Ақбалаева Айжан

Рейтинг:

«ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТІП, АНАМА ҚУАНЫШ СЫЙЛАЙМЫН»
 
      ХХІ ғасырдың ең зор байлығы – білім. Сол себепті, білімдінің мыңды, білектінің бірді жығатыны даусыз. «Білім» атты теңізде емін-еркін жүзу үшін ынта-ықылас пен еңбексүйгіштік, табандылық қажет. Асқақ армандарға көз тіге, қанатын қияға самғап келе жатқан тумысынан дара, ақылы зерек жасөспірімдерді өсіру – елдікті ту, білімді күш еткен болар елдің міндеті. Бүгінде жастайынан танылып, жарыстардың алдын бермей, бәйге алып жүрген жүйріктей небір білімді жеткіншектер мектеп қабырғасынан өздерін үздік көрсетуде. Солардың қатарында Ақбалаева Айжан Сарсенбайқызының орны ерекше. 
      Досқа адал, сырға берік, сөзге тұрақты, бауырмал, көпшіл, сезімтал қыз Айжан Сарсенбайқызы 2005 жылы  29 сәуірде ынтымағы жарасқан отбасында өмірге келген. 
      «Үйдегі екі ағайынды баланың тұңғышы болғандықтан, үлкендер маған зор үмітпен, сеніммен қарайды. 2012 жылы туылған сүйікті сіңілім Айаруға үлгі болу – міндетім әрі анамның алдындағы перзенттік парызым. Айару Сарсенбайқызы – «Опорный» орта мектебiнiн 1-сынып окушысы.
      Әкем маған әрқашан: «Болашақ – білімдінің заманы, өз күніңді адал көргің келсе – білімді, ақылды болғың келсе – сабағыңды жақсы оқығаның жөн» деп ақылын айтып отыратын. Өкінішке орай құрметті әкем Мукашев Сарсенбай 2013 жылы өмiрден өтіп, тек жүрегімде асыл бейнесі сақталып қалды.
      Мен үшін ең қымбат жан, шексіз мейірімі мен сүйіспеншілігіне бөлеп жүрген мейірбан анам – менің тірегім мен қолдаушым. Асыл анам Медиева Куралай «КазМунайТениз» мекемесiнде лаборант болып кызмет етедi.
      Арман алдамайды деген. Менің арманым – елге пайдасы тиер маман, кәсіп иесі атану. Анама қолымнан келгенше жақсылық жасап, барынша үлгілі перзент болуға тырысамын. Мейлі өнерде, мейлі білімде, әйтеуір, Қазақ Елінің дамуына өзімнің тамшыдай болса да үлесімді қосқым келеді», – дейді өнегелі, абыройлы отбасының көзқуанышы мен шамшырағы ару Айжан.
      «Өз білімім – еңбегімнің нәтижесі, қабілетімнің көрсеткіші, алдағы болашағымның кепілі, жастық жалынымның көрсеткіші» деген ұстанымда. Ойы ұшқыр, көңілі жүйрік Айжан бәйгеден олжасыз оралмайтын ару – ортасында сыйлы, талапты. «Ақыл жастан» дегендей, көпті ұйымдастырып, үлгі боларлықтай білімі де бар. 
      «Болар бала бесіктен» дегендей, кішкентайынан зерек өрен мектепте білім алар кез келген сәтте туған жеріндегі ең үздік, оқыту бағдарламасы мықты мектеп – «Опорный» орта мектебiнің табалдырығын аттап, шәкірт атанды. Маңдайын күн сүйіп, шашын жел тараған ақ бантикті шәкірт қыз осы сәттен бері оқудың таусылмас кенін ізденіс кетпенімен қазып жүрген жастың білімдегі асығы алшысынан түсуде. 
      Технологияның соңғы үлгілерін назардан тыс қалдырмайтын оқушы ақпараттық жүйелер, оның ішінде, информатика пәнін ерекше ұнатады. Компьютерлік бағдарламаларды игеру, түрлі қызықты есептер шығару – оның танымын кеңейте түседі. 
      «Білген адам білімді өмір бойы іздейді» деген ұстанымдағы өрелі өрен инемен құдық қазғандай білім алу жолында табандылық танытып, білім баспалдақтарымен біртіндеп жоғары өрлеп келеді. Алғашқы сыныптардан бастап сыныптағы маңдайалды озат оқушылардың қатарына еніп, ұстаздарының, жақындарының мақтанышына айналды.
      Білуге, білмекке құмар шәкірт орыс тілі пәнінен «Мәнерлеп оқу» сайысының Диплом иегері. Сондай-ақ «Я русский бы выучил только за то...» эссе жазу конкурсының Диплом иегері. 2018 жылы Жаратылыстану-математикалық бағыт бойынша 7-8 сынып оқушыларының мектепішілік олимпиадасы кезеңінде география пәнінен І орын алып, Мадақтамамен марапатталды. 
      2019 жылы Жалпы білім беретін пәндер бойынша Республикалық пәндік олимпиаданың мектепішілік кезеңінде орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша  І дәрежелі Диплом иемденсе, олимпиаданың аудандық кезеңінде орыс тілі мен әдебиеті пәні бойынша  ІІІ дәрежелі Дипломға қол жеткізеді.
      Еңбек жоқ жерде, жеңіс жуымайтынын білетін Қазақстанның болашағы қазіргі кезде 9-сыныпта білім көкжиегін бағындыруда.
Уәдеге берік, досқа адал зерделі шәкірт тек сабақ оқып ғана қоймай, кітап оқып, сурет салумен де айналысады. Қолөнер бұйымдарын жасау, іс тігу, тоқыма өнерінен де хабары бар. Көбінесе тәтті тағамдар пісіріп, отбасы мүшелерін қуантып отырады. Салауатты өмір салтын ұстанатын жаңашыл жас спортқа да біртабан жақын, жүзу спортымен тұрақты түрде айналысады.
      Сансыз жоспарлар мен ізгілікке толы армандары оған шабыт сыйлап, келер күнге жетелейді. Қазіргі заман талабына сай көптілділікті меңгеру керек кезеңінде, ағылшын тілі мен корей тілдерін үйренудегі оның тілдік танымы да өрісті, орыс тілінде еркін сөйлеп, ағылшын тілін меңгеруге ден қойған.
      Кемел келешегінде өресі биік Ақбалаева Айжан  шет мемлекеттердің бірінде сапалы білім алып, дизайнер және аудармашы мамандықтарын қатар игеруді осы кезден бастап жоспарлауда.
      Бір арнаның бойында тоқталып қалмай, алға ұмтылып, жан-жақты жетіліп келе жатқан Ақбалаева Айжан Сарсенбайқызы өз биігін бағындырар тұғыры биік тұлға болуды армандайды. Мақсаты – биік, бағыты айқын жас. Демек, дегеніне жетеді. Біз де дарынды жастың мақсатына жетіп, ел мақтанышына айналар танымал тұлға боларына сенеміз!
 
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Лида- 26 марта 2020 21:10
Жарайсын.керемет

Последние новости