Өтемұрадовтар Руслан мен Түрлен

Рейтинг:

      2004 жылдың 4 қарашасы Өтемұрадовтар әулетіне қос бірдей қуаныш әкелді. Әскери теңізші мен оқытушы-педагогтың жанұясында Руслан есімді ұл мен Түрлен есімді қыз бала туылды. Егіздердің туылу арақашықтығы – 15 минут.
      Егіздердің үлкені Руслан кішкентайынан айналаға қызығушылығы зор, кітапты көп оқитын, өлеңдерді жаттап, есте сақтайтын қабілеті зор бала болып өсті. Жер бетіндегі барлық тыныс-тіршілік атаулыға қызығып, ғарыш пен күн жүйесін толық оқып, зерттеді. Руслан 8 жасында өз бетінше Менделеев кестесіндегі таңбаларды жаттап алды. Кез келген химиялық элементке анықтама бере алатын дәрежеге жетті. Ойыншықтардың ішкі құрылым механизмін зерттеп білу үшін, оларды шашып, қайта құрастыруға бейім болды.
      Есейе келе жаңа технологияларға назар аудара бастады. Енді Руслан биоинженер болу мақсатына ойысты. Адамзат үшін биомеханизм ойлап табуды қолға алды. Оның арманы – мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмысын жеңілдетіп, күрделі операцияларды ешқандай қауіп-қатерсіз, сәтті аяқталатынына сенімді болатындай жағдай жасауға тырысып көру, медицина саласын дамыту.
      Үш жыл бұрын Руслан мен Түрленге орыс тілі пәнінен Ғылыми-зерттеу жобасына қатысуға ұсыныс жасалды. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған егіздер жобаны түрлендіріп, қызықты идеяларға шомылды. Бұл жұмыс барысы екеуін де өзіне үйіріп әкетті. Олар мазмұнға сай материалдарды оқып, қарап, ізденіп, сауалнама жүргізіп, өз жорамалдарына дәйектеме қарастырды, жұмысты орындауда асқан жауапкершілік танытты.      Бастапқы тақырыптары «Орыс тілін неге оқу керек?» атты сұрақтың жауабы болса, әрі қарай «Мектеп оқушыларына телеарналардың әсері», «Лайфках» секілді тақырыптарға жол ашты. Екеуі мұнымен тоқтап қалмайды, өйткені олар осы жобамен айналысқан үш жыл ішінде біртіндеп өте жақсы нәтижелерге жеткен еді.
      Өтемұрадова Түрлен сыңар ағасына қарағанда анағұрлым өмірге бейім, тұрмыста үй шаруашылығына икемді. Егер Руслан – теоретик болса, Түрлен – практик. Сыңарының бар жауапкершілігін мойнына алған Түрлен ағасына қамқорлық танытып, екеуі егіз қозыдай жұбын жазбай үнемі бірге жүреді. Мектептен тыс қызығушылықтары алуан түрлі болып келген Түрлен үлкен теннис спорт мектебіне барады. Жаттығу арасындағы үзіліс кезін тиімді пайдаланып, айшықты сурет салғанды жөн көреді.
      Мультипликатор мамандығында білім алып, жеке мультипликациялық фильм түсіруді армандайды. Қазір жеке мультфильм кейіпкерінің образын, басты қаһарманын жасау мақсатында жұмыс жасауда. Бір сәттері мультипликатор мамандығына сұраныс жоқ, мүмкін архитектор болармын деген ойда болады.     
      Бір құрсақтан өрбіген жандардың екеуіне ортақ және жекелеген жетістіктері де мол. «Бір бастан екі бас жақсы» деген ұстанымдағы ағалы-қарындасты егіздер барлық істе бірлігі бекем, істері мығым. Екеуі жұмыла бас көтеріп, бағындырған белестері жетерлік. Қазақстан Республикасы Кіші ғылым академиясының «Егемен елдің елордасы» атты XVIII облыстық ғылыми-тәжірибелік конференциясына баяндамаларын ұсынып, нәтижесінде І дәрежелі дипломға ие болып, үлкен асудан асты.
      44-ші республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясында «әлеуметтану» секциясы бойынша грамота табысталды.
      1-7-сынып оқушылары арасындағы республикалық «Зерде» зерттеу жұмыстарының шығармашылық жобалары облыстық кезеңінде ІІ орынға ие болды.
      Екеуі жекелеген толайым табыстардан да кенде емес. Руслан орыс тілі пәнінен республикалық олимпиаданың қалалық кезеңінен ІІІ орын дипломымен және «Зерде» респуб ликалық шығармашылық жобалары конкурсының қалалық кезеңінде І орын алған. Ал, сыңары Түрлен болса, «Еңбектің барлығы жақсы – талғамыңа қарай таңдау жаса!» тақырыбымен «Оқушы орталығы» мен аула клубтары арасында өткізілген сурет байқауында және «Әр бала – жарық жұлдыз» облыстық форум-фестивалінде «Өмір тамаша» номинациясында дипломдармен марапатталды.
      Сонымен қатар Түрлен 2002-2006 жылдары туған қыздар арасындағы балалар күніне орай ұйымдастырылған байқауда Теннис мектебінің әкімшілігі тарапынан грамота алды.
      Бірі биоинженер, бірі мультипликатор не архитектура саласын өрістетуді өмір өзегіне айналдыруға талаптанатын дарынды өрен-дер – кемел келешектеріне сенеді. Бүгінге дейінгі алған марапаттары алдағы асқар шыңға барар іргетас болып қала бермек!
Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости