Иә, ол – жеке қолтаңбасын қалыптастыруды балғын шағынан армандаған арманшыл қыз. Бой түзей келе балалық арманы алдағы күн еншісіндегі мақсат-мұратына ұласты. Бүгінде ол жай дизайнер емес, әлемге танымал, білікті дизайнер болуды және шетел тілдерін толықтай меңгеруді арман етеді.
Жеке дара қабілетін дамытып, шығармашылық салада еңбек етуді қалайтын мақаламыздың басты кейіпкері – Кеңесбек Айғаным Медетқызы тумысынан дарынды.
Кеңесбек Айғаным 2006 жылы 8 наурызда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Ұлы Отан соғысының батыры Бауыржан Момышұлы ауылында дүниеге келген.
Бүгінгі таңда – туған жеріндегі №19 Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы мектеп-гимназиясының 9 «А» сынып оқушысы. Мектебінде озат оқушы. Ару Айғаным – отбасындағы тұңғыш қыз. Мектепке дейін «Балдырған» балабақшасында тәлім алған ізденімпаз жеткіншек балауса шағынан алғыр, өжет.
Ол 5 жасында тарихы терең білім ошағы №19 Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев атындағы мектеп-гимназиясына оқуға қабылданды. Алғашқы оқу жылынан-ақ білімге деген ынтасы, талапшылдығы арқылы ұстаздарының назарын өзіне баурап алды. Барлық сабаққа жан-жақты дайындалып, қосымша мәліметтер іздеп, үй тапсырмасына жауапкершілікпен, тыңғылықты дайындалады. Сыныбында оқу озаты.
Білегіне емес, біліміне сенгенді көкке өрлететін уақытта Айғанымдай зейінді оқушылардың ел мұраты үшін қосар еңбектері ауқымды болатыны сөзсіз. «Оқып, оқығанды көңілге тоқып, Отаным үшін қызмет етемін!» дейтін киелі жердің зерек қызы ұдайы ізденіс үстінде жүреді. Үнемі зерттеу мен ізденіс жолындағы оқушылық уақытын бекерге өткізбей, әр тәулігін оқу мен қосымша ағылшын тілі сабағынан дәріс алуға арнайды. Оқу деңгейінің жаңарып, салмақтана түскеніне байланысты үлгілі шәкірт одан әрі қарай ізденісін арттырып, зейінін дамытады.
Рухани кемелдену дағдысын қалыптастырып, ақын-жазушылардың шығармаларын оқып, ұнаған өлеңдер мен нақыл сөздерді жадына түйеді, жаттап алады. Шабыты шырқау биікке көтерілгенде, сурет салады. Шығарма жазып, өлең шумақтарын шығарады. Қара өлеңді нақышына келтіре, мәнерлеп оқуға қабілетті.
Аяулы анасының тұңғыш перзенті болғандықтан, бос уақытында анасынан үйренген тәтті бәліштерін пісіріп, үй шаруасына да көмектесіп тұрады. Қолөнер ісімен де айналысады. Әр ісі тындырымды қарлығаштың бір сәт жетістіктер тізбесіне көз сала кетсек:
2014 жылы «Аналарға тағзым» көрмесінде ІІ орын, әртүрлі пәндер бойынша өткізілген олимпиадалық жарыста ІІ орын, «Жолың болсын, балақай!» атты спорттық жарыста жүлделі І орын жеңімпазы атанды.
2015 жылы «Русский медвежонок» олимпиадасынан сертификат, «Ақбота» марафонында ІІ орын, Мұқағали Мақатаевтың туылған күніне орай өткізілген «Мұқағали оқулары» атты жыр кешінде І орынға ие болды.
2016 жылы «ХХІ ғасыр көшбасшысы» интеллектуалды ойынында ұшқыр ойлы оқушы ретінде танылып, І орын иегері атанды.
2017 жылы «Туған жер, туған ел» тақырыбындағы «Мәнерлеп оқу» сайысында үздік нәтиже көрсеткені үшін марапат мінберіне шықты.
2018 жылы Астана қаласында өткен ағылшын тілі пәні бойынша республикалық қашықтық олимпиадасына қатысқаны үшін марапатталады.
2018 жылы «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» атты «Көркемсөз оқу» байқауында жүлделі І орынды еншіледі.
2018 жылы «Елі сүйген, елін сүйген Елбасы» тақырыбындағы республикалық онлайн-эссе шығармашылық байқауында І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Мұнан өзге, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық пән олимпиадасында қазақ тілі пәнінен І орын, ағылшын тілі пәнінен ІІ орын жүлдегері Айғанымның оқудағы жетістіктері – ұшан-теңіз. Ағылшын курсының «Elementary» деңгейін табысты аяқтағанын растайтын сертификаты да бар.
2018 жылы Астана қаласында ағылшын тілі пәні бойынша Республикалық қашықтық олимпиадасына қатысқаны үшін марапатталады.
2019 жылы ағылшын тілі секциясында «Маргарет Тэтчер – темір ханым» атты ғылыми зерттеу жұмысы тақырыбында жемісті нәтиже көрсетіп, жоғары дәрежелі диплом еншілеген Медетқызы Айғанымның жеңісті сәттері – әлі алда.
2019 жылы «Бұрымды қыз» байқауынан Бас Жүлде жеңіп алды. «Димаш ата өмірі – бәрімізге өнеге» тақырыбындағы мектепішілік байқауда арнау өлең жазып, ерекше ынтасы мен дарынын танытқаны үшін І дәрежелі Дипломмен марапатталады. Облыстық «Абай тағылымы» байқауында өзіндік жетістікке жетіп, теориялық білімі мен сөз құдіретін талдап-таныту шеберлігімен дараланғаны үшін Алғыс хат табысталды.
2020 жылы «Бауыржан Момышұлы – батыр тұлға» тақырыбындағы аудандық байқауда өз білімін жоғары деңгейде көрсеткені үшін ІІ дәрежелі Диплом иемденді.
Балаларына тағылымды тәрбие беріп, адамгершілік қасиеттерге баулитын ата-анасы қыздарының болашағының баянды боларына сенімді. Ал ақылды перзенті осы кезге дейін қол жеткізген жетістіктері – ата-атасының қолдауы мен қамқорлығының жемісі деген ойда.
Жайдары болмысымен ерекшеленетін әкесі Шотаев Медет Кенесбекұлы – ұлағатты ұстаз, информатика, математика пәнінің мұғалімі. Әрі «кәсібім – нәсібім» деген көзқарасты ұстанатын жеке кәсіп иесі. Жарқын жүзді анасы Искакова Айнур Буртайқызы – есепші маманы. Көпбалалы ана. Бауырмал жан Айғанымның Кәусар, Сальсабиль есімді сіңілілері және Байсангур есімді інісі бар. Сүйікті інісі – жас спортшы, дзюдодан облыстық жарыстың жеңімпазы.
Осындай берекелі тату отбасының қырмызы қызғалдақтай құлпырған аруы Кеңесбек Айғанымның өмірлік тұлғасы дара болуына тілектеспіз!