Абдикадиров Элзод

Рейтинг:

«ЕЛ БАСҚАРАТЫН АЗАМАТ, ТАНЫМАЛ ТҰЛҒА БОЛУДЫ ҚАЛАЙМЫН!
 
      Жасампаз Қазақстанның бүгінін келешекке жалғар ұландарының  өр рухты, бәсекеге қабілетті болуы – аса маңызды. Жас буынның білімді болуы – мектеп қабырғасында алған білімі мен жеткен жетістіктеріне байланысты екендігі айтпаса да түсінікті. Болашақты бірге қалап, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын жастар қашанда ортасына сыйлы, оқуда озат, қатысқан жарыстарынан жүлдесіз, марапатсыз қайтпайды. 
      «Көкірегі сезімді, көңілі ойлыға бәрі анық», – дейді қазақтың бас ақыны, хакім Абай. Расында да, ХХІ ғасырда көзі ашық, көкірегі ояу жасқа бәрі ұғынықты, бәрі түсінікті, тіпті, мақсаттары да айқын.
      Өзің жеңілдеткен істен жеңіл іс жоқ. Егер сен қаласаң, ауыр істі де жеңілдетесің» деген ұстанымдағы жігерлі, жалынды, талапты жеткіншек Абдикадиров Элзод Биродарұлы Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Қарамұрт ауылында 2004 жылы сәуір айының 6 жұлдызында өнегелі отбасында жарық дүниеге келген. «Елін сүйер сеніңіз, Өз отбасын сүйе алған» деген сөздің қадірін білетін Элзод – ата-анасының, жақындарының көзқуанышы мен шамшырағы, үкілеген үміті.      «Отбасының өнегесі – Отан өнегесі. Біздің жанұяның мәні де, сәні де – сыйластық. Шаңырақты  ардақтап, даналықтың алтын қазынасын оттың басынан меңгерген бала ешқашан Отанына опасыздық жасамасы анық. Татулыққа құрылған берекелі  шаңырағымыз – әкем, анам және өзім. Халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген қарапайым қағида қай дәуірде болсын өзгерген емес, өзгермек те емес. 
      Елбасы «Отбасы – Қазақстан қоғамының діңгегі, экономикадағы, мәдениеттегі, әлеуметтік саясаттағы барлық жаңа жетістіктерінің негізі» деген болатын ел алдындағы сөйлеген сөзінде. Біздің отбасы да – қоғамның кішкене бір бөлшегі. Жанұямызда отбасылық құндылықтарды сақтау, ауызбіршілік, татулық қағидасы басты орында. «Әке – асқар тау, ана – мөлдір бұлақ, бала – жағасындағы құрақ», деген даналық сөз ұлттық тәрбиенің отбасылық өмірде атқарар рөлін айқындап тұрғандай. Биік болмысты, бір сөзді, еңбекқор әкем Маннонов Биродар Абдикадирұлы – жеке кәсіп иесі, ел экономикасының дамуына өз үлесін қосып жүрген абыройлы азамат. Жылы жүзді, нұр келбетті, шарапаты мен шуағы мол анам Маннонова Клара Гайратовна – жас ұрпақты білім нәрімен сусындатып жүрген ұлағатты ұстаз, білікті маман. Тәуелсіз қазақ жерінде, қазба байлықтың қоры мол жасыл желекті әсем өңірде туған өзімді бақытты жан санаймын, – дейді Абдикадиров Элзод өзі және берекелі жанұясы жайлы.
      Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – білім», – дейді. Расында да солай. Бүгінгі білімді ұрпақ осы сөзді терең түсінеді.  Түсінгендіктен де, алдына мақсат қойып, мектеп кезінен жетістік құлпын ұстап, марапаттың кілтін иеленуге тырысуда. Еңбегін терең біліммен ұштастырған заманымыздың дара перзенті Элзод Биродарұлы   – «жетістіктің кілті – оқуда, ғылымда, ізденісте» деп білетін талапты ұлан, оқу озаты. Абдикадиров Элзод 2009-2019 жылдары туған жері Қарамұрт ауылындағы №37 жалпы орта мектепте білім алып, дүниетанымын кеңейтті.
