Муханбедина Айзада

Рейтинг:


«ҚАСИЕТ ҚОНҒАН МАҢҒЫСТАУ – МАҚТАНЫШЫМ!»

      «Ашық аспан астындағы мұражай» аталып кеткен Маңғыстау атты өлкенің ежелден  қасиетті аймақ, қазыналы мекен екені баршаға  мәлім. Ежелгі өркениеттің көзі болған бұл аймақта 11 мың тарихи ескерткіш, қасиетті 362 әулие бар. Тіпті, киелі Бекет  Ата туралы халық арасында  мынадай аңыз бар. «Бірде Бекет Ата мен оның жолдасы екеуі көшіп келе жатқан кезде, досы құз жардан түйесімен құлап кетеді екен. Дәл осы сәтте, жолдасының  жан ұшыра «Уай, Бекет»  деген сөзі шыққанда, Бекет Ата оны түйесімен бірге құтқарып қалады.  Бірақ жолдасы  оның қасиетіне сенбей, күмәнданады. Күмәнмен қараған жолдасына Бекет Ата шапанын шешіп, арқасын көрсеткен сәтте, арқасында түйенің төрт табанының ізі тұрады». Міне, осындай киелілер қоныс тепкен бұл өңір  қасиетті аймақ аталып кеткен. Осындай қасиет пен қыдыр қонған өңірдің жастары да осал болмаса керек-ті. Білім мен танымдық сайыстарда топ жарып көштің алдын бастап келе жатқан жалынды жастарымыздың легі күн санап артуда. «Қазыналы туған топырағымды мақтана жырлаймын», – дейді маңғыстаулық талантты жас Айзада Нұрқуатқызы.  «Ежелден батыр деген атағы бар, Қасиетті Алаш деген ұраны бар. Қазағым рухы сөнбес, туған елім, Әрқашан биік болған намыс пен ар» деп, шабыттана жырлаған жас ақын Муханбедина Айзада  2006 жылы 4 сәуірде дүниеге келген.
      «Туған жер мен отбасы – киелі ұғым» деп,  перзенттерінің  жанына ұғындырып отырған құрметті атасы Танбаев Муханбеди мен мейірімі шуақ шашқан әжесі Аманова Бақытжан, қайсар мінезді әкесі Танбаев Нұрқуат пен аяулы анасы Туракбаева Роза Айзада қыздарының әр бастамасына қолдау танытып, оны мақтан тұтады. Соңына ерген інісі Мұханбеді Нұрбек те көмек қолын созып, бауырмалдық танытып жүр. Атасы мен әжесінің тағылымды тәрбиесін «Айналайын» балабақшасының озық үлгісімен жалғастырған Нұрқуатқызы Айзада – Жетібай аулы №4 орта мектебінің 8-сынып оқушысы. 
      Жетістігі: Бастауыш сынып оқушыларының пәндік олимпиадасында қазақ тілі пәні бойынша І дәрежелі Диплом жеңімпазы;  Аудандық бастауыш сынып оқушыларының ІХ олимпиадасында қазақ тілі пәні бойынша ІІІ дәрежелі Диплом жүлдегері;  Қоғамдық-гуманитарлық бағыт бойынша 5-6-сынып оқушыларының аудандық олимпиадасында қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша І дәрежелі Диплом жеңімпаазы; Жаратылыстану-математикалық бағыты бойынша 7-8-сынып оқушылары арасында мектепішілік география пәні бойынша І дәрежелі Диплом жеңімпазы;  8 Наурыз – халықаралық әйелдер мерекесіне орай «Фариза балалар әлемінде» мерекелік кешінің арнаулы Диплом иегері;  «Мұқағали – мәңгілік жыр» атты көркемсөз оқу сайысының ІІІ дәрежелі Диплом жүлдегері. 
      Сүйікті ісі: Ақын-жазушылар шығармаларын мәнерлеп оқу. Таза ауада серуендеу.
      Арманы: Жасампаз қазақ елінің білімді жастары қатарында ел өркендеуіне өз үлесін қосу. 
 
Жер бетіндегі ең аяулы жан – Ана
 
      «Анасы бардың панасы бар» деген сөз текке айтылмаған. Ана жер бетіндегі барлық жандар үшін ең қымбат жан екені даусыз шындық. Ананың күлімсіреген жанары – әлемдегі ең керемет көрініс, ал аялы алақаны – перзенті үшін ең жылы және ыстық екені бәріне аян. Тар құрсағын кеңітіп, тас омырауын жібітіп, тоғыз ай құрсағында көтеріп, баласына жарық дүние сыйлайтын Анаға тең келер жан бар ма?! 
Сәбиі дүниеге келген соң, ғазиз ана оны аялап-әлпештеп, ақ сүтін беріп, түн ұйқысын төрт бөліп, бар махаббаты мен жылуын сыйлап, бар тәттісін аузына тосып, мәпелеп өсіреді. 
      Әйтсе де, кейде біздің анамыздың қадірін білмей, көңілін қалдыратын кездеріміз де кездеседі. Анамызға дауыс көтеріп сөйлеп, бізге деген қамқорлығын елемей, бос әңгіме санап, оған қарсы шығамыз. Тіпті «түһ, қойшы енді, жетер» деген тәрізді ауыр сөздерді айтып, көңілін түсіріп, жабырқауына себеп боламыз. Барлық аналар пезентінен ауыр сөз естігенде, балаша мұңайып, қапаланып қалады. Сонда да ұл-қыздарын жамандыққа қимай, іштей кешірім береді. 
      Біздер Ана алдындағы парызымызды ешқашан ұмытпауымыз керек. «Анаңды Меккеге үш қайтара арқалап апарсаң да, мойныңдағы қарызыңды өтей алмайсың» деген сөзді санамызда сақтап, жүрегімізбен түсінгеніміз жөн.
      Базбіреулер ата-анасының бай болғанын қаласа, біреулер тек бар болғанын қалайды. Мен де ата-анамның бар болғанына, олардың жылуына бөленіп өсіп келе жатқаныма қуанамын. Себебі, ата-ана перзентінің қо қанаты, тірегі емес пе?! Тірегінен айрылған жан қалайша жетістікке жетпек?!
      Ананы қастерлеп, әкенің қадірін білсек қана, біз үшін бақыт қақпасы мен жетістіктің даңғыл жолы алдымыздан ашылады деген пікірдемін.




Оставить комментарий
  • Ваше имя*:

    E-Mail*:

  • Комментарий*:

  • Подтвердите что вы не робот - [] *:

Последние новости