Гатау Жадыра

Рейтинг:

      «Болар бала – жасынан» дейді дана халқымыз. Осы бір дана сөздің дұрыстығын ешкім де теріске шығара алмаса керек-ті. Мұнда бастысы – бала жанынан табылу және оны белгілі бағытта ынталандыру. «Тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген тәмсілдің де орны ерекше. Себебі, тумысынан зерек, ойы ұшқыр, қиялы жүйрік Жадыраның жан-жақты болып өсуіне, жетістіктерге жетуіне өмірден көргені мен түйгені мол ұлағатты жандар, сапалы білім, саналы тәрбие алуына бар жағдайды жасап отырған ардақты ата-анасының бала тәрбиесін басты назарда ұстауы себепкер екенін атап өткіміз келеді.
      Жастайынан оқу-білімге құмартқан Гатау Жадыра Өтегенқызы мұнайлы өлке Атырау қаласында ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасында 2003 жылы 25 қазанда өмірге келді. Ақ түйенің қарны жарылып, киелі шаңырақтың берекесі артып, қуанышы еселене түскен отбасының иелері қыздарының есімін алтын күздің жадыраған шуақты күнінде дүниеге келгендіктен «Жадыра» деп қойды. Әкесі «қызым – өрісім», анасы «өскенде сырлас құрбым болады» деп шаттанған бір кездегі шынашақтай сәби қазірде ақ арманы айдан биік ару, кемел елдің келешегі ретінде қалыптасып келеді.
       Жарасымды жанұясының кенжесі болып өмірге келген балауса кішкентайынан тәрбиелі, ізетті, әдепті болып бой түзеп келеді. Жадыраның алдында арқа сүйер ағасы мен үлгі болар жанашыр әпкесі бар. Бауырлар өзара тату-тәтті, бірлікте күн кешуде. Әрдайым бір-біріне көмек қолын созуға дайын тұрады. Олар балалардың кенжесі, еркетайы Жадыраны қолдап-қорғауға дайын. Ой жеткен жерге қол жетерін бүлдіршін шағынан ата-анасының үйретуінен жақсы түсінетін зерек жас – бұл күнде ортасының мақтанышы, қос бәйтерегінің жарық күні.
     «Бала тәрбиесі – қара жерге дән егіп, оның жемісін көрген секілді күрделі де қызық іс. Мәселен, балаға кішкентай күнінен не берсең, өскенде соның нәтижесін, алған тәрбиесін көрсетері хақ. Сондықтан, анасы екеуіміз қызымыздың әдепті, ибалы, білімді, жан-жақты ұрпақ болып бойжетуі үшін, бар күш-жігерімізді жұмсаудамыз. Болашақта Жадыра еркеміздің біздің үмітті ақтайтын, бәсекеге қабілетті тұлға атанарына сенеміз. Себебі, қазірден бастап оның заманға сай білім алуына қолдау білдіріп келеміз!» – деп әкелік сөзін жеткізген ел ертеңінің әкесі Ібіш Өтеген Гатауұлы – өте жауапкершілігі зор азамат. Ақ жүректі, ақпейілді анасы Ибишева Бибатпа Утекешқызы – отбасының бірлігі мен тұтастығын сақтап келе жатқан шапағатты жан.
     Білім қамалын ақылдың күшімен алуда дарыны басым атыраулық ару Гатау Жадыра – Атырау қаласындағы Ж.Қаражігітов атындағы №16 орта мектебінің 10 «Г» сыныбында білім баспалдақтарымен жоғары қарай өрлеп келе жатқан білімпаз шәкірт.
    «Уақыттың қадірін білген жөн. Бір минут уақытты текке өткізбеу керек. Мысалы, мен сабақтан тыс кездері өзімді жетілдірумен шұғылданамын. Математика пәнінен қосымша есептер шығарамын. Әсіресе, логикалық есептердің дұрыс шешімін тапқан қатты ұнайды. Ақыл-ой спорты саналатын шахмат үйірмесінің тұрақты қатысушысымын.
      Мен үшін орны бөлек жан, қадірлі атам Ибишов Гатау – Атырау облысына белгілі азамат, сазгер, күйші, уақыттың құндылығын үнемі айтып отыратын. Қадірменді атам шахмат ойнағанды жақсы көретін әрі бұл ойынды өте сауатты ойнайтын. Шахматтан қол жеткізген табыстарымның барлығында ұлағатты атамның еңбегі зор екені анық. Жетістікке қол жеткізген сайын, атамның жарқын бейнесі, мейірімге толы нұр жүзі көз алдыма келеді. Маған ырза болып, жетістігіме қуанып, жымия қарап тұрғандай болады».
     Халықаралық дәрежедегі «UCMAS» менталды арифметика орталығында арнайы білім алып, жүлделі орындарды иеленіп, қалалық, облыстық, республикалық жарыстарда бақ сынап, жетістіктерге жетіп жүр. Қабілетті, дарынды Гатау Жадыра менталдық арифметика бойынша 2016 жылы Біріккен Араб Әмірлігінің ең үлкен шаһары Дубай қаласында және 2017 жылы Малайзия мемлекетінің астанасы Куала-Лумпур қаласында өткен Халықаралық олимпиадада әлемнің 60-тан асқан мемлекетінің талапкерлері арасынан оза шауып, екі мәрте жүлделі ІІ орынды иемденіп, мәртебесі артып, биіктен көрінді.
     «Армансыз күнім болмайды» деп бағамдайтын Жадыра Өтегенқызы – ағылшын тілін жетік меңгеріп, емін-еркін сөйлесуді мақсат еткен заманауи жастың бірі. Оның үстіне жан-жақты жетіліп келе жатқан өнерлі ару модельдік агенттік курсын бітіріп, жыл мезгілдеріне сай түрлі сән үлгілерін жарнамалайды. Интеллектуалдық мүмкіндігі зор Жадыра болашақта менталды арифметика бойынша білімін жетілдіріп, шахмат ойнау шеберлігін арттыруды жоспарлауда. Шахматтан да жүлделі орындарды иемденіп жүр.
       Спортқа жаны жақын жас дене шынықтыру жаттығуларын үзбей жасап, таза ауада жиі серуендейді. Сонымен қатар, отбасы мүшелерін өз қолымен дайындаған дәмді тағамдарымен қуантуды да ұмытпайды.
      Иә, бұл жетістіктері – дарынды шәкірттің иемденген табысты жылдар бастамасы ғана. Жадырадай жан-жақты өнерпаз арудың болашағынан мол үміт күтеріміз анық. Алдағы уақытта да жеңістер биігінен көрініп, толағай табыстарға жетіп, басына тек бақыт нұры себелесін!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости