«АТА-АНАМНЫҢ МАҚТАНЫШЫ БОЛУДЫ ҚАЛАЙМЫН»
Қазақ халқы қыз өссе, өрісіне, бақытына, отбасының берекесіне балаған. Шаңырақтың жылылығын сақтайтын ару аналардың ізін басар, кестетігер ардақты жан деп есептеген. Қызды қырық үйден тыйып, бойына бар асыл қасиетті құйып, жақсылықты дарытуға тырысқан. Анасы алақанында аяласа, әкесі «көзімнің нұры, маңдайымдағы жұлдызым» деп еркелеткен. Қылығы сырт келбетіне үйлескен, тал шыбықтай иілген сымбатымен бой түзеп, енді бүршік жара бастаған көктемгі алма ағашындай өсіп келе жатқан Әбдіәшім Мереке – бір отбасының мерейі. Жақындарының мейірім-шапағатына бөленіп өскен сүйкімді бүлдіршін 2004 жылы 9 қыркүйекте шырайлы Шымкент қаласында дүниеге келді. Қазіргі таңда білімпаз шәкірт Мереке Бағланқызы – кіндік қаны тамған туған қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясының 9 «А» сыныбының озат оқушысы, түрлі марапаттарды иемденіп, мерейі үстем болуда.
Үлгілі отбасының перзенті Мерекенің әкесі Бағлан – отбасының тірегі мен қамқоры. Ал жүзінен нұр төгілген асылзат анасы – барлық жағынан қолдау көрсетуші сүйеніші. Ақылы мен парасаты келіскен қыздың өзінен кейін Ерсұлтан, Бекарыс есімді жақсы көретін сүйікті інілері, Асемай, Айзере есімді сүйкімді сіңілілері бар. Ерсұлтан – мектеп оқушысы. Мерекенің бойында инабаттылық, кішіпейілділік, бауырмалдылық сынды қасиеттері басым. Осы асыл мінездері күн көзіне шыққан асыл тастай жарқырап, көпшілікті өзіне баурап әкетеді.
Мерекенің тәрбиесінде ата-анасының алар орны ерекше. Тіпті, білімде басынан бағын тұрақтатып жүрген озат шәкірт сабағына да анасымен бірге дайындалады. Сыныпта өзгелер үлгі тұтар оқушылардың сапында. Терең білімімен, біліктілігімен, үлгілі тәртібімен, түрлі сайыстарға қатысып, белсенділік танытқан талантты шәкірт Мереке Бағланқызы Алғыс хаттар мен Мақтау қағаздарына ие болған.
Атап айтқанда, 2014 жылы Болгария Акадамиясының ұйымдастыруымен математика және информатика пәнінен өткен Халықаралық «CHERNORIZEC HRABAR» атты мастер-класс бойынша ІІ орын алып, Сертификат иегері атанды.
2015 жылы Франция мемлекетінің астанасы Париж қаласында өткен «Кенгуру-математика для всех» атты конкурстың ІІІ орын иегері болғандығы туралы Сертификат иемденді.
2015 жылы математика пәнінен өткен ТМД мемлекеттерінің оқушылары арасында өткізілген Халықаралық олимпиадаға қатысып, жақсы нәтижемен І дәрежелі Диплом иегері атанды.
Әр сыныпта оқу жетістігі артып келе жатқан ынталы шәкірт Әбдіәшім Мереке «Интеллектуал – 2050» бейіндік ауысымының жүлдегері атанып, Дипломмен марапатталды.
«Білімдінің күні жарық» деген ұстанымдағы Әбдіәшім Мереке Халықаралық «ПОНИ» байқауының Дипломын иемденді.
Бос уақытында кітап оқып, анасына көмектесіп, достарымен кездесіп, уақытын тиімді пайдалана білетін Мереке арманшыл жастардың қатарында.
Оның арманы – мектепті ойдағыдай бітіріп, қалаған жоғары оқу орнына түсу. Осы мақсат үдерісін құр арман күйінде тасада, санасында ғана қалдырмас үшін, еңбектің кетпенін, ізденістің жарық шамын, күш-жігердің мол қорын алып, жетістік жолын бағындыруға шықты. Әрдайым талмай ізденісте жүріп, мақсатына жетпей тынбайтын қайсар қыз Әбдіәшім Мереке Бағланқызын алда бақытты күндер, асқар шыңдар мен жеңісті сәттер күтіп тұрғанына сенімдіміз.
«БІЛІМІМ МЕН ЖІГЕРІМДІ ЕЛІМНІҢ ГҮЛДЕНУІ МЕН ДАМУЫНА АРНАҒЫМ КЕЛЕДІ»
Ой алыптарының асыл маржандай адамгершілік қағидалары, ғұмыр, қоғам, жаратылыс жайындағы пәлсапалық ой-толғаныстары қашан да дәуір тынысымен қатар соғып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын табады. Ізгілік пен парасатқа толы шежірелі ой өрнектері, әманда, адамзат рухының ізгілікке ілгерілеп, кемелденіп толысуына ұтымды ізін қалдырады. Адамгершілік идеялар барша адамзат баласының ұлтына, нәсіліне, тегіне қарамастан, күллі ортақ ізгілікке толы рухани болмысты қалыптастыруда ауадай қажет. Себебі, адамзат рухы адамгершілік пен имандылықтың саф алтындай мөлдір тұнығымен тыныстап, айна бұлақтың сыңғырындай таза лебінен нәр алады. Ұлылар ұлағатын ұлықтап, даналық ойдан қуат алып жүрген жас буынның бірі – шымкенттік Әбдіәшім Ерсұлтан Бағланұлы – «бүгінгі табысым – ертеңгі күнімнің баспалдағы» деп жүрген ұлан.
Әлем назарын қазыналы ақ алтынымен баурап алған аймақтың мақтанышы 2006 жылы 11 қарашада Шымкент қаласында ынтымағы мен берекесі жарасқан отбасында дүние есігін ашты. Отбасының алып бәйтерегі атасы Байбосын Әбдіәшім – Арыс қаласының Құрметті Азаматы. Асқар тау әкесі Бағлан мен анасы Райхан – перзенттерін нұрға балаған жарасымды жұп, берекесі мен бақыты тасыған отбасы мүшелері. Анасы Райхан Нұртасқызы перзенттеріне әдепті болуға, үлкенді құрметтеуге баулыды. Жігері жасымайтын, ер мінезді Ерсұлтанның алдында үлгі көрсетер жанашыр әпкесі Мереке бар. Ізінен ерген қарындастары Асемай мен Айзереге, інісі Бекарысқа қолғанат болып, үнемі көмектесіп, қол ұшын береді. Отбасының жарқыраған шамшырағы Мереке 9-сыныпта оқып жүр.
Кез-келген мемлекеттің іргетасы мектеп партасында отырған жас дарынның табысты істерінен қаланады. «Білімді жан азығына балаған» Әбдіәшім Ерсұлтан алған білімін түрлі сайыстарда сынап, жетістік желкенін керіп келеді. Білімқұмар шәкірт бұл күнде Тұрар Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясының 7 «Б» сыныбының оқушысы, сынып белсендісі.Толағай табыстың тайқазаны 2018-2019 оқу жылдарында да жалғасын тапты. «ПОНИ» Халықаралық конкурсының жеңімпазы, «Самұрық» Республикалық қашықтықтан олимпиадалар өткізу орталығы ұйымдастырған математикалық зияткерлік сайысында І орын алып, Диплом иегері атанып, жақын жандарының қуанышқа бөленуіне септігін тигізді. Жеңістің жалынды жалауы жалғасын тауып, «Новый урок – 2014» Халықаралық қашықтық олимпиадасының математикадан өткен блиц турнирінің Диплом иегері.
Тұрар Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясының мектепішілік пән олимпиадасының қазақ тілі пәнінен жүлделі І орын алып, мерейі үстем болды.
2018 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы оқушылары арасында өткен «Алтын ұрпақ» зияткерлік олимпиадасының І орын жеңімпазы атанып, жетістіктерін еселей түсті. www.nio.kz Республикалық Ұлттық Интернет Олимпиада сайты ұйымдастырған қазақ тілі пәнінен қашықтық олимпиадасының жеңімпазы, І дәрежелі Диплом иегері атанды. Білімге құмар, оқуға ынтық Ерсұлтан – www.nio.kz Республикалық Ұлттық Интернет Олимпиада сайты ұйымдастырған математика пәнінен қашықтық олимпиадасының жеңімпазы, Диплом иегері.
Бос уақытында суда жүзуді, лего құрастыруды ұнататын талантты ұлан шығармашылық қырымен де ерекшеленеді. Алға қойған мақсаты – оқуын ойдағыдай бітіріп, жоғары оқу орнына түсу.
«Бір ұл тәрбиелесең – бір әулетті тәрбиелегенің» деген даналық ой Әбдіәшім Ерсұлтан Бағланұлына қарата айтылғандай. Тәрбиелі жастың асығы алшысынан түсеріне сенеміз. «Өмір» атты теңіздегі кемеңнің желкенін жел шайқамасын. Жүрер жолың даңғыл болсын!