«ӨМІРДЕГІ ӘР АДАМНЫҢ АРМАНЫ ОРЫНДАЛА БЕРСІН!»
Ұлы армандарды кеудесіне қондырып, білім әлеміне құлашын кең сермеген, сыныптағы озат оқушылардың бірі Жұман Саида Жұманқызы 2008 жылдың 28 сәуірінде Алматы қаласында дүниеге келді. Таланты мен талабы бір арнада тоғысып, өзінің біліктілігі мен білімділігінің, ерекше қабілетінің арқасында белестерді бағындырып үлгерген қыз қаладағы №29 балабақшада тәрбиеленіп, бал дәурен балалығын өткізді. Іргелі білім ордасы №126 мектепте білім алып келеді. Тек алға ұмтылуды ғана көздеген дарынды жастың арманына қанат бітіріп, қолдап келе жатқан әкесі Қалел Жұман экономика саласында еңбек
етсе, шуағы мен жылуы мол анасы Ордабекова Мөлдір қызына жақсы қасиеттерді үйретуде. Жастайынан алғыр қыз мектеп табалдырығын аттағаннан кейін де өзінің шапшаңдығы, жылдамдығы, жауапкершілігінің арқасында ұстаздарының сенімді көмекшісіне айнала білді. Мектеп қабырғасында өткен шығармашылық сайыстарда бойында бұғып жатқан талантын аша түсіп, пән олимпиадаларында білімділігін дәлелдеп, спорттық-іс шаралардың бел ортасында жүрді.
Қолына қалам алып қағаз бетіне өз ойын түсіргенде де, оқырманға ашық жеткізе білетін алтын жүректі қыз Саиданың бізге жолдаған жазбасын қаз-қалпында қағаз бетіне түсіріп көрсек: «Арман алысқа жетелейді дегендей менің де өз армандарым бар. Менің ең бірінші арманым ол – «Назарбаев Зияткерлік мектебіне» оқуға түсіп, Лос-Анджелес қаласына барып ағылшын тілін оқу. Ал, екінші арманым – ата-анамды Меккеге апарып, отбасыммен бірге Лос-Анджелес қаласына барып тұру. Үшінші арманым ол – Шарлотте, Солтүстік Каролина қаласындағы өз кумирімді кездестіру. Сондай-ақ отбасымның, туысқандарымның денсаулығы жақсы болғанын қалаймын. Әрине, менің арманым ерекше. Өйткені менің арманым мектепті жақсы бітіріп, грантқа түсу дегенге ұқсамайды. Менің ойымша, әр адамның арманы кейде тек қана мектепті жақсы бітіріп, грантқа түсу болып шектеліп қалса, менің алдыма қойған мақсаттарым олай емес. Адам тек қана бір арманда тоқтап қалмай, алдына мақсат қойып, соған жету жолында еңбектене, іздене білуі керек. Міне, сол үшін де мен ерінбей ізденіп, жалықпай оқып келемін. Өмірдегі әр адамның арманы орындала берсін! Әр адамның өзінің сүйікті ісі болады, менің де сүйікті ісім бар. Ол – ата-анама көмектесу, ағылшын тілін оқып-үйрену және бейне түсіру болып табылады. Сонымен қатар «Әдебиет хрестоматиясынан» әңгіме оқып, тақпақ жаттау. Кітап оқу – адамның ой-өрісін, арман-қиялын, әдепті болуын, мәдениетті сөйлеуін дамыта түседі. Мен кітаптан көбінесе 15-20 беттік ұзақ әңгімелерді, хикаяларды, сүйіп оқимын. Ал ағылшын тілі – кім-кімнің де жарқын болашағына жол ашатыны сөзсіз. Ата-анама көмектесу – басты парызым деген ойдамын. Енді ең қызығы – бейне (видео) түсіру. Бейне түсірген адамның қызығушылығын, жан-жақты ойлау қабілетін жетілдіреді».
Өзгелерден озық ойлауға тырысып, жақын жандарына қамқорлық танытып, қолғабыс етуге ұмтылатын, бір емес бірнеше армандарды бір арнаға тоғыстырып, тек алға ұмтылуды қалайтын Саида Жұманқызы Қазақ Елінің жарқын болашағы, ел ертеңі деп үлкен сеніммен айта аламыз!