«БІР ҮЙДІҢ ҚОС ҚЫЗҒАЛДАҒЫ»
Қазіргі кезде әрбір ата-ана баласының кез-келген деңгейде бәсекеге қабілетті, білімді азамат болып өсуіне кішкентайынан жан-жақты білім алуына және дамуына ерекше аударады. Қазақ халқы: «Қыз баланың қадір-қасиеті мен қылығы – ұлттың ұлылығын танытады» деп, халықтық болмыспен астастырған. Сондықтан да, қыз бала тәрбиесіне ерекше мән беріп, сол тәрбиені қалыптастырудың жолына барлық игі жақсылықты топтастырған.
«Қызды тәрбиелегенің – бір ұрпақты тәрбиелегенің» деген ата-бабамыздың ұстанымын қолдайтын отбасылардың қатарында Әбдіәшімдер әулеті де бар.
Қатар жанған қос шырақтай жарқырап, бір отбасын нұрландырып жүрген Әбдіәшім Асемай мен Айзере – жанұяның үкілеген үміті, ертеңге деген сенімі. Қырмызы гүлдей құлпырған қос қызғалдақтың үлкені Асемай Бағланқызы 2009 жылы 20 наурызда, ал сіңілісі Айзере Бағланқызы 2011 жылы 17 мамырда еліміздің оңтүстігінде орналасқан жанға жайлы өлкеде өмірге келген.
Ажарына ақылы сай қыздар шырайлы Шымкент қаласында туылып, жылуы мол жанұяда, толық отбасында тәрбиеленуде. Отбасының алып бәйтерегі, биік болмысты кемеңгер атасы Байбосын Әбдіәшім – Арыс қаласының Құрметті Азаматы. Өзгелерге үлгі болып жүретін ер мінезді, адамгершілігі мол әкесі Бағлан Әбдіәшімұлы мен жүзінен нұр төгілген инабатты, кішіпейіл анасы Райхан Нұртасқызы – бала бақыты үшін бәріне дайын парасатты жұп.
Ардақты ата-анасы бала тәрбиесінде Жүсіпбек Аймауытовтың «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге» деген қанатты сөзін басшылыққа алған. Қос шынардың отбасында желкілдеп өскен құрақтай 4 ағайынды тәлімді тәрбие алуда. Отбасының жарқыраған шамшырағы, тұла бойы тұңғышы Мереке 9-сыныпта білім алуда. Қос қызғалдақ Асемай мен Айзере әпелерін үлгі тұтып, айтқандарын екі етпейді. Арқа сүйер аға, қамқор бауыр Ерсұлтан – 7-сыныптың оқушысы, жанұяның көзқуанышы. Ізінен ерген Бекарыс есімді інісі бар.
«Білгенімнен білмегенім көп» деген қағиданы басшылыққа алып, көп білуге, үйренуге ынталы өрендер Асемай мен Айзере бүгінде – мектеп оқушылары. Қазіргі таңда білімге құштар талапты қыздар Шымкент қаласындағы Тұрар Рысқұлов атындағы №25 мектеп-гимназиясында білім алуда. Әбдіәшім Асемай Бағланқызы 5 «В» сыныбында, ал Әбдіәшім Айзере Бағланқызы 3 «Б» сыныбында оқып жүр. Математикаға қабілетті қыздар есеп шығаруға жүйрік. Руханият әлеміне, өнерге жақын қос шынар бос уақытында би өнерін меңгеруде.
Ойы жүйрік, қиялы ұшқыр талапты шәкірт Әбдіәшім Асемай 1-сыныпты «өте жақсы» деген бағалармен бітіріп, Мақтау қағазын иемденген үздік оқушы. 2015 жылы «Балалар Интеллектуалдық Клуб» жобасы бойынша «Дымбілмеспен бірге үйренейік» апта сайынғы зияткерлік қашықтық ойынының 7-кезеңіне қатысып, 10 сұрақтың 7 дұрыс жауап нәтижесімен ІІІ орынға ие болды. 2016 жылы Халықаралық Монопәндік турнирге қатысып, математика пәнінен 15 сұрақтың 14-іне дұрыс жауап нәтижесімен ІІ орынға ие болып, Диплом иегері атанды.
«Білгенге – маржан» дегендей, білімсүйгіш, ұғымтал шәкірт Асемай Бағланқызы 2015-2016 оқу жылын үздік аяқтағаны және қоғамдық жұмыстарға белсене қатынасқаны үшін «Оқу-тәрбие және қоғамдық жұмыстардың үздігі» медальонымен марапатталып, мерейі үстем болды.
«Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін нәрсе – білім» дейді жазушы Мұхтар Әуезов. Шынында да, әр тұлғаны өсіретін білім мен өнер – адамзатты кемелдену жолына жетелейді.
Білімнің пайдасын ерте түсінген Әбдіәшім Айзере 2017-2018 оқу жылында Халықаралық «ПОНИ» байқауының жүлдегері атанып, Диплом иемденді. Осы жетістігін Айзере 2018-2019 оқу жылында да қайталап, тағы да Диплом иемденді.
Бүгінгі білімді ұрпақ – болашақтағы білікті маман, ел тірегі. Жасампаз Қазақстанның жарқын болашағы. Ел сенімін ақтар үміті. Міне, осы жауапкершіліктің ауыр жүгін сезінген талапшыл шәкірттер Асемай мен Айзере уақытын босқа өткізуді қаламайды. Қосымша білім беретін оқу орталықтарына барады. Эрудиттік қабілетін жетілдіреді.
Қазақ Елінің келешегі, бүгіні мен ертеңі, алдымызда тәрбиелеп отырған жас ұрпақ екені сөзсіз. Олар үшін талаптану мен еңбектену –басты орында. Келешекте, ел мүддесі жолында алған білімін біліктілігімен ұштастыру. Олардың тұлғалық, кәсіби өрлеу жолындағы мұраты да – осы. Талаптарыңа нұр жаусын, қос қарлығаш!
![]()