      «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» деген ұстанымдағы озық ойлы, білімге құмар, білуге ынтық ұлан Элзод Биродарұлы 2019 жылы С.Рахимов атындағы Республикалық «Жас ұлан»  мектебіне оқуға қабылданып, білім әлемінің жоғары сатысына өтті. Уильям Шекспир айтқандай, «Жетістікке жетудің үш құпиясы – басқалардан көп білу, көп жұмыс істеу, басқаларға қарағанда, аз нәрсе күту» деген ұстаныммен сабаққа тыңғылықты дайындалып, бағдарламадағы барлық пәндер бойынша жақсы нәтижеге қол жеткізіп, оқу үздігі атанды.       Ғылымдардың атасы – математика мен физика пәндеріне қызығущылық танытып, нақты ғылым-білімді меңгеруге жасынан ден қойған ізденімпаз шәкірт ғаламтор арқылы да білімін жетілдіріп отырады. 
      Руханият әлеміне жақын өнерлі, талғамы жоғары, ойы ұшқыр, талабы таудай ұлан бос уақытында классик жазушылардың шығармаларын оқып, мәнерлеп оқумен айналысады. Көркем сөз оқуға қабілетті Элзод осы бағытта көптеген жарыстарға қатысып, жүлделі орындарды иемденген. 
      Сабақ оқып қана қоймай, қоғамдық жұмыстарға белсене араласатын жігерлі жас Элзод Биродарұлы сыныптастар арасында сыйлы, ақжарқын, ашықтығымен мұғалімдерді де баурап алған жауапкершілігі мол жас мектепте «Білім министрі» болып сайланып, өзінің іскерлігін көрсете білді.
      Білімпаз шәкірт Республикалық «Самұрық қазына» зияткерлік сайысына қатысып, жеңімпаз атанып, І орынды иемденіп, жүлдегер атанды Халықаралық «Кенгуру -математика» интеллектуалды байқауына екі рет  қатысып, жүлделі ІІ дəне ІІІ орындарды иемденді. «Алтын  ұрпақ» география пәні бойынша өткен жарыстан І орын, қазақстан тарихы пәні бойынша  ІІ орын алды. Бүкілресейлік «Человек и природа» атты конкурсынан ІІ орынға ие болды. «Алтын қыран» жарысына қатысып, ІІ орынға ие болды. Жасөспірімдер арасында өткен футбол ойынынан І орын, Түркістан қаласында жастар арасында өткен баскетбол ойынынан І орын иеленді. Сайрам аудандық №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткен Ашық біріншілігінде ІІ орын алды. Салауатты өмір салтын ұстанатын мақсатшыл жас спортқа да біртабан жақын. Білім мен спортты қатар алып жүріп, спорт саласында да біршама жетістіктерге жетіп келеді. Таза ауада серуендеп, достарымен ала допты қуалағанды ұнатады. Бос уақытында Элзод отбасындағы көңілді кештерде ән салғанды ұнатады.
      Өрелі өрен Элзод Биродарұлы кіршіксіз таза көңілінен туған ақ арманы жайлы бөлісті: «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» демей ме?! Арманы асқақ, болашағы жарқын ұрпақ үшін жүрегі «Отаным, Қазақстаным!» деп соққан, өркениетті елдің рухани азығын бойыма сіңіріп өскім келеді. Қазір С.Рахимов атындағы республикалық Жас Ұлан мектебінде білім алудамын. Мектепті аяқтаған соң, Отанымды қорғайтын əуе əскері болуды қалаймын. Елімнің тұрақты дамуына үлес қосқым келеді.  Игілікті ісімен білімнің шыңына шыққан білікті маман,  халық тұтынатын тауарларды өз елімізден шығаратын кәсіпкер, қазақтың қолөнер бұйымдарын шетелге шығаратын брендке айналдыратын танымал тұлға болғым келеді. Атаның өсиетіне, ананың ақ сүтіне адал, рақымшыл жүректің тазалығын жоғалтпай, намысымды жанып, нардан құлатпай адами қасиеттердің биігінде тұрақтасам деймін. Домбыра тарту, қолөнер бұйымдарын жасау – сүйікті істерім. Қай саланы таңдасам да, болашақта туған жеріме, еліме адал қызмет ету, өз Отанымның гүлденуіне үлесімді қосып, қалаған мамандық иесі атану». Міне, шын көңілден шыққан шынайы лебіз!
      Келешек кемерінде арманға жол көрсетер шамшырағың әрқашанда жарық болсын! Армандар орындалады, мақсатың айқын болса! Әрдайым алда бол, Абдикадиров Элзод Биродарұлы!

Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Али- 10 мая 2022 15:58
Ма Ша Аллах 

Последние новости