағдарламасына қонақ ретінде қатысады. Сол жолы бағдарлама жүргізушісі Бейсен Құранбек мырзаның басшылығымен әнші Қарақат Әбілдина Аяжанның тума талантын байқап, Алматыдағы «Қарақат» мектеп-студиясына тегін оқуға қабылданады. Белгілі журналист Бейсен Құранбек пен қазақ эстрадасының жарық жұлдызы Қарақат Әбілдинаға көрсеткен қолдаулары үшін, өнерлі жеткіншектің және ата-анасының айтар алғысы шексіз.
      Шығармашылық жолын шыңдаған өнерлі Аяжан – қазіргі таңда Чайковский атындағы өнер колледжінің мақтаулы студенті.
      2018 жылы мамыр айының 1 жұлдызында талантты ару «Өнерлі өркениет» байқауында өзгелерден дара шығып, Бас жүлдені қанжығасына байлады. Аталмыш сайыста Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ұстаздары мен «Қазақстан» ұлттық арнасының басшылығы әділқазылар алқасының мүшелері болды. Одан кейін «Дарынды дарабоз» конкурсында Бас жүлденің иегері атанды.
     Алда өнерлі бойжеткенді үлкен сын күтіп тұр. Ол – 18 жасында жасалуы тиіс 2 ота. Қазіргі уақытта жамбас сүйектерін протездеу арқылы жасалатын операцияға дайындық үстінде. Соншама ауыр жағдайға қарамастан, бала көңілі жамандықтан ойын аулақ ұстайды. Баянды болашақтың, кемел келешектің кілтін ұстауға ұмтылған жас екпін жақсылыққа қалтқысыз сенеді.
      Болашағың жарқын болсын, талантты ару Аяжан!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости