«ЖАНЫМДАҒЫЛАРҒА ҚУАНЫШ, ШАТТЫҚ СЫЙЛАҒЫМ КЕЛЕДІ!»
XXI ғасыр – жаһандану ғасыры. Ғылым мен техниканың көз ілеспестей дамуының шегіне жеткен ғасыры. Өркениетті елдердің технологиялық қажеттіліктің биігіне жеткені анық. Сол биіктерге бізге неге жетпеске?! Ол үшін көңілі ояу, көзі ашық, саналы жастар, білікті мамандар қажет. ХІ ғасырдың ғұлама ғалымы Жүсіп Баласағұн өзінің «Құтты білік» даналық кітабында: «Білім кімде болса, сол білікті болады» деген екен. Олай болса, адам баласын ұлы мақсаттарға жеткізетін де білім. Қыруар ғылым құпиясына қанығып, оны адамзат игілігіне жаратпаса, ол надандық болар еді?..
«Адамның адамшылдығы – ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», – деп қазақтың бас ақыны, данышпан Абай айтқандай, Раимберді тегі Бекарыс Болатұлы отбасында жақсы ата-анадан, мектебінде озық ойлы тәжірибелі педагогтардан тәлім алып келеді.
Әрбір адам – ерекше құбылыс, ал тумысынан зерек, қағылез, арманшыл Бекарыстың бойында өзіне тән даралық бар. Тиянақты, жинақы жасөспірімнің бойында темірдей тәртіп пен ұшқыр қиял, сәулелі сезімдер ұштасқан.
Ұл баланың үлгі алатын адамы – әрдайым алдындағы асқар тау әкесі. Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайтыны рас. Асқар таудай қорғаны мен панасы, ардақты әкесі Раимбердиев Болат Джумагалиұлы – мұнайшы. Әке келбеті – ол үшін дара тұлға, ерекше болмыс иесі. Айналасына нұрын шашып, мейірімін төгіп жүретін асыл анасы Раимбердиева Сауле Кусаинқызы – перзентін адалдыққа, шынайылыққа тәрбиелеп, жазу-сызуға жастайынан қалыптастырған аяулы жан. Анасы медбике қызметінде. Бекарыстың алдында үлгі тұтар әпкелері Гаухар мен Рысты бар. Рысты әпкесі – ұлағатты ұстаз. Жанашыр әпкесі Мадина – 11-сынып оқушысы. Өзінен кейінгі сүйкімді інісі Жанарыс – 3-сыныпта білім алуда. Қолы бос кезінде інісімен бірге ойнағанды ұнатады. Бауырлар бір-бірімен өте тату, бір-біріне көмекке келуге дайын тұрады.
Заңғар көкті көздесе, діттегеніне жетпей қоймайтын Бекарыс Жаратқанның қалауымен 2007 жылы 5 тамызда 362 әулиеге мекен болған Маңғыстау облысы, Ақтау қаласында мерейлі отбасында дүниеге келген. Бүгінде таланты мен ізденісі сай келген Қазақстан болашағы жанұясының, мектебінің мақтанышы.
Аз сөзден терең мағына түйіп, білім баспалдақтарында озат атанып жүрген Бекарыс, балдырған шағында отбасынан әдеп әліппесін үйреніп, оң мен солын таниды.
Балалықтың таусылмайтын базарынан алыстап, білім алар кез келгенде маңдайын күн сүйген кекілді ұл Ақтау қаласындағы №10 орта мектептің табалдырығын аттап, алғашқы оқу күндерінен-ақ зеректігін байқатты. Қазіргі таңда білімпаз шәкірт Болатов Бекарыс аталмыш білім ордасының 6 «А» сыныбында білім көкжиегін біртіндеп бағындыруда.
Бекарыстың келешегінен үлкен үміт күтетін ұстаздарының пайымдауынша: «Сабырды серік, ақылды дос, білімді байлық» еткен ұлан – мектебіндегі барлық қоғамдық шаралардың белсенді қатысушысы. Сынып ішіндегі қиындықтарды, сынып жетекшісімен бірге шешім қабылдауға көмегін тигізеді. Өзін жетілдіру жолында кітаптар оқып, рухани білімін тереңдетеді. Міне, осындай болмысты Бекарыс – отбасында ата-анасының көзқуанышы. Үйдің үлкендерінен үлгі алып, ақыл-кеңес сұрап ержетуде.
Адамдармен қарым-қатынаста әкесінің ақылдарын ескеріп, адамгершілік асыл қасиеттерді ұстануға тырысады. Мәселен Қазақстан келешегі «Ұлым, білекті болсаң, бірді жығасың, ал, білімді болсаң, мыңды жығасың. Ақылың мен мінезің бір-біріне сай келсе, шығар шыңың да алда. Сезімге емес, ақылға жүгін. Өмірде шешім қабылдар кезде он рет өлшеп бір рет кес. Жан-жағыңмен кеңес. Сол кезде ғана ісің берекелі болмақ», – деп үйретіп отыратын әкесінің қолғанаты бүгінде жанұя бақытын сезінуде.
Шуағын күн нұрындай төгетін аяулы анасы да ұлының болашағына сеніп, әрбір жарыс алдында қолдау білдіріп, арқасынан қағып келеді.
«Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген Ә.Бөкейхановтың сөзін қаршадайынан ұстаным еткен Бекарыс Болатұлы жастайынан салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа біртабан жақын болып ержетіп келеді.
Жігерлі, талапшыл Бекарыс Каратэ-до Киокушинкай спортына қатысып, табандылығының арқасында біршама белестерді бағындырды. Қазіргі кезде жас спортшы Болатұлы Бекарыс – Қазақстан Чемпионы, республикалық, халықаралық жарыстардың жүлдегері, Әлем Кубогының Күміс жүлдегері.
Инемен құдық қазғандай білім алуда алғыр Айдос ерекше ынтызарлық танытып, бар ынта-ниетімен оқуға кірісті. Білімнің пайдасын жақсы түсінген талапшыл шәкірт мұғалімдердің берген тапсырмаларын дер кезінде орындап, әрбір сабаққа тыңғылықты дайындалып, оқу бағдарламасын игеруде табандылық танытты.
Ойы ұшқыр, қиялы жүйрік ұлан өз бетінше ізденіп, дүниетанымдық іс-шаралар мен шығармашылық байқауларда да өз қабілетін айшықтап көрсете алды. Мектептен тыс уақытта да белсенді болып, өзіне көптеген жаңа достар да тапты.
Руханият әлеміне жақын сезімтал өрен бос уақытында музыка тыңдап, домбыра шерткенді ұнатады. Барлық балалар секілді жасыл алаңда ала доп қуалап, футбол ойнап, денесін шынықтырады. Оның үстіне таза ауада да жиі серуендейді.
«Арман алысқа жетелейді» демекші менің де өз арманым бар. Арманыма қол жеткізу үшін тынымсыз еңбек етемін» дейді қазақ ұланы. «Арманым – Олимп шыңдарын бағындырып, спортта үлкен жетістіктерге жету, жеңіс тұғырына көтеріліп, Әлем Чемпионы атану. Межеме жеткен шақта жемісті еңбек етіп, Қазақстан экономикасының өркендеуіне үлес қосуды қалаймын» деп жүрекжарды тілегін жеткізген тегеуріні мықты елдің ұланына Алатаудай бақыт тілейміз!
Оқушылық келбеті жетістікке толы Бекарыс Болатұлының әлі де биіктерден көрінері анық. Өркенің өсіп, өмірден өз орныңды табуыңа тілектеспіз, жас дос!