Талабы таудай, өз мақсаты мен елінің мүддесін үндестіре білетін, білімді, шығармашыл шәкірттер – мектептің айбыны десек те болады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ, заманына лайық шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы қалыптасқан қазақстандық жастар – біздің қоғамның идеалына айналуға тиіс» деген парасатты ойы бүгінгі ғаламдық даму уақытында бәсекеге қабілетті жас ұрпақтың болашақ бедеріндегі орнын айқындай түседі. Заманауи білім ордасында тәрбиеленген шәкірт болмысы әрқашан биіктікке ұмтылары анық. Сапалы білім мен шығармашылық өнерге қызығушылық – мектеп партасында алған білім қорын өмірдің қажеттілігіне жарату – өнер мен білімді қос қанатына балаған жас буынның мақсаты. Бүгінгі күні осындай мақсатпен мектеп мақтанышына айналып отырған дарынды ұланның бірі – Нәби Темірлан Әлібекұлы 2008 жылы 22 ақпанда Маңғыстау облысының Ақтау қаласында дүниеге келген. Қазіргі таңда Ақтау қаласы «EtonHouse Kazakhstan» халықаралық мектебінің зерек шәкірті.
«Бақыттың мәні – парасаттылықта, әркімнің өз алдына игілікті мақсат қоя білуінде. Ол мақсат тек кездейсоқ рақат үшін емес, шынайы игілік үшін бағытталуы керек. Адамның өз мінез-құлқын, іс-әрекетін ерікті түрде өзгертіп, ізгілікке бағыттап отыруымен байланысты», – дейді ұлы ойшыл Әл-Фараби. Отбасының берекесі мен сыйластығын өзінің бақытты балалық шағымен байланыстыратын тәрбиелі ұл отбасын бақытына, шаттығына балайды. Шаңырақтың шырайы, ұрпақ жалғастығы ұлдарын патшадан кем көрмейтін өр мінезді әкесі Бегимов Әлібек Нәбиұлы мен алақаны аялы, құшағы саялы, аяулы анасы Бегимова Үміт Ақдәулетқызы – өнегелі отбасы иелері, жарасымды жанұя. Алдындағы асқар тау ағасы Нәби Нұрәлі Әлібекұлы – соңына ерген ізбасары, кең тынысы Темірланның әр бастамасына қолдау білдіріп, ағалық қамқорлық танытып, үнемі қолдап отырады. «Тартыспен түскен, бейнетпен келген жетістік – шын мәнінде, қымбат табыс», – дейді заңғар жазушы М.Әуезов. Білім мен спорттық аламында оза шауып жүрген өрелі өрен талай айтулы сайыстарда бақ сынап, табыстың шыңына жеңіс туын шаншып жүр. Жеңістің жемісті дәнінен бүршік жарған жылдар тізбегі де дарынды жас Нәби Темірланның шәкірттік тұлғасын жарқырата түскендей. 2015 жылы II Республикалық қашықтық 2-11-сыныптар арасында ұйымдастырылған қазақ тілі олимпиадасына қатысып, І дәрежелі дипломмен марапатталып, арнайы сертификат та иеленеді. 2016 жылы «EtonHouse Kazakhstan» Халықаралық мектебінде сыныптар арасында өткізілген «Жігіт сұлтаны-2016» байқауында «Тапқыр жігіт» номинациясы бойынша марапатталып, жаңаша қырымен танылуда да өзіндік болмысы айшықталған жас сайыпқыран 2016 жылы Ақтау қаласында «1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі мен ынтымағы күніне» арналған «EtonHouse Kazakhstan» Халықаралық мектебінде өткен Кекушинкай каратэ-доның ашық сайысынан III орын алып, мақтау қағазына қол созды. Спорттың адам денсаулығының басты кепілі екенін түсініп, «Біз салауатты өмір салты үшін» атты арнаулы турнирге қатысып, 2017 жылы «EtonHouse Kazakhstan» Халықаралық мектебінде Кекушинкай каратэ-доның ашық сайысынан II орын жеңімпазы атануда тер төккен Темірлан шахматтың шаршы тақтасын да жақсы игерген. Айтулы жылы «EtonHouse Kazakhstan» Халықаралық мектебінде оқушылар арасында өткізілген шахмат сайысы бойынша III орынды түйіндеп, грамотамен марапатталуы – жетістіктерінің бір бөлігі. Табыс кемесінің баспалдағына аяқ басқан 2018 жыл толағай табыстар жылына айналды. «EtonHouse Kazakhstan» Халықаралық мектебінде білім мен шығармашылық қабілетімен ерекшеленіп, үздік жетістіктері үшін «Лучший в классе» сертификатымен марапатталса, «EtonHouse Kazakhstan» Халықаралық мектебіндегі үздік жетістіктері үшін «Best P.E.Student by the Month» сертификаты оқушы портфолиосынан орын алды.
«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, Біз лагерьге барамыз» деп әндеткен жас достарының ортасында жүзі жарқырай ән салған Әлібекұлы Темірлан «Күншуақ» жазғы сауықтыру лагерінде өткізілген мәдени-танымдық, зияткерлік, шығармашылық, спорттық сайыстарға белсене қатысқаны үшін алғыс хатқа ие болады. Британдық жазушы Т.Карлейль: «Дені сау адам – табиғаттың ең қымбат жемісі» деп бекер айтпаса керек-ті. Ұлы жазушының даналық ойын жадына түйген Темірлан – бос уақытында суда жүзумен, шахмат ойнаумен айналысқанды ұнататын талапты жас. Бір мезгіл таза ауада серуендеп, бір сәт жора-жолдастарымен көгалда доп қуып, футбол ойнайды.
Армансыз адам – қанатсыз құспен тең. Оның да жүрек түкпірінде балалық арманы орын тепкен. Атаулы білім ошағын жоғары көрсеткішпен тәмамдап, шетелдік жоғары оқу орнына түсу және алған білімін қазақ елінің игілігі үшін қолдану – перзенттік парызының Отан алдындағы бір бөлшегі болар еді...
Арман алдамайды. Ол алысқа жетелейді. Арман асуына бет алған бағдаршамың жарық, межелі жеріңе адастырмай жетелесін, ойлы жас Нәби Темірлан!