«ӨНЕРЛІНІҢ ӨРІСІ КЕҢ»
Жас ұрпаққа тәлімді тәрбие беріп қана қоймай, өмірдің сан тарау жолында бағыт-бағдар беру – ата-ананың бұлжымас парызы. Отбасында өнегелі тәлім алып, тарауы мол белесті жолға өжеттілігі мен білімділігін серік етіп шыққан дарынды балауса Жасыұзақ Інжу – тумысынан ерекше көркем мінездің иесі. Ол – даналықтан дән алатын, білімнен бақыт игілігін іздейтін ұлы халықтың жалғасы. Өнегелі отбасының перзенті. Нұр-Сұлтан қаласындағы №51 мектеп-гимназиясының 2-сынып оқушысы.
«Адамның ой-зердесі қаншалықты биік болса, оның тұғыры да соншалықты биік болмақ» дейді арда туған қазақ халқы. Балалықтың бал дәмін татып, орта білім алу кезеңдерінде ілім баспалдақтарынан сүрінбей, талмай өту, жетістік мінберінен көріну – барша жас буынның арманы. Жас ұрпақтың білім жолында үздік, өнерде мәдениеті жоғары, талғамы мен парасаты биік болса, ондай жанның биік асулар мен шынарлы шыңды бағындырары сөзсіз. Сондай талантты, өнерлі жас буынның қатарында дарынды балауса Кудиретқызы Інжу де талаптанып келеді. Ол 2012 жылы 20 шілдеде Алматы қаласында, шаңырағын қуанышқа бөлей дүниеге келеді. «Немере балдан тәтті» деп, немерелерінің қуанышы мен табысына шаттанып жүрген қос қазынасы, атасы Қалманов Жасыұзақ пен асыл әжесі Ибрагимова Ұлбосын, «Қызым менің – қырмызы қызғалдағым» деп, әкелік мейіріміне бөлеп, маңдайынан сипайтын ардақты әкесі Қалманов Құдірет пен аяулы анасы Абдикаримова Айнұр, ақылшы әпкесі Зере, інілері Әбдірахман мен Һидаятулла жас суретші, дарынды балауса Інжуді мақтан тұтады. Үнемі отбасылық мейірімге бөлеп, жетістіктеріне марқайып отырады.
Өнерді ұлылық, жас баланы болашақ тұлға деп таныған көрегенді елдің ұлылары «Өнерлінің өрісі кең», «Білім – сарқылмас байлық» деп текке айтпаса керек. Оның дәлелі дарынды жастың, білімде бәсекеге қабілетті, өнерде таланты мен шығармашылығы келіскен талантты оқушы Жасыұзақ Інжудің жеткен жетістіктері. «Бастауышым – балбұлағым, мәңгі жансың шамшырағың» деп әндете шырқаған дарынды шәкірт бастауыш сатысында жүріп-ақ сынып мақтанышына айналып жүр. Біліммен қатар би әлеміне де қадам басып, алғашқы табыстарына қол созған.
Жетістіктері: 1-7-сынып оқушылары арасындағы Республикалық «Зерде» балалардың зерттеу жұмыстары мен шығармашылық жобалар конкурсының қалалық кезеңіндегі биология секциясы бойынша ІІІ дәрежелі Диплом жүлдегері; «Керім-ай» би ансамблінің «Би әлеміне алғашқы қадам» куәлігі иегері атанды.
Сүйікті ісі: Сурет салу. Шығармашылық жұмыспен айналысу.
Арманы: Суретші болу. Биші болу да – аппақ арманының бір тармағы.