Елек өзенінің сол жағалауында, оң жағынан Қарғалы өзені құятын тұсында орналасқан Ақтөбе қаласы болашақта жанарынан жұлдыз болатыны білінетін тума таланттарға бай. Ана сүтімен, әке қанымен жүрегіне жақсылық нұрын құйып, өскенде атақты әртіс, шығармашылық тұлғасы болуды армандайтын Бітім Зарина Ержанқызы – осынау төбесінен күн де көзін қадап, қимай өтетін Ақтөбе қаласының перзенті. «Шығармашылық – адамды ізгілік пен игі істерге, баянды бақытқа жетелемей қоймайды. Ерекше сезімдер мен тұлғалық дамуға талпындырады» деп есептейтін Зарина 2004 жылы 18 ақпанда Ақтөбе қаласында дүниеге келген.
Мүшел жасқа толғалы алдағы мамандығы мен өмірлік кәсібі жайлы жиі ойланатын Зарина қазіргі таңда еліміздегі тұңғыш әрі жалғыз портты қала, аққулар келетін Ақтау қаласындағы №11 мектеп-гимназиясының 9 «А» сыныбын 4 пен 5-ке бітірді. Қазіргі кезде 10-сыныпта білім алуда.
Қазірде оқуда озат атанып, қатарының алды болып жүрген дарынды ару небәрі төрт жасында анасынан айырылған. Анасы Майра 2008 жылы 9 қаңтарда ұзақ уақыт бойы ауыр дертпен күресіп, өмірден мезгілсіз өтті. Десе де, қаршадайынан қиындыққа жасымауға бейімделген Заринаға әкесі анасының жоқтығын білдірмей, ана орнына ана болып, керемет тәрбие берді. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай, озық білім мен әлемнің бар жақсылығын беруге әлі де тырысып келеді. Заринаның туған анасынан, бір құрсақтан тараған Алихан, Мейірхан есімді туған ағалары бар. Олардың қасында өзін хан сарайындағы ханшайымдай бақытты сезінетін Зарина – бұл күндері жүрген жерінен жұпар аңқитын ару.
Көзінде оты, бойында білімқұмарлығы басым, оның екінші анасындай болып кеткен анасы Эльвира Заринаға туған қызындай қарап, бар мейірімін төгуде. Аналық ақылын айтып, жылы жүрегімен махаббатын беретін анасымен ел үміті жақсы сырласады.
«Кеңесіп пішкен тон келте болмайды» деп анасымен әрбір бастамасының алдында ақылдасады. Эльвира анасынан туған Заринаның зерек ойлы Дінмұхаммед деген інісі және Айлина, Медина есімді сіңілілері бар.
Тегіне тартқан көркем мінезді қыздың ата-әжесі елдің өркендеуіне үлгі қосқан жандар. Қараған жанары ақылының шексіздігін айшықтай түсетін атасы Кезбаев Битим (КЕЗБИ ЖШС) – Қазақстанның және ТМД-ның еңбегі сінген мұнайшысы. Салиқалы болмысты асыл әжесі НаукеноваТойган да майталман мұнайшы-инженер.
Немерелеріне берер жылуы лаулап жанған оттан да ыстық ата-әжесінің еркесі бақыт бесігінде тербеліп өсіп, мектеп қабырғасында үздік оқушы атанып жүр. Қабілет-қарымының тереңдігінің бір дәлелі Зарина – көптеген интеллектуалдық сайыстардың жеңімпазы.
2018 жылы Х Халықаралық Анталия олимпиадасында математика пәнінен өткен ІІІ дәрежелі Диплом және ІІ орын алып, екі жүлде бойынша да, мойнына медаль тақты.
2019 жылы тұңғыш президент Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай ұлы ақын Абай шығармашылығын ата мұрамыз ретінде қабылдап, жаңа буын ұрпаққа танытып, терең меңгеру мақсатында мектепте өткізілген жобада белсенділік танытқаны үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Оған қоса, 2019 жылы «Intermadiate level» ағылшын тілі курсын бітіргені үшін сертификат еншілеген. Мінекей, осындай мерейлі марапаттары бар Зарина өмірге құштар. Бос уақытында би және ағылшын тілін үйреніп өзін дамытуға күш салады.
Мәселен, бал биі, хип-хоп, заманауи билерінен икемі ерекше. Болашақ шығармашылық тұлғасы үшін мұның бәрі өнердің төріне бастаған алғашқы қадамдар ғана.
«Алда талай асу бар мен алмаған» деп шығармашылық шыңға жолдама алған Зарина Ержанқызы түнгі аспандағы ең жарық жұлдыздай атақты әртіс боларына кәміл сенеміз!