Тәжібай Заманбек Нұрбайұлы – болашақта «елім» деп соғар жүрегімен, халқына қалтқысыз еңбек етіп, азаматтық борышын өтеуді арман ететін ұлан. «Көп ойласаң – дана боласың, Көп ойнасаң – бала боласың» деген ұстанымдағы Заманбек Маңғыстау облысы, Карақия ауданы, Жетібай ауылында 2003 жылы 26 мамырда өнегелі отбасында өмір есігін ашқан. Жоғары ұстанымды ұлағаты мол атасы Даулбаев Тәжібай 45 жыл ұстаздық етіп, білім саласына зор еңбек сіңірген абыройлы азамат ретінде ұрпақтарының есінде сақталып қалған. Ақтілеулі әжесі Тажибаева Айбала – балаларының бақытты ғұмырын тілеп отырған абзал жан, 81 жастағы қадірменді Ана. 12 ұл-қызды тәрбиелеп өсіріріп, бейнетінің зейнетін көріп отырған кейуаналар қатарында. Отбасының тірегі, қамқор әкесі Даулбаев Нұрбай Тәжібайұлы – «Маңғыстау Мұнайгаз» мекемесінде Цех бастығының орынбасары қызметінде. Ажарына ақылы сай анасы Таджибаева Пердегул Ялкашовна – жеке кәсіп иесі. Заманбек – отбасындағы ортаншы перзент. Алдындағы арқа сүйер ағалары Алматы қаласында жоғары оқу орнында білім алуда. Үлкен ағасы Исламбек Нұрбайұлы КРМУ университетінің ІV курс студенті. Екінші ағасы Қазыбек Нұрбайұлы АТУ университетінің ІІІ курс студенті. Ізінен ерген сүйкімді екі қарындасы бар: Нұрсая – 10 жаста, №4 орта мектебінің 3-сынып үздік окушысы, ал Нұржайна – төрт жастағы балабақша тәрбиеленушісі. Ұлттық құндылықтар мен заманауи көзқарастарды жастық санасына сіңіре ержетіп келе жатқан Заманбек көрнекті ақын-жазушылардың шығармаларын үзбей оқиды. Салауатты өмір салтын ұстанып, спорттық ойындармен шұғылданады. Білімнің пайдасын жасынан түсінген зерделі ұл қазіргі кезде Маңғыстау облысы, Қарақия ауданы, Жетібай ауылындағы №4 орта мектепте білім баспалдағымен жоғары өрлеуде. 11 «А» сыныбының белсенді оқушыларының бірі, мектеп мақтанышы. Білімпаз шәкірттің ұлағатты ұстазы Нұрым Жанатқа айтар алғысы шексіз. Сегіз қырлы, бір сырлы жігіт Заманбектің келешекте ел мақтанышына айналарына сенімдіміз. Жетістігі: Заманбек Нұрбайұлы – 2014-2016 жылдары мектепаралық «Жігіт сұлтаны» сайысы бойынша үш жыл қатарынан І орынға ие болған жеңімпаз жігіт. Аудандық 2015 жылғы «Жарқын болашақ» олимпиадасының «Сөз шеберлері» бағыты бойынша жүлделі ІІІ орын иегері, осы бағытта 2016 жылы өткен олимпиаданың ІІ орын жүлдегері. Аудандық «Әбіш оқулары-2017» байқауында «Мәнерлеп оқу» бағыты бойынша І орынға ие болып, мәртебесі артты. Аудандық «Ақберен» байқауының «Көркемсөз оқу» бағыты бойынша І орынға ие болды, Ақтау қаласында өткен облыстық кезеңінде жүлделі ІІ орынмен оралды. Осыған орай туған ауылы Жетібай ауылының әкімінің Алғыс хатын иемденіп, мерейі үстем болды. 2017 жылы Республикалық оқу-сауықтыру орталығында «Ғұламалар тағылымы» Абай, Махамбет оқулары бағыты бойынша Грамота және осы оқу-сауықтыру орталығының Сертификатын иемденіп, жетістіктерін еселей түсті. 2018 жылы Қарақия ауданының 45 жылдығы және Қазақстан Республикасы Тілдер күніне арналған «Тіл – біздің тірегіміз» атты аудандық көркемсөз оқу шеберлері байқауында үздік өнер көрсеткен өресі биік Тәжібай Заманбек Бас Жүлдені жеңіп алып, 20 мың теңгелік Сертификат иегері атанды. 2019 жылы «Желтоқсан – Тәуелсіздіктің ұлы рухы атты Жастар форумына белсене қатысқаны үшін Алғыс хат иемденді. 1 Наурыз «Алғыс айту» мерекесіне орай руханият әлеміне жақын дарынды Заманбекке Жетібай ауылының әкімі атынан «Алғыс» хат табыс етілді. 2019 жылы аудандық «Әбіш Кекілбаев атындағы жыл сайынғы сыйақы тағайындау» байқауының «Жас көркемсөз шебері» номинациясы бойынша І орын жүлдегері. Осы номинацияның облыстық кезеңінде де І дәрежелі диплом иегері атанып, облыс әкімінің 100 мың теңгелік стипендиясын жеңіп алды. Нұрбайұлы Заманбек 2019 жылы тәуелсіздік күніне орай облыстық Білім басқармасының бастығының Алғыс хатымен марапатталды. Сүйікті ісі: Кітап оқу, таным көкжиегін кеңейту, сурет салу, спортпен шұғылдану.
Арманы: Жоғары білім алу, «Қазақстан» телеарнасында тележүргізуші болу, журналист мамандығын меңгеру. Ұлы Қазақ Елінің жұлдызына айналу, танымал тұлға болып, журналистика саласында қызмет ету.