Халықберген Нұрзира Арстанбайқызы – «Өмірдің әр сәтінен сабақ ал!» деген ұстанымдағы биіктерге ұмтылатын, өресі биік ізденімпаз өрен. Бірлігі мен ынтымағы жарасқан отбасында 2005 жылдың ақпан айының 24 жұлдызында Атырау облысы, Құлсары қаласында ынтымағы мен бірлігі жарасқан отбасында өмір есігін ашқан. Ажарына ақылы сай Нұрзира – ата-анасының көзқуанышы мен жарқыраған шамшырағы. Сөзге берік, ойға жүйрік, адамгершілігі жоғары әкесі Қайроллин Арстанбай Халықбергенұлы – отбасының қамқоры мен тірегі. Жылы жүзді, шуағы мен шарапаты мол анасы Джулаева Құралай Лесбайқызы – Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде бас маман қызметінде. Нұрзира – отбасының тұңғышы, өзінен кейін Арстанбай Қасиет есімді інісі бар. Әпкесін барлық жағынан үлгі тұтатын сүйкімді Қасиет – «Бейнеу гимназиясы» ККМ-нің шәкірті. Болашағына нық сеніммен қадам басып келе жатқан Нұрзира тумысынан руханият әлеміне, өнерге біртабан жақын болып өсіп келеді. Отбасындағы тәлімді тәрбиені «Балдырған» балабақшасында жалғастырып, оң мен солын танып, әдеп әліппесін меңгерді. Білім алуға құштар Нұрзира «Ақыл – тозбайтын тон, Білім – таусылмайтын кен» дегенді басшылыққа алып, «Бейнеу гимназиясы» білім ордасының табалдырығын аттады. Білімпаз шәкірт қазіргі кезде 9-сыныпта оқып, білім баспалдақтарымен жоғары өрлеуде. Сынып белсендісі, ұстаздарының мақтанышы. «Менің жан-жақты дамып жетілуге қызығушылығым зор, сондықтан түрлі үйірмелерге қатысып жүрмін. Заман талабына сай ағылшын тілін үйрену үшін қосымша курстарға барып жүрмін. Қолөнер үйірмесінде тоқыма тоқу, киімдердің эскизін жасау, тігін тігуді үйрендім. Әлі де өзім қатыспаған үйірмелерге баруды жоспарлап жүрмін. Алтын ұя мектебімді бітіргеннен кейін, жүк қатынастары және логистика саласы бойынша жоғары білім алғым келеді. Көп еңбек ету, тынымсыз іздену арқылы мақсатқа жетуге болады. Мақсатқа жету үшін көп іздену, орта жолда тоқтап қалмау керектігін түсіндім. Ата-анамның ақ үмітін ақтап, мақтанышына айналғым келеді», – дейді өрелі өрен. Жетістігі: 2018 жылы аудандық «Әбіш Кекілбайұлы оқулары» иллюстрациялық суреттер жарысынан II орын алған жүлдегер. Аудандық «Жас өркен» байқауынан Сертификат, 2019 жылы аудандық «Әбіш Кекілбайұлы оқулары» иллюстрациялық суреттер жарысынан III орын иегері. Аудандық «Жас геолог» жарысынан I орын, аудандық «С.Қондыбай шығармалары» байқауынан I орын алған жеңімпаз. Дарынды жас 2020 жылы аудандық «Әбіш Кекілбайұлы оқулары» иллюстрациялық суреттер жарысынан II орын, аудандық «The masterpiece of the kazakh languages» ағылшын тілі бойынша өткізілген байқаудан I орын, Республикалық жалпы білім беретін пәндік олимпиаданың мектепішілік кезеңінде география пәні бойынша ІІІ орынды иемденіп, мерейі үстем болды. «Жас геолог» облыстық байқауына «Болашақ» тобы құрамында қатысып, Сертификат иеленді. «Маңғыстаунама-2019» аудандық сырттай байқауында «Сурет салу» сайысы бойынша І дәрежелі Диплом алып, марапаттарын еселей түсті.
Сүйікті ісі: Сурет салу, қолөнермен, динайнерлік жұмыстармен айналысу, музыка тыңдау, спортпен шұғылдану, табиғат аясында достарымен демалу.
Арманы: Жоғары білім алып, өзі қалаған мамандықтың майталман маманы, кәсіби шебері болу. Басты мақсаты – Ұлы Қазақ елінің құрмет тұтар, ата-анасының мақтан тұтар аяулы қызы, танымал тұлға атану.