КӨШБАСШЫ АРУ
Оқу үлгірімімен қатар, интеллектуалдық олимпиадаларда жүзден жүйрік атанып жүрген Еркінғали Асылай Әсетқызы қатарының алды. Өскенде қазақ елінің көшбасшы тұлғасы болуды армандайтын ол, қазірдің өзінде қатарластарының арасында абырой мен беделге ие. Ұстаздарының айтуынша үздік, білімді шәкірт тумысынан даралық пен даналыққа ұмтылатын ел ертеңі. «Алтын ұя мектебімді бітіріп, өзім қалаған мамандықтың майталманы атансам», – дейтін Асылай – 2007 жылы 3 тамызда балығы айдында тулаған, жер асты мұнайға толған Атырау қаласында дүниеге келген. Асылай үшін қарашадайынан білімді арттыру, ата-анасы мен елінің мақтанышы болу – басты меже. Былдырлап тілі шыға бастаған шақта, яғни, 2009 жылы №54 «Айгүл» балабақшасына қабылданып, оны тәмамдаған соң, 2014-2017 жылдары №36 мектеп-гимназияда білім алып, үздік оқушылардың қатарында сап түзеді. Кейін №13 Д.Байбосынов атындағы ұлттық мектеп-гимназияға ауысып, бүгінгі таңда жетістік қамалдарын ақылының күшімен еңсеріп келеді. Жас білімпаз Асылай – «Адам баласы білімімен жеңіске жетеді» деген ұстанымда. Сондықтан да ізденіп, көбірек оқып, білім бәсекелерінің тұғырында оқушылық беделін арттыруға күш салып жүр. Бәсекеге қабілетті Асылайдың жетістіктері:
– 2015 жылы Астана қаласында өткен республикалық пәндік олимпиадада топ жарып, арнайы сертификатпен марапатталған;
– 2016 жылы Атырау қаласында өткен «Весна – 2016» математикалық олимпиадасында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды;
– 2016 жылы Астана қаласында өткен бастауыш сынып оқушылары арасында математика пәндік олимпиадасының ІІІ орын жеңімпазы;
– 2017 жылы «Ақбота» интеллектуалдық марафонынан сертификат иеленді;
– 2017 жылы ментальды арифметикадан он төрт облыс, екі қаланың басын қосқан республикалық дүбірлі додада І орынға қол жеткізіп, биік белесті бағындырып келді. Қарсыластары қапы қалып, еңсесі биік Елордадан енші алып келген есті қыздың жетістігіне марқайып, тәнті болды;
– 2018 жылы «Қазақстан ұстаздары» қоғамымен ұйымдастырылған «Қазақстан тарихы пәнінен» республикалық қашықтықтан өткізілетін олимпиадада жоғары көрсеткішке қол жеткізіп, І дәрежелі дипломмен марапатталды;
– Республикалық математикалық олимпиадаға қатысқаны үшін сертификат еншілеген.
Арманы аласармас Асылайдың отбасы:
Ізденіс қармағын білім теңізіне тастап үлгерген Асылай отбасында ерке қыз. Талдырмаш қыздың атасы атасы – Қонаров Еркінғали Тарғынұлы және әжесі – Жакиева Светлана Сапарғалиқызы жеке кәсіптерін ашып, өз істерін ұршықша иіріп отырған іскер және көркем мінезді кісілер. Айтпақшы, Асылайдың әкесі – Қонаров Әсет Еркінғалиұлы да жеке кәсіпкер. Анасы Айтжанова Айгерим – отбасының берекесін кіргізіп, ұрпағына ұлағатты тәрбие берудегі даналығы мол жан. Осындай отбасы мүмшелерінің ортасында алаңсыз бақытты бал шақтарын өткізіп, келешекке бағыт алып жүрген Асылай – мектебінде үздік әрі белсенді оқушы. Сабақтан тыс кездері кітап оқып, танымын арттыруға көңіл бөледі.
Ата-әжесінің тәрбиесімен қаршадайынан қазақтың қара сөзінің құнарына бойлап, қасиетін сіңірген Асылай, кітап оқып, оқиға кейіпкерлерінің жан-дүниесіне терең үңіледі. Оймақтай ойдан ақыл алуға тырысады.
Мінекей, осындай маңдайы ашық, алда даңғыл жол күтіп тұрған Асылай арудың қанаты талмай, егемен елде рухы биіктей берсін!