XXI ғасыр – жаһандану ғасыры. Ғылым мен техниканың көз ілеспестей дамуының шегіне жеткен ғасыры. Өркениетті елдердің технологиялық қажеттіліктің биігіне жеткені анық. Сол биіктерге бізге неге жетпеске?! Ол үшін көңілі ояу, көзі ашық, саналы жастар, білікті мамандар қажет. ХІ ғасырдың ғұлама ғалымы Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» даналық кітабында: «Білім кімде болса, сол білікті болады» деген екен. Олай болса, адам баласын ұлы мақсаттарға жеткізетін де білім.
Жақсы істерді қолдап, оның өркендеуіне өзінің тағылымды тәрбиесі мен терең білімі арқылы ықпал етуді басты нысанасына айналдырған өнегелі өрендердің қатарында Калихан Алихан Асетұлы да бар.
Кекілін жел жарап, маңдайын күн сүйген алғыр Алихан Алматы облысындағы жасыл желекті әсем қала Талдықорған шаһарында ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасында 2012 жылы ақпан айының 14 жұлдызында дүниеге келді.
Қай дәуірде де жаңашыл, зиялы қауым өкілдері бар үйдің ұрпақтарына берер тәрбиесі мәнді, айтар сөзі өнегелі болғаны ақиқат. Осындай отбасылардың қатарына Алиханның жанұясы да жатады. Ізденіс үстінде шыңдалып келе жатқан дарынды ұлан «Жетістік пен табыс мінездің батылдығынан көрінеді» деген қанатты ойдың мәнін терең ұғынып, өз бойында ер азаматқа тән мінездің орын алғанын қалайды.
Осы ретте әкесінің «Азаматтық келбеттің мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде. Сол мақсатқа жету жолында адамның мінез-құлқы, іс-әрекеті ізгілікке бағыттап отыруы керек. Ер азамат қайратты, намысшыл, өр рухты, мінезімен кез келгеннің жүрегіне жол таба білуі керек. Мұндай қасиеттер оның азаматтық болмысын ажарландыра түседі» деген өнегелі ойын жадына түйіп отырады. Өз ісінің білікті кәсіп иесі атану жолында қайсар мінез бен табандылықтың, жауапкершіліктің негізін бала жастан жетілдіріп келеді.
«Ақыл-парасат мазмұнды білім мен өмірлік тәжірибеден қалыптасады. Терең білімді дамыту үшін жаттау емес, саналы ойды жетілдіріп, алған біліміңді іс жүзінде қолдана білуің керек» деп әрдайым отбасындағы айбарлы ұлдарына әкелік қамқорлығын көрсетіп отыратын әкесі Конырбаев Асет Калиханұлы мен аналық сүйіспеншілік арқылы перзенттеріне жан жылуын беріп жүрген анасы Конырбаева Альфия Болатжанқызы – шаңырақтың ырысы мен құтын сақтап отырған жарасымды жұп.
Жаны жайсаң, жүрегі дархан ұғымтал ұл Алихан – отбасының тұңғыш перзенті, ата-анасының үкілеген ақ үміті мен көзқуанышы. Ізінен ерген сүйкімді інісі Калихан Илияс Асетұлы ағасын үлгі тұтып ержетіп келеді.
Білім алар кез келгенде оқуға ынталы, білімге құштар Алихан Талдықорған қаласындағы №28 IT мектеп-лицейінің табалдырығын тарыдай болып аттады. Жастайынан зерек, өрелі өрен мектепке келген алғашқы күннен бастап білімнің пайдасын сезініп, инемен құдық қазғандай білім алуда табандылық танытып, оқуға бар ынтасын арнап, білім көкжиегін бағындыруға шындап кірісті.
Берілген білімді уақытында алып, жауапкершілікте болу – жетістікке жетелейтін жолдың негізі. Әке өсиетін жадында ұстап, талаптың белесінде жүрген үлгілі ұлан, озат оқушы, отбасы мүшелері мен ұстаздары сенімінен шығып жүрген білімпаз шәкірт Алихан Асетұлы қазіргі кезде 2 «Б» сыныбында білім әліппесін меңгеруде.
Білуге, білімге ынтық талапты шәкірт көптеген мәдени іс-шараларға белсене атсалысады, мектептегі үлгерімі де жақсы. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, сынып жетекшісі Бимолданова Гульжан Малайқызы – білікті маман, ұлағатты ұстаз. Өз ісінің шебері Гульжан Малайқызының талапшыл шәкіртіне үйретері көп. Ұстазының басшылығымен Калихан Алихан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.А.Назарбаевтын «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламасына арналған «Қазақстан – күллі түркі халыктарының қасиетті Қара шаңырағы» атты оқушылардың ғылыми конференциясында II орынға ие болып, жетістікке жетті. 2019 жылы «JARKYN BOLAS'AQ» Республикалык ғылыми-әдістемелік журналының ұйымдастыруымен өткен «Ғылым жолында» атты Республикалық ғылыми жоба байқауында І орынды иемденіп, мерейі үстем болды.
«Talaptylar.kz» үздіксіз даму орталығының қолдауымен ұйымдастырылған жалпы Республикалык байқауға қатысып, «Ғылыми жоба» атты шығармашылык байқауында білімпаз шәкірт І дәрежелі Дипломмен марапатталды. Сонымен қатар «Зият» ғылыми әдістемелік орталығы ұйымдастырған Бастауыш сынып оқушылары арасындағы «Ғылымға алғашкы қадам» атты X Республикалық ғылыми жұмыстар сайысында жүлделі ІІ орын алып, марапаттар санын көбейтті.
«Мен әкемді үлгі тұтамын, есепке қызығушылығым да әкеме еліктеуден туындады. Шешімі қиын есептерді шығаруды жаным сүйеді. Есеп шығарудың қыр-сырын терең игеруді қалаймын. Жақындарымның мақтанышына айналып, биіктерді бағындырсам», – дейді арманшыл, білімпаз өрен Калихан Алихан.
Анасының көмегімен шығармашыл, руханият әлеміне жақын ұлан кітапты көп оқып, көркем сөйлеуді меңгеріп жүр. Заман талабына сай Алихан ағылшын тілін үйренуге ден қойған. Бос уақытының басым бөлігін тіл үйренуге арнайды.
«Өзіңді қарапайымдылығыңмен, көркем мінезіңмен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды» деген орыс халқының кемеңгері А.П.Чеховтың орамды ойынан тәлім алатын талантты ұлан салауатты өмір салтын ұстанады.
Спортпен шұғылдану – салауатты өмір салтын қалыптастырудың алғы шарты. Жас ұрпақтың дене бітімінің сымбатты да мығым болуы – құнды байлық. Себебі, Жасампаз Қазақстанның болашағы – дені сау жастар мен кемел білімді меңгерген жастардың қолында. Сондықтан Алихан да уақытын босқа өткізбей, спортпен де шұғылданады. Аптасына 3 рет бассейнге барып, жүзумен айналысады.
Өскенде ел қажетіне жарайтын білімді тұлға, ұлт көшбасшысы боламын деп армандайтын білімпаз шәкірт Калихан Алиханның алар белестері мен жетер жетістіктері әлі алда екені анық.
Білімді асыл мұратына балаған өнерпаз ұланның кемел келешегіне сәттіліктің серік болары хақ! Айбының асқақтай берсін, жас ұлан!