Ришат Дильшат

Рейтинг:

      Киелі Маңғыстау топырағында қырдағы пір Бекеті мен ойдағы Саназар батыры бастаған 362 әулие жатыр. «Қырымның қырық батырын» жырлаған Мұрын жырау, Сүгір мен Қашаған мекендеген өңір – қашанда құтты мекен. Маңғаз Маңғыстау осындай тұлғаларымен, тұмса табиғатымен, құнды тарихымен мақтанып келсе, ендігі жерде ХХІ ғасырда білімімен белесті бағындыратын жастарымен марқаяды. Егемен елдің еңсесін одан әрі көтеріп, болашағын тізгіндер жастардың қатарында Маңғыстау облысы, Ақтау қаласының тумасы Дильшат Ришатұлының орны ерекше. Оқуда озат оғлан «Қына тасқа бітеді, білім басқа бітеді» деген ұстанымда. Сондықтан қазірден бастап, жастық арынымен жетістік жағалауын торуылдап келеді.
       Күндіз-түні ізденіс пен өзін-өзі дамыту жолында оқудың қазынасын игеретін жеткіншек Дильшат 2006 жылы адамзат тарихындағы ерекше мереке саналатын 9 мамыр күні өмір есігін ашты. Өнегелі, өсіп-өнген отбасының тірегі бойындағы тектілік пен қарапайымдылық болмысымен ерекшеленетін әкесі Турдиев Ришат пен жүзінен нұр, мейірінен шуақ шашып жүретін анасы Орисбаева Гүлжанаттың қамқорлығына бөленіп жүр. Соңынан ерген сүйікті қарындастары Нұршат пен Айшат қамқор ағаларынан үлгі алып, инабатты болып өсіп келеді.
     Қазақ халқы отбасында дүниеге ұл бала келсе, «ізімнің жалғасы, ертеңім, болашағым, ұрпақ сабақтастығын жалғастырушы, атұстар, қарашаңырағымның отын сөндірмейтін тегіміздің алтын сынығы» деп кішкене сәбиге мол үміт артқан.
     «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деген хакім Абайдың өсиетін бойтұмар еткен кітапқұмар жасөспірім тыңнан түрен салатын, ойына ой қосып, білім көкжиегін арттыратын кітаптарды көп оқиды. Жаңаөзен қаласындағы беделді білім ордасы «Дарын мектеп-лицейінің» шәкірті Ришат Дильшат 2015 жылы «Табиғат – тал бесігім» атты онкүндік бойынша «Оқушылар қаламы» байқауында І орынды иеленіп, жеңімпаз атанып, дипломмен марапатталды. Білімпаз өрен 2016 жылы «Қазақстан ұстаздары» қоғамы ұйымдастырған «Бастауыш сыныптар» пәні бойынша республикалық қашықтық олимпиадаға қатысып, І орын алып, тағы да жеңімпаз атанды. Барлық сұраққа 100% дұрыс жауап беріп, 100 ұпай жинап, білімділігін дәлелдеді.
       Жеңісті жолын жалғастырған Дильшат Ришатұлы 2017 жылы Астана қаласында (қазіргі Нұр-Сұлтан) өткізілген орыс тілі мен ағылшын тілінен Республикалық Ұлттық олимпиада бойынша қос I-орынды иеленіп, жеңіс туын желбіретті. Дарынды, ізденімпаз ұлан 2017 жылы қалалық «Бастау» математикалық турнирінде І орын және медальмен марапатталды. 2018 жылы қалалық 5-сыныптар арасында өткізілген «Шоңқалов олимпиадасында» І орынға табан тіреді. Қалалық 5-сыныптар арасында өткізілген «Шоңқалов олимпиадасында» І орын алғаны үшін, тағы да осы жылы «Дарын» мектеп-лицейінің оқудағы жетістіктері және белсенділігі үшін» марапатталды.
      Білім көкжиегін бағындыруды мақсат еткен Дильшат Ришатұлы «Қазақстан ұстаздары» қоғамы ұйымдастырған «Өзін-өзі тану» пәні бойынша республикалық қашықтық олимпиадаға қатысып, барлық сұраққа дұрыс жауап беріп, ең жоғары көрсеткіш – 100 ұпайға қол жеткізіп, І орынды иемденіп, жеңімпаз деп табылды.
       Дильшаттың ата-анасы «Балаңызға өнегелі тәрбие беріп, ізденімпаздыққа, еңбексүйгіштікке, адамгершілікке, білім жолында мақсатына жетуге тәрбиелегеніңіз үшін» деген мәтіндегі Алғыс хатты алып, төбесі көкке жеткендей қуанып, ұлдарын мақтаныш етті.
       Салауатты өмір салтын ұстанып, жастайынан денешынықтырумен айналысатын құрыш білекті Дильшат «ақыл-ой спорты – шахматпен», тенниспен айналысып, бос уақытында доп тепкенді ұнатады. Сонымен қатар жаңашыл жеткіншек күрмеуі қиын математикалық есептер шығаруға да көп уақыт бөліп, үнемі білімін жетілдіріп отырады.
        Дильшат биыл Ақтау қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түсіп, отбасын қуанышқа бөледі.
      «Сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт болуды қалайтын, өзін еліміздің патриоты санайтын, жақындарының көңіліне қарайтын жігерлі жас Дильшаттың жүзі жарқын, жүрер жолы айқын, келешегі кемел болсын!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости