Жұмағұл Ділназ Бауыржанқызы – тәрбиелі, білімді, дарынды. Білуге, білімге құштар өрелі өрен Ділназ 2010 жылы 5 қаңтарда Көкшетау облысы, Шортанды ауданы, Жолымбет руднигінде дүниеге келді. Тумысынан өнерге, шығармашылық қабілетке икемделді. Оның талантын ұштап, қолдау білдіріп отыратын жарастығы келіскен отбасы, ізгі ниетті жақындары бар. «Қызым – қырмызы гүлім» деп бағалайтын әкесі мен қыздарына бойындағы ибалықты, әдептілікті үлгі етіп келе жатқан анасы – жарасымды жұп, шапағаты мол жандар. Ата-әже тәрбиесін көріп, асыл қасиеттерді бойына дарытып жүрген Ділназдың алдындағы үлгі тұтар әпкесі Дәрия – 6-сынып оқушысы, фортепиано класының шәкірті. Дәрияның музыкалық жетекшісі – Шишолина Татьяна Ивановна. Апалы-сіңілілі екеуі өте тату, еңбексүйгіш, екеуі де руханият әлеміне жақын. Қиялы ұшқыр, арманы асқақ ару Ділназ шығармашылыққа жақын. Кішкентайынан мерекелік іс-шараларда ән салып, би билеп, өз өнерін ортаға салып, өнерлі, қабілетті екенін байқатқан сүйкімді балдырған «Ботакөз» балабақшасына барып, оң мен солын танып, әдеп әліппесін үйренді. Сөзге шешен, көпшіл, жаңашыл жас қай ортада да жұлдыздай жарқырап өз өнерімен жарқ етіп көрінетін Ділназ Бауыржанқызы – туған жеріндегі №2 жалпы білім беретін орта мектебінің 4-сынып оқушысы. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, сынып жетекшісі Риза Досымбекқызының қолдауымен аудандық ғылыми жобаларға, пән олимпиадалары мен зияткерлік сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иемденіп, марапаттарға лайық деп табылды. Синтезатор аспабында ойнауды үйретіп жүрген ұстазы – Марина Викторовна Бабченко. Жетістігі: Жұмағұл Ділназ – 3-сыныпты Мақтау қағазымен бітірген оқу озаты. Музыка мектебінің 2-сыныбында синтезатор аспабында ойнаудан дәріс алып жүрген талапты шәкірт Жұмағұл Ділназ – «До-ми-соль-ка» вокалдық тобының, «Аяла» би тобының мүшесі. 2019 жылы оқушылар арасындағы «Шығармашыл маржан» номинациясының ІІІ орын иегері, «До-ми-соль-ка» вокалдық тобының құрамында «Менің Қазақстаным» ІІ Халықаралық өнер конкурс-фестивалінің ІІ дәрежелі дипломын иемденіп, лауреат атанды. Аудандық «Жас математик» олимпиадасының Мадақтама иегері, 1-7-сынып оқушылары арасында өткен «Зерде» шығармашылық зерттеулік жобалар және шығармашылық жобалар аудандық байқауының Алғыс хат және «Табиғатты аялайық» сурет байқауының Мадақтама иегері, «Кенгуру – математика для всех» Республикалық интеллектуалдық конкурсының сертификат иегері.
Сүйікті ісі: Сурет салу, кітап оқу. Ән мен би өнерімен қатар спорттық ойындарды ойнауды ұнатады. Әжесінің қасында бір сәт асханада болып, аспаздық іспен де шұғылданады. Дәмді тағамдар мен түрлі тәттілер пісіруге жаны құмар.
Арманы: Өзі армандаған оқу орнындағы «Заң» факультетіне грант негізінде түсіп, қалаған мамандығының майталман шебері болу.