![]()
«Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден бөлек» деген ұстанымдағы өрелі өрен, интеллектуалды қабілетін шыңдап, арман асуында келе жатқан Сейткерім Елнұр Елдосұлы – ел мүддесі жолындағы мақсат-мұраты мығым ұландардың бірі. Шырайлы Шымкент жері талантты ұл-қыздарға бай өлкелердің бірі. Шымкет шаһарында өмір есігін ашқандардың бірі – Елнұр Елдосұлы, ынтымағы мен бірлігі жарасқан өнегелі отбасында 2013 жылдың 30 қарашасында күні дүниеге келді. Елнұрдың отбасында оның тәрбиесіне атсалысатындар көп. Көненің көзіндей қариялар – баға жетпес қазынамыз. Отбасының үлкендері – ата-әжесі бейнетінің зейнетін көріп, ұрпақ тәрбиесіне үн қосып отырған ұлағатты кісілер.«Атаның емес, адамның баласы бол» дегенді жиі айтатын ата-әжесі немерелерін жақсылыққа, адамгершілікке, ізгілікке тәрбиелеуден жалыққан емес. Бұл ретте, «Елнұр» деп есімін қойған ата-әжесіСатымбеков Сейіткерім мен Сатымбекова Айжарқын алтын асықтай ұлдың мақсатшыл, биіктерге көз тігер ұлағатты ұлан боларына сенім артқаны хақ.
Бала тәрбиесін басты назарда ұстайтын ардақты ата-анасы – көкірегі ояу, көзі ашық жандар екені анық. Алтыннан ардақты әкесі Сейткерім Елдос – жеке кәсіпкер болса, нұр сипатты аяулы анасы Құрбанбаева Ақнұр – «Дәуір» баспасөзінің қызметкері.Данышпан, ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің «Тәрбиелеу дегеніміз – адамның бойына білімге негізделген этикалық құндылықтар мен өнер қуатын дарыту» деген ұстанымын басшылыққа алған жандар Елнұр мен Алидің тәрбиесіне ерекше көңіл бөліп, олардың жан-жақты жетілген азамат болып шығуы үшін қолдан келген мүмкіндіктердің бәрін жасауда.
![]()
Тумысынан алғыр, зерек Елнұр ізінен ерген інісі Алимен бірге Шымкент облысы, Шардараауданында тұратын ата-әжесімен бірге тұрып, тәлімді тәрбие алады. Талапты бала 3 жасынан бастап әжесінің көмегімен әріптерді жаттап, өз бетімен оқуға дағдылана бастады. 4 жасынан бастап қабілетті Елнұр қазақ, орыс, ағылшын тілдерінің әліпбиін жаттап алып, 5 жасынан Абай мен Мұқағалидың жауһар жырларын оқып қана қоймай, баспасөз беттеріндегі мақалаларды да өздігінен оқи бастады.
Өмірдегі орнын білімімен алуға, тұлғалық болмысын қалыптастыруға ынталы балдырған алдымен «Бүлдіршін» балабақшасына барып, жақсы әдеттерді бойына қалыптастырады.Сүйкімді бала тәрбиеші Корбекова Асемкул мен психолог психолог Гульзада Зенфираның бағыт-бағдар беруімен ұқыптылыққа үйренді. Өз ойын дұрыс жеткізу арқылы таным көкжиегін кеңейте бастады.Таңғажайыпқа толы ертегілерді жақсы көретін Елнұр балабақша қабырғасында өткізілетін барлық мәдени іс-шараларға белсене қатысып, ән салып, би билеп, өнерімен ерекшеленді. Көптеген жетістіктерге қол жеткізген балақай Грамота, Диплом, Алғыс хаттармен марапатталып, мерейі үстем болды.
Балалық бал дәуреннің екінші белесіне шығып, білім алатын шақ келіп жеткенде, оның отбасы елордаға қоныс аударады. «Жетістіктің кілті – оқуда, ғылымда, ізденісте» деп білетін Елнұр Нұр-Сұлтан қаласындағы беделді білім ордаларының бірі саналатын №86 мектеп-гимназияның табалдырығын аттап, шәкірт атанды. Алғашқы күннен бастап білім көкжиегін бағындыруға шындап кірісіп, өзінің білімқұмар, талапты, ынталы шәкірт екенін байқатты.«Салмақтылығымен, тәрбиелілігімен, білімге деген құштарлығымен көзге түскен оқушы. Елнұр өзіне тапсырған тапсырмаларды жауапкершілікпен орындайды. Бұл қасиет ата-анасының берген тәлімді тәрбиесінің нәтижесі деп білемін. Себебі, Сейткерім Елнұрдың ата-анасы – «ұстаз-мектеп-ата-ана» деген үштік одақты алғашқы орынға қоятын азаматтар. Аталған үштік одақ жұмысы бір арнаға тоғысқанда ғана, нәтижеге қол жеткізуге болады. Ұстазы ретінде білімді, өнерлі осындай шәкірттеріміз көп болса деп тілеймін», – дейді сынып жетекшісі, өз ісінің шебері, жаңашыл ұстазЖанар Шукиралиқызышәкірті жайлы өз пікірінде.
![]()
«Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» дегендей, тәжірибелі ұстаз, білікті маманның қолдауымен Елнұр озат оқушылардың қатарына енді. Белсенді шәкірт мектептегі және сабақтан тыс өткізілетін білім бәйгелері мен зияткерлік сайыстарға, олимпиадаларға қатысып, жақсы нәтиже көрсетіп жүр. «Алтын күз» конкурсы бойынша жеңімпаз атанса, мектепішілік «Менің тілім – менің өмірім» атты олимпиадаға сыныбымен бірге қатысып, жоғары көрсеткіштері үшін қалалық олимпиадаға жолдама алған жүлдегерлер қатарында.
«Алдымен бойыңда талант болсын, талантыңа талабың қанат болсын» деген осындайда айтылса керек-ті. Күн сайын өз-өзін жетілдіріп, талмай еңбектеніп жүрген жеткіншек «елім» деп соққан кіп-кішкентай жүрегімен жеңіс тұғырынан көрінуді армандайды.
Асқар шың жерге қарамайды, керісінше, асқар шыңға ұмтылатындар шыңға көз тігеді. Кішкене бала да өрлеу үшін, тау басына қарап өседі. Қоршаған ортасы, алған білімі, көрген тәрбиесі, уақыт өте келе қалыптасқан көзқарасы, ұстанымы оны өрге жетелейді. Десе де, жеткен жерінде табандап қалмай, алдына мақсат қойып, оған ұмтылу рухы жоғары жастардың міндеті. Міне, абыройын асқақтатуды, мақсатына біліммен, еңбекпен жетуді мұрат еткен ел болашағының бірі де бірегейі – ЕлнұрЕлдосұлы.
Тың ізденістен жаңа ой, серпінді серпіліс туады. Сол секілді өмірге енді ғана қадам басқан жас өреннің талаптың тұлпарын мініп, даңғыл жолға ұмтылғаны абзал. Болашақта «елім» деп соғар жүрегімен, халқына қалтқысыз еңбек етіп, азаматтық борышын өтеуді арман ететін ұлағатты ұлан кемел келешегінде зеңгір көкті бағындырар, алысқа самғар ғарышкер болуды, Ұлы Қазақ Елінің дамуы мен гүлденуіне өзіндік үлес қосар айтулы азамат, танымал тұлға болуды армандайды.
Біз де жігерлі, жалынды, Сейткерім Елнұр Елдосұлының өз армандарын іске асыратынына сенімдіміз. Қанатың талмасын, бақ жұлдызың жарқырай түссін, жас талап!