Түркпенбайқызы Жанбота

Рейтинг:

      Маңғыстау жерінің тумасы, жазушы Әбіш Кекілбайұлы Маңғыстауды «Ұйқыдағы аруға» теңеген. Осынау аңызды оқиғаларға толы аймақтың аққулы мекен, аңызды аймағы – Ақтау қаласында 2007 жылы 14 қыркүйек күні талабына талғамы сай Түркпенбайқызы Жанбота өмір есігін ашты.
      «Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – ерлікке құштарлық. Бұл әрі лирика, әрі романтика. Бұл – болашақ жөніндегі үлкен-үлкен жоспарлар. Бұл – болашақ атаулының бастауы», – деп Назым Хикмет Ран айтқандай, келешекке құрған таудай мақсаты бар дана халықтың қаракөзі – отбасының үмітін арқалаған жаңашыл, заманауи жас.
      Жанбота қазыналы қарттары бар әулетте ата-әжесінен тәлімді тәрбие алып өсіп келеді. Әулеттің алып бәйтерегі, ел мүддесін бәрінен жоғары қойып, «Атымтай жомарт» атанған асқар тау атасы Жаңбыршиев Есмырза аксақал – елге сыйлы ақсақал, Маңғыстау өңірі мақтан тұтатын жан, қызуқанды, тез шешім шығаратын, тәуекелшіл, талапшыл, бірбеткей, еңбекқор кісі.
      Ақ жаулығы секілді қардай аппақ көңілі, жүрегі дархан, жаны жайсаң әжесі Жаңбыршиева Жаниба – 11 баланы дүниеге әкелген Батыр ана. Алтынға бергісіз асыл қасиетімен ерекшеленетін ата-әжесі 90 жасты артқа тастаса да тұғырдан түспеген ұлағаты мол асыл жандардың ұрпақтарына айтары мен берері көп екені анық.
      Еңбегімен ел әлеуетін еселеген айтулы азамат, ұлтын сүйген, адамгершілігі мол әкесі Жаңбыршиев Түркпенбай Есмырзаұлы – құрылыс саласының маманы. Кішіпейіл, қарапайым, ақкөңіл, мейірімді анасы Күлжанова Бақытжамал Дакенқызы – отбасының ұйтқысы. Ардақты анасы – білім саласының маманы, өзін-өзі тану пәнінің мұғалімі. 
      «Бар байлығым жерім – бар еңбегім елім!» деп елінің мүддесін өзінің мүддесінен жоғары қоятын отбасында – адамгершілік тәрбиесі басты орында.
      Үлкен әулетте 5 бала бес тармақты жұлдыздай жарқырап, бірлік пен ынтымақ ұялаған отбасында тату-тәтті күн кешуде. Бауырлар өзара өте тату. Жанботаның алдында үлгі тұтар әпкелері Жұлдыз бен Құралай бар. Өзінен кейінгі сүйкімді інілері Қамбар мен Қабілет Жанботаны жақсы көреді, әпкелеріне еліктейді.
      Отбасындағы тәрбиені балабақшада жалғастырған сүйкімді бүлдіршін 2 жасынан бастап «Жұлдыз» бөбекжай-балабақшасына қабылданды. Көркем сөйлеуді үйреніп, оң мен солын тануды осы жерде бастады. 
      Ақ бантигі желбіреген кекілді қыз білім алар кез келгенде Ақтау қаласындағы №21 орта мектептің табалдырығын аттап, білім әлемінің есігін ашты. Бастауыш сыныптағы алғашқы ұстазы Жұмагүл Серикбаева шәкіртінің білімге деген ынтасын арттырып, бойындағы жақсы қасиеттерін дамытып, оқуға құштарлығын оятты. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бекер айтылмаса керек, талапшыл, өрелі өрен білім алуға бар ынта-ықыласымен кірісіп, сыныптың озат оқушыларының көшін бастады. 
      Ынталы, зерек өрен 1-сыныпта бастауыш сыныптардағы логика бойынша «Инфроурок» Халықаралық қашықтық олимпиадасына қатысып, 15 сұрақтың 13-іне дұрыс жауап беріп, ІІІ дәрежелі Дипломмен марапатталды. 
