![]()
КАЛЬКУЛЯТОРДАН ДА ЖЫЛДАМ ОҚУШЫ
Ғылымдардың атасы атанған математиканы тереңінен меңгерген қабілетті оқушы Арай Бақытжанқызы 2007 жылдың 18 қыркүйегінде Түркістан облысы, Түлкібас ауданы, Тұрар Рысқұлов ауылында дүниеге келді. Табиғаты мінсіз, сұлулығы көз тартып тұрған таулы өлкеде балалығын өткізіп, қазақы дәстүр мен қазақ қызына тән болмысты бойына сыйдырған Арай «Ажар» балабақшасында тәрбиеленді. Ұлы білім ордасының табалдырығын Түлкібас ауданы, Дауан ауылындағы жалпы білім беретін орта мектепте аттаған дарынды жас бүгінде Алматы қаласындағы №24 мектеп-лицейінде білімін жалғастырып келеді. Зерек Арайдың оқуға құштарлығы мен қабілетін шыңдауға үлес қосқан алғашқы
![]()
мектеп ордасына және ұстаздар ұжымы мен сынып жетекшісі Гүлмира Елемесқызына айтар алғысы шексіз. «Ағаш тамырымен, Адам ұрпағымен мықты» дегендей, атасы Мақұлбеков Бердалы мен әжесі Мақұлбекова Қалданның қылығы тәтті немересі, сөнбес шырағы, үкілі үміті. Мұнай саласында еңбек ететін әкесі Мақұлбеков Бақытжан мен ұстаз дейтін абыройлы мамандықты иеленген анасы Джолдасова Нұржамалдың берекелі отбасында тәлімді тәрбие алып өсіп келеді. 4-сыныпта оқитын Нұржан есімді бауыры бар.
Арайдың ерекше қабілеті – көп таңбалы сандарды қосу, азайту, көбейту, бөлу немесе дәрежелеу сияқты калькулятордан да жылдам есептей алуы. Бұл қабілетіне бастауыш сыныпта оқыған кезде барлық сыныптастары мен мектеп ұжымы тәнті болған. Есте сақтау қабілеті өте жоғары Арай 1-сыныпта минутына 200 сөз оқуы, оның дарынды оқушы екенін дәлелдейді. Грамматикадан да, яғни сауатты жазудан да кішкентайынан өте зерек болды. Зерек балақай 4 жасында балабақша қабырғасында ағылшын тілінен өтілген семинарда 4 шумақтан, яғни 16 жолдан тұратын өлең шумағын мүдірмей айтып беруі – Арайдың ерекше қабілетінің дәлелі екені анық. Есепке жүйрік оқушының ойлау қабілеті жақсы жетілген. Берілген тапсырманы шапшаң әрі дұрыс орындауға мән беретін Арай өзінің осы қабілеті арқылы ғылымға үлес қосар маман болуды көздейді. «Оқу – білім бұлағы, Білім – өмір шырағы» атадан қалған асыл сөз ізімен Арай тәуліктің әр сағатын тиімді пайдаланып, білмегенін ізденіп тауып, еңбектеніп, білім қоржынын толықтыруға тырысып келеді. Лицей ұжымы мен ұстаздары Арайдың білім бәйгелері мен додаларда қарсыластарынан оза шауып, биік шыңға талпынуына бағыт-бағдар беріп, болашағында биік белестерді бағындыратынына үлкен сеніммен қарайды. Талантының қаламын ұштап, әдептілік пен ізгілікті бойына сіңірген, білімпаз, ізденімпаз оқушы Арайдың болашағының зор боларына кәміл сенеміз!
Жетістігі: Мектепалды даярлық тобын, бастауыш сыныпты және 5-сыныпты өте жақсы оқығаны және үлгілі тәрітібі үшін Мақтау қағаздарымен бітірген озат оқушы. «Нақты ғылым дүние кілті бүгінде...» тақырыбында өткен «Математика және информатика» пәндер онкүндігіне белсене қатысқаны үшін Алғыс хат иемденген. Бастауыш сыныптар арасында өткізілген «Алтын жүректі Анамыз» атты мәнерлеп оқу сайысынан I орын жүлдегері. 2018 жылы математика пәнінен аудандық пән олимпиадасында білімі мен біліктілігін жоғары деңгейде екенін көрсеткені үшін II орын жүлдегері. 2019 жылы
www.tio.kz Республикалық Дәстүрлі Интернет Олимпиада сайтының ұйымдастыруымен интернет арқылы қашықтықтан өткізілген пән олимпиадасында қазақ тілінен II дәрежелі Диплом иемденіп, мерейі үстем болды.
Сүйікті ісі: Кітап оқу, есептер шығару, музыка тыңдау, таза ауада демалу.
Арманы: Жоғары білімді білікті маман, IT-программист болу, ғылымға өзіндік үлесін қосу, халқының мақтан тұтар перзенті атану.