Өмірде бағасы құнды білім қазынасын игеру – адамзаттың асыл мұраты. Бұл игі мұратты ақылды ерен Аскаров Арман Рустамұлы жете түсінеді. Сондықтан да, келешегінің кепілі болатын білім жолында тек биіктерге қарай бой түзеп есейіп келеді.
«Армандау – адам өмірінің мәні, болашағының көрінісі» деп түсінетін Аскаров Арман 2005 жылы 20 шілдеде Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы, Ақжайық елді мекенінде дүниеге келді.
Бүгінде достарының арасында білімге құштарлығымен ерекшеленіп, ұстаздарының дара шәкірті болып жүр. Білім әлемінде оның әлі үйренері көп, дегенмен, осы уақытқа дейін қол жеткізген жеңісті сәттері де мол.
Дарабоз ұлан – бүгінгі күні Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясының беткеұстар шәкірті.
Сөз өнерінің зергерлерінен даналық ой іздейтін Арман – қара өлеңді мәнерлеп оқуға шебер. 2017 жылы IV аудандық «Қадыр оқулары» байқауында талантымен көзге түсіп, ІІ дәрежелі дипломмен марапатталса, 2018 жылы «Асқақтай бер, Астана!» атты тақырыбында өткен Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған облыстық мәнерлеп оқу байқауында көп ішінен дараланып, ІІІ орын жеңімпазы атанды. Ол әлі де өзін жан-жақты дамытуға тырысады.
Ізденістің алтын кілтін қолына уыстап, кемел келешекке ұмтылатын талантты жас шахмат ойынынан да өзінің қабілетін көрсетті. Оның дәлелі – 2018 жылы Теректі аудандық лингвистикалық гимназиясында «Жас Ұлан» ұйымының ұйымдастыруымен өткізілген шахмат сайыстарында І орын жеңімпазы атануы.
Егемен елдің жас ұланы Арманның зерттеушілік қыры да оның жан-жақты дамыған зерек шәкірт екенін аңғартады. Ұстаздарының бағыттауымен жас ізденуші «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Мен өз өлкемді зерттеймін!» жобасы аясында өткізілген «Менің Отаным Қазақстан!» аудандық слетінің «Табиғат және экология» бағыты бойынша жүлделі ІІІ орынға ие болды.![]()
2019 жыл – дарынды шәкірт үшін жұлдызды жыл болды. «Туған өлкемді зерттеймін» атты аудандық ғылыми-практикалық конференциясында «Флора экологиясы» бағыты бойынша «БҚО Теректі ауданында өсетін кәдімгі қарағай қылқанының құрамындағы аскорбин қышқылының маңыздылығы» тақырыбы бойынша ғылыми жобасын сәтті қорғап, жүлделі ІІ орын иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алды.
Бұл марапаты – оның ғылым мен туған өлкесінің тарихына қосқан зор үлесі.
Интеллектуалдық мүмкіндігі жоғары Арман – информатика пәнінен өткен республикалық Ұлттық Интернет олимпиадасында І дәрежелі жеңімпаз болып, информатикадан облыстық олимпиадалық жарыста ІІІ орынға ие болды.
«Ғылымға әркімнің-ақ бар таласы» дегендей, білімпаз шәкірт «KazRobotics – 2018» облыстық деңгейдегі байқаудың қатысушысы. Ал 2019 жылы жас ізденуші «My Robot – 2019» облыстық сайысында І орын жеңімпазы атанды.
Білім мен ғылым саласында толағай табысқа жетіп жүрген дарынды шәкірт өнер бәйгесінде де алдыңғы қатардан көрініп жүр. Республикалық ұлттық «Бала дауысы – 2018» балалар ән байқауының ресми қатысушысы дипломымен марапатталған.
Сабақтан тыс кездері шахмат ойнау, домбыра тарту, ән айту – оның сүйікті істері.
«Арманым – гимназияны «Алтын белгіге» бітіріп, жоғары оқу орнына түсіп, қалаған мамандық иесі ретінде еліме адал қызмет ету», – дейді отбасының тұңғыш перзенті өз сөзінде.
Інісі Азамат пен қарындастары Асылжан мен Ақботаның үлгілі ағасы Арманның әлі де шығар биігі алда.
Ең бастысы, өмірдің өзіңе ұсынар сыйынан қапы қалмай, ұлтыңның ұлы баласы бол, Арман! Келешек кемеріндегі даңғыл жолың дара болсын!