      «Жас кезде алған білім тасқа жазғанмен бірдей» дейді дана халқымыз. Табандылығы мен ізденімпаздығының арқасында Жанбота 3-4 сыныптарда «өте жақсы оқығаны үшін» Мақтау қағазымен марапатталды.
      Өнерге біртабан жақын шығармашыл қыз Бастауыш сыныптар арасында өткен «Күз ханшайымы – 2017» сайысында талантымен дараланып, І орын иегері атанып, дарынына лайық марапатқа ие болды.
      Білімнің пайдасын жақсы білетін білімқұмар 2017-2018 оқу жылында бастауыш сыныптары арасында өткен математика олимпиадасынан ІІ дәрежелі Дипломды иеленіп, жетістіктерін еселей түсті.
      Қандай жұмыс жасаса да барын салып, жақсы нәтиже көрсетуге, биікті бағындыруға тырысады. Талғамы жоғары қыздың әр іске қояр талабы да жоғары. Логикалық есептерді шемішкедей шағып, қатарластарынан басып озады. Қабілетті қыздың тіл үйренуге деген ынтасы да жоғары.
      Білмегенін білуге құмар Жанбота Түркпенбайқызы – 1-11сынып оқушылары арасындағы орыс тілінен Республикалық қашықтық олипиадасының қысқы кезеңі бойынша ІІ дәрежелі Диплом иегері.
      «Білім – таусылмайтын қазына» деген ұстанымдағы білімпаз Бастауыш сынып орыс тілінен өткен Ұлттық Интернет Олимпиадасының жеңімпазы атанып, І дәрежелі Дипломмен марапаттар қатарын толықтырды.
      Ізденімпаз шәкірт саяхаттағанды жақсы көреді. Зейіні зерек қыздың кітап оқуды дағдыға айналдырғаны көңілге қуаныш ұялатады. Бос уақытында музыка тыңдап, спортпен шұғылданатын жанның сергек болатыны анық. Ал спортты серік еткен Жанботаның өзі жаны сұлу, көркем мінез иесі болып бой түзеп келеді. 
      Өзгеге ұқсамайтын бала болмысымен ерекшеленіп тұратын зерделі жастың арманы – бірнеше тілді меңгеріп, болашақта елдің гүлденуі мен дамуына сүбелі үлес қосатын экономика саласының майталман маманы болу.
      Ақылы мен көркі үйлескен Жанбота: «Әр адам баласы салауатты өмір салтын сақтап, денсаулығына аса мән беруі керек. Ең алдымен, саналы да жарқын өмір сүру үшін, денсаулық қажет, сол денсаулықты сақтау өз еншімізде», – дейді.
      Жүрегі мейірімге толы, көпшіл, бәріне көмектесуге дайын тұратын, адамгершілігі мол бойжеткен: «Адам болып өмірге келген соң, адам боп кету – парызың. Біреуге көмектескенің – өзіңе жақсылық жасағаның», – деп есептейді. Әрдайым ізгі ойлы, адал болғандықтан ба, оның жарыстағы да, өмірдегі де жолы ашық, күші мығым, бәсі жоғары. Өйткені, Жанбота Түркпенбайқызы – ел келешегін өрістетер даңқты тұлға болуға лайық жас буын өкілі.

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Нургиса- 31 марта 2020 21:25
Умница красавица

Нургиса- 31 марта 2020 21:26
Красавица умница 😙😙😙

Жумагул- 1 апреля 2020 01:08
  1. Ақниет.Жанбота туралы әдемі деректермен өте жақсы  мәліметтер берілген . Талабың таси берсін   Болашағың жарқын болсын ! Ойлаған арман мақсаттарың орындалып ,биіктерден көріне бер .! Алла тілегіңді қабыл етіп, Бекет Ата өзіңе жар болсын !

Последние